Бұған кім жауап береді?

15.08.2017
Қаралды: 427

Егер жасың 55-те болса, зейнетақы қорындағы ақшаңның көлемі 7-9 миллион теңгеге жетсе, оны алып пайдалануыңа болады екен.

Бұрын бұл сома 2-3 миллион болса жеткілікті дейтін. Енді осылай өсіріп қойыпты. Бұл теңгенің қаншалықты құнсызданғандығының көрсеткіші ме, әлде қарапайым халыққа «1998 жылдан бері жинақтаған ақшаң өлсең де бұған жетпейді, ал, өле қал!» дегені ме, ол жағын білмедік. Қалай болғанда да пенсияға шығып болғанша теңге де тұралап, тиынға айналатын түрі бар. Тиын күйінде тұра ма, тағы да жемқорлардың жемсауына түсіп құри ма, оған да кепілдік жоқ.

Жалақысы орташа, қызметі тұрақты қатардағы қызметкердің (55 жастан асқандар) жинаған ақшасы қазіргі күні 3 миллион ғана. Ал бүгінге дейін 7-9 миллион теңге жинап алғандар қазір қордағы ақшаларын алып жатқан көрінеді. Оны қордың жартыжылдық есебінде мәлімдепті. Сонда бізден 3 есе көп табыс табатындардың кім екенін де тұспалдауға болатын секілді.

Әлеуметтік осыншама алшақтық пен алалаушылықтың соңы немен аяқталарын бір Құдай білер. Десе де түптің түбінде осындай талан-тараждыққа кім болса о болсын, біреу жауап беруі керек қой.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.