Заң-айна

Көшеміздің көркі қашты

Қаралды: 162

Менің Шымкентте тұрып жат­қаныма қырық жылға жуық уақыт болды. Кеңестік кезеңде әр көшеде қоғамдық негізде көше комитеттері сайланатын еді. 

Көше бойы мен әр үйдің маңайы, ауласының тазалығы, тіпті әр тұрғынның немен айналысып жатқа­ны­,­ тұрмыс жағдайлары, балаларының тәртібі солардың бақыла­уында болатын. Ол қарау­сыз қалған қарттарға көмек көрсету немесе қарттар үйіне орналастыру сияқты жұмыстарды да атқаратын.

Жоғарыда айтқандары­мыз­ға бір мысал: Шәбдікәрім Атабеков марқұм «СМУ-4» аумағына қарасты Чехов, Рахманбердиев (бұ­рынғы Готвальд), Мақталы көшелерінің комитет төрағасы болып қоғамдық негізде істеп жүргенінде көше бойында көлденең бір бұта жатпайтын. Ол кісі әр кезде үш көшені аралап, әр үйдің маңайы мен ауласын тексеріп, санитарлық тазалығын қатаң бақы­лайтын. Айтқанын жүре тыңдап, мойынсынбайтын тоңмойындар кездессе, дереу көше комитетінің отырысын өткізіп, шара қолданатын. Көше комитетінің қолдауымен ондайларға айыппұл салатын. Оған да көнбесе, тиісті органдарға шара көрілуін сұрап, қатынас-хабар түсіретін.

Марқұм Шәкең тіпті пәтер жалдап тұратындарды да жеке есепке алып, оның өзіне және пәтер иесіне тәртіптің сақталуын қатаң ескертіп отырушы еді. Қандай да бір жиындар өткізілетін болса, оған да алдын-ала баратын. Жастар арасында  ішкілікке әуестік немесе есірткіге тәуелділік жағдайды сезе қалса тиісті орындарға хабар түсіріп, алдын алып  жүрді. Учаскелік милиция өкілімен тығыз байланыс жасап, іс-шараларды бірлесіп жүргізді.

Шәкең еліміз егемендік алар алдында қайтыс болып кетті де, жоғарыдағы көшелер иесіздікке ұрынды. Мысалы, қазір Чехов көшесін қаладағы емес, алыс ауылдағы қиқы-жиқы көшелердің бірі ме деп қаласыз.  Белгісіз себептермен су жүйесінің өзі үш рет қопарылды. Абай ауданы су жүйесінің басшылары тендерді ұтып алғанбыз, енді жүйені бұзып, қайта жүргізуіміз керек деп әй-шайға қарамастан қопарып тастады. Тіпті кейінгі бір қопаруында әр үйден 18 мың теңгеден жинап та алды.

Қазір әр үйдің есептегіші жалпы орталық су есептегіш­ке қосылған. Кейде, әсіресе жаз айларында орталық есепте­гіш пен әр үйдің көрсет­кіші  елеулі айырмашылықты көрсе­теді. Соны жалпыға бө­ліп төлетеді.

Көшеге екі рет асфальт төселіп еді, әлгі қопарулардан кейін ол шұрық-тесікке айналып кеткен. Ары-бері жүрген автокөлік шаңынан кейін дем ала алмай, қол­қаңды шаң қаптайды.

Бақылаудың жоқтығынан кейбір жымысқы тұрғындар жолаушылар жолының үстіне құрылыс салып, көшені мүлдем тарылтып жіберумен бірге қыңыр-қисыққа айналуына бірден-бір себепкер болып отыр.

Осындай келеңсіздіктердің көбею сырын мен көше комитеттерінің жұмысы тоқтауынан деп түсінемін. Тұрғындардың көбі құрылыс қалдығы мен үй жануарларының қиын төгіп әбден ластап жіберген.

Тұрғындар арасында бұрынғыдай байланыс болмаған соң бүгінде маңайымызда кімнің тұрып жатқанын да біле бермейміз. Пәтер жалдау­шылардың бірі көшіп келіп жатса, енді біреуі көшіп кетіп жатады. Олардың қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын біреу білсе, біреу білмейді.

Өз басым біздің полиция учаскелік өкілінің кім екенін осы уақытқа дейін білмеймін. Әйтеуір заман тыныш болған соң ол да арқасын кеңге салып, бейғам жүрген болар...

Қысқасы, мен көше комитеттерін қайта құрып, жұмыстарын жандан­дыру керек деген ой білдіріп отырмын. Қоғамдық негізде жұмыс істейтін бұл ұйымның ешкімге және еш салаға салар ауырт­палығы жоқ. Қайта халықты қоғамдық негізде басқару және оларды күнделікті осы іске үйретіп, дағдыландыру – қазіргі таңда өзекті мәселе емес пе?

Қуаныш  НҰРМАШҰЛЫ,
зейнеткер.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру