Заң-айна

Хан қылышы табылды

Қаралды: 332

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қоры тағы да бір тарихи, аса құнды жәдігермен толықты. Қатарға болаттан жасалған қылыш қосылды.

Қылыштың сүйектен жасалған тұтқа-сабының төменгі бөліктері сынған. Жүзі аздап қара-қоңыр түске тотыққан. Жүзінің бір жағы ғана өткірленген. Көптеген кертпе іздері оның әскери қақтығыстарды бастан кешіргендігін көрсетіп тұр.

Қайқыланған пішіндегі мұндай қылыштарды қазақта жатаған қылыш деп те атайды. Қылыштың өткірленген жүзіне қарсы бетінің жарты түтік пішінді болып келуі оның соғыста жауды шабу үшін ғана емес, түйреу мақсатына да арналғандығын аңғартып тұр. Жүзі мен сабының түйіскен жері жезбен көмкерілген.

Бұл қылышты бірегей жәдігерлер қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін өзгеше белгісі бар. Қылыш сабының төменгі бөлігінде 1798-жылдан 1809-жылға дейін Қоқан ханы болған, Бұхара әмірлігінің соңғы билеушісі болған Әлім ханның аты жазылған жеке мөр бедері түсірілген.  Мұндай жәдігердің экспонат тұрғысындағы құндылығы жоғары болатыны белгілі. Өйткені бұған дейін хандар тұтынған заттар біздің қорық-мұражайда кездеспеген.

Болашақта аталмыш жәдігерге ғалымдарымыз тиянақты зерттеу жұмыстарын жүргізбек.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени

қорық-мұражайының баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру