Заң-айна

Қазақ қызы өзге ұлт өкілімен аймаласып тұр...

Қаралды: 349

Алматы. Құрманғазы мен Желтоқсан көше­ле­рінің қиылысында қазақ қыз бен «бөтен жігіт­тің» (басқа ұлт) аймаласып тұрғанын көр­генмін таңертең. 

Сосын түс қайта дәл осы жерден бас­қа қарындас пен басқа «бөтенді» тағы байқадым. Ыстық сезімнің ықпалынан арыла алмаса керек, бір-біріне сүліктей жабысып, шөлін қандыра аймаласып, махаббаттан бастары айналып тұр.

Әрине, мұның бәрі де жеке бастың мәселесі ғой. Қатысым болмағандықтан бұлардың жеке тірлігіне араласуға құқым да, қызығушылығым да жоқ. Тек бір ғана нәрсе алаңдатады. Елімізде осындай интер-жұптар (әсіресе қыз біздікі, жігіт басқа ұлттың өкілі) тым көбейіп бара жатқан жоқ па?

Айналаңызға қараңызшы. Басқаны қайдам, мен екіұдай сезімде жүрмін.

Серік Абас-Шах.

Полицияның аңдығаны қауын-қарбыз артқан көлік

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қа­ласына барып кайттым. Жаз кезі, көкөніс, бақша өнімдерінің науқаны. Шаруалар еңбегі, оны тасушы көлік жүргізушісі болмаса, кім бізге әкеледі? Адам еңбегін әлі бағалай алмаймыз.

Сарыағаш ауданының жолы тола полиция ма­шинасы. Сонда ол ең қауіпті аудан болғаны ма? Жолаушылар полицияны көріп, жүргізушілердің соры дейді. Неге полиция туралы жөнді сөз айтпайды?

Мақтаарал ауданының жүк машиналары тұр­ған жерінде көлік инспекциясы да жүр. Бәрінің аңды­ғаны – қарбыз-қауын тасыған машина. «Статья болса, қылмыскер табылады» дегендей, полиция болса, қылмыскер табылады.

«Қойшы көп болса, қой арам өледі» дегендей, санына жете алмай қалдым, қажеті не сонша поли­цияның, жүргізушілерді шошытып, қалтасына түсіп? Олар жұмыс істеуге мүмкіндік беруі керек қой.

Жарқынбет Сейтінбет.

Мұздатылған су жылы судан қымбат бола ма?

Ішетін су алмақ болып дүкенге кіргенмін. Менен алдын кірген танысым екі «Кока-кола» сусынына ақша төлеп жатыр екен.

«Екеуіне 300 теңге төлейсіз», – деді сатушы бозбала. Оны көргесін мен де тоңазытқыштан мұздатылған екі «Кола» алып, сатушыға 300 теңге ұсына бердім. Сатушы ақшамды алмас бұрын екі «баклашканы» алақанымен қысып-қысып көрді де: «300 емес, 360 теңге төлейсіз», – деді. «Неге? Менен алдыңғы адам 300 теңге берді ғой?» – десем, «Сіздікі – мұздатылған су. Тоңазытқыштан алдыңыз.  Онікі болса, мұздатылмаған су еді. Мұздай су қымбаттау болады», – дейді. «Е-е-е, ондайы да бар ма еді?» – дедім де, сұраған ақшасын бердім.  «Солай. Біліп жүріңіз», – деді сатушы бозбала мені ұялтып.

Сыртқа шықсам, манағы менен алдын су алған танысым көлігіне отырып, енді қозғалғалы жатыр екен. «Мін, үйіңе жақындатып тастайын», – деді ол. Көлігіне жайғасып алғасын қарап отырмай, дүкендегі жәйтті айта отырдым. «Холодильниктегі су қымбат болады екен ғой. Енді біліппін», – десем: «А-а-а. Қанша теңгеге алдың?« – деп сұрайды. «360 теңгеге», – деп расын айттым. «Қой? Мен де сондай мұздатылғанын алдым, бірақ 300 теңге төледім ғой. Сені алдаған ғой ол жүгермек», – деді ол. «Рас па?» – дедім. «Рас, әрине. Сені алдап неғылам?» – деді танысым. «Ай, Мықа-ай, – деді сосын күліп. – Ауылдағы сатушыға алданып жүрсің, қалаға барсаң тошны тоналады екенсің».

Шынымен де мұздатылған су мұздатылмаған судан гөрі қымбат бола ма? Елу градус ыстығы бар жерде тұрсам да соны әлі күнге дейін білмейді екенмін.

Мықтыбек ОразтайҰлы.

Сасық вокзал

Бүгін Шымкент теміржол вокзалына бардым. Фойесі өзгерген. Дәлірегі, жолаушылардың қол жүгі мен ба­гажын тексеру ережесі күшіне енгелі (1-сәуірден болуы­ керек, ұмытпасам) кіре беріс және шыға беріс есікке металлодетектор мен жүкті көруге арналған рентген сканерін қойыпты.­

Шатағы сол, банкоматтарды, киоскіні басқа орынға көшіріпті. Ол жақта дәретхана бар болатын. Әлі бар. Банкоматтар, терминалдар, телефон «зарядтайтын» құрылғы, жүк сақтау камерасы, постамат, дәріхана, киоск – бәрі-бәрі дәретхананың жанына орналасқан.

Вокзал іші ыстық. Мына қуыс коридорды нәжіс иісі алып кеткен. Сасып жатыр. Келім-кетім адам көп. Пойыз жүріп кеткен соң адам азайғаны бұл. Мүңкіген иіс адам үстіне сіңіп қалады.

Вокзал жұмысын реттейтін кім өзі? Дәретхананы басқа орынға көшірсе, не вентиляциясын дұрыстаса жөн болар еді.­

Жәнібек Нұрыш.

Бұрқыраған шаштың ортасында тамақ жеп отыр

«Самал» жақтың шаштаразысына бас сұғып, шашты күзетіп едім. Қатарласа бес-алты орында қызмет көрсетіп жатыр, әйелдердің шеберлері де аралас екен.

Өзі тар жерге үстел қойып, қолы бос шаштаразшылар тамақтануға кірісті. Екі орында шаш қырқылып, қырыққан сайын бастарын үрлеуікпен үрлеп жатыр. Көзге көрінбейтін майда шаш ауада қаптап ұшып жүр. Бірақ жас қыздар, келіншектер әлгі үстелдің басына жиналып, ортаға кесе-тәрелкемен ас қойып, салат турап, нан сындырып, тамақ жеп отыр.

Қатты ашуым келді. «Маска тағып істеңдер. Ас ішкені несі?! Өкпелерің мен асқазандарың шашқа толды ғой!» – деймін. Түсінбейді екен. Не деген бейғамдық яки сауатсыздық десеңізші! Қайта сөзімді жақтырмай тыжырынды кеп.

Серік Алданов.

Абайлаңдар, «Үш аяқ»!

Алматыда «Трёхножка» дегенді есітуші едім. Оны жол бойына орнатып қояды. Жылдамдық асып кетсе, автоматты түрде тіркеліп, айыппұл шығады.

Міне, сол аппарат Оңтүстік Қазақстан облысына да келді. Кеше танысым келіп: «Үш аяқ» деген пәледен балама 68 мың теңге айыппұл келіпті. Осының өзі заңды ма? Сендер білесіңдер ғой», – дейді.

Айыппұл түбіртегін көрдім. «Жылдамдық шектелген жылдамдықтан 40 шақырым асқан» деп көрсетіліпті.

Халықтың бейжайлығынан билік ойына келгенін істеуде. Тура осындай жылдамдыққа Ресейде біздің ақшамен шаққанда 2600 теңгедей төлейді. (Бұл жөнінде «Фейсбукте» жазылған).

Сайлау әділ өтіп, халықтың мұңын жоқтайтын адал депутаттар сайланғанда бізде де айыппұл аз болар еді. Сайлау әділ өтпей әділдік болмайды.

Бар күшті, талапты адал сайлауға бағыттайық! Парламенттен, Үкіметтен айыппұлды азайтуды талап етейік!

Жарқынбек Сейтінбет.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру