«Fortebank» ақпаратты растамай-ақ кредит бере сала ма?

08.08.2017
Қаралды: 672

«Fortebank»-тен «смс» келді. Алған несиең төленбей жатыр деп. Интернеттен телефонын тауып алып, сол бойда хабарластым. 

«Бұл не кредит? Несие алмақ түгілі банктің табалдырығынан аттап көрген емеспін», – десем: «Бөлімшеге келіңіз», – дейді.

Бардым.

– Пәленше Түгеншеев деген кім?

– Танимын. Туысым.

– Сол кісі 2017-жылдың сәуір айында 4 жылға несие алған. Бізге сіздің нөмірді берген...

Астапыралла! Ол кісінің мұндайы жоқ еді, бұл қалай болғаны деп тікелей өзіне хабарластым. Сөйтсем, туысым да кредит алмапты. «Құдай сақтасын!» – деп шошып кетті.

Бір үлкен бәленің басы шығайын деп тұрған сияқты. Сонда біздің мәліметтерді пайдаланып, атымыздан несие алған кім? Кредит сол туысымның атына рәсімделген де, байланыс құралына менің телефон нөмірім жазылған.

Несие берерде неге сол нөмірге қоңырау шалып, анық-қанығын білуге тырыспаған банк қызметкерлері? Маған неге қоңырау жетпеді? Осы нөмірдің иесі сіз бе, несие алынып жатқанынан хабардарсыз ба, қарсылығыңыз жоқ па деп неге сұрамаған?

Сонда «Fortebank» қолына түскен ақпаратты растамай кез келген адамға кредит бере салатын қаржы ұйымы ма? Банк әкімшілігі мұны қалай түсіндіре алады?

Ресми жауап күтемін.

 Нұрболат ТУЫСБАЙҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ