Заң-айна

«Шурпа? Плов? Каурдак?..» – дейді қазақ даяшы жалаңдап

Қаралды: 270

Қайбір күні дәмханаға бас сұқтым. Үстелге отыра бергенімде сумаңдаған бір даяшы жетіп келді де, амандасып: «Ағай, не қалайсыз? Шурпа? Плов? Каурдак?..» – деп шұбырта жөнелді. Ары қарай әңгіме былайша өрбіді:

– Тоқта. Қоя тұр. Алдымен мынаны айтшы: сен өзі қазақсың ба?

– Иә, қазақпын.

– Онда неге маған орысша шүлдірлеп сөйлейсің? Жоқ әлде мен орысқа ұқсаймын ба?

– Жоқ, ағай. «Менюде» бәрі орысша жазылған ғой.

– Жазылса, тура солай айту керек пе?

– Тү-у, ағай...

– Не, ағай? Шырағым, сен – қазақсың. Ендеше, тіліңді шұбарламай, қазақша сөйле! Анаңның ақ сүтімен дарыған қасиетті ана тіліңді бұрмалау анаға қастық қылғанмен бірдей. Жоқ әлде сен сары орыстан кемсің бе? Қай жерің кем? Сен қазақ деген дүние жүзіндегі ең мықты да дана халықтың қызысың. Ұқтың ба?

– Ұқтым, ағай...

– Ұқсаң, сол. Екінші мәрте орысша шүлдірлесең, бұдан да зорын естисің. Ал енді «плов» емес, маған палауыңнан әкел. Шаймен қосып.

Бақыт ҚҰРАЛБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру