Заң-айна

Мойнына қасиетті жазу түскен тай

Қаралды: 182

Таяуда редакциямызға Таран ауданына қарайтын «Набережный» ауылының тұрғыны Кен­жетай Жұбанышев деген аза­мат келді. Қасында Серік есімді ұлы бар.­

Кенжетай Қамысты ауданының Жайылма деп аталатын елді ме­кенінде туып-өскен, соңғы 14 жылдан бері «Набережныйда» тұрады екен. Бұрындары осы ауылдағы халықтың жеке малын бағыпты. Соңғы уақыттары өзінің жеке кәсібімен, жылқы шаруашылығымен айналысады.

Кенжекең бізге өзі бағып-қағып отырған екі жасар тай жайлы әңгімелеп берді. Бұл тайдың мойнында «Алла» деген жазу бар.

«Осыдан екі жыл бұрын түсімде әкем аян берді, – дейді Кенжетай. – Сонда «Алла» деген жазуы бар тай дүниеге келетіндігін білдірді. Сол түсім өмірде айна-қатесіз келді». 

Ол кісі 2004-жылы қатты ауырған екен. Буындары қақсап, ісіген, терісі түсе бастапты, кеуіп те кетіпті. Салмағы 30 килоға дейін түскен. Қанша дәрігерге көрінсе де ем қонбапты. Содан кейін 2015-жылдың қаңтарында бір топ адаммен қосылып, Түркістандағы киелі жерлерге зиярат етуге аттанады.

«Түркістанда жүрген күндердің бірінде ерекше түс көрдім. Түсімде әкем келінімнің дүниеге меңді ұл әкелетіндігін және бір биеміз үстінде қасиетті жазуы бар құлын туатынын айтты. Мен мұны ертеңіне үйдегілерге айтып бердім.

Арада бір ай өткенде екінші ұлым Беріктің әйелі Ұмытшақ атты келінім шекесі торсықтай ұл тапты. Расында да ол меңді болып туылды, мойнының оң жағында меңі бар. Оған Ырысхан деп ат қойдық.

Дәл осы жылы 4-маусымда өзіміз Арай деп атап кеткен көк бие құлындады. Одан сары түсті, оң жақ мойнында араб тілінде «Алла» деген жазуы бар құлын туылды. Араға бір ай салып құлынды суретке түсірдік. Содан кейін оны Тарандағы, Рудныйдағы, сосын Қостанайдағы мешіт қызметкерлеріне көрсеттік. Олар құлынның оң жақ мойнындағының «Алла» деген арабша жазу екендігін растады», – дейді Кенжекең.

Кенжекеңнің айтуынша, бұл тайдың жанында тұрып суретке түссеңіз, ол сурет шықпай қалады екен.

Кенжетай Жұбанышев биылғы 4-маусымда 60 жасқа толды. Өзінің «Құлыншақ» деп аталатын жеке шаруа қожалығы бар. Қарамағындағы 30-ға жуық жылқының арасында сауылатын биелер де бар. Олар күнделікті сауылатын қымыздан өздерінің ырыс-несібелерін  айырып отыр.

Кенжекеңнің Құдай қосқан қосағы Рыскүл де бейнетқор. Үлкендері Серік Қостанайда, екінші ұлдары Берік келіншегімен Рудный қаласында тұрады. Одан кейінгі қыздары Әсел және сүт кенжелері Алмат та әулеттің қуанышы болып отыр. Кенжетай мен Рыскүл осы перзенттерінен 5 немере, қыздан екі жиен сүйді.

...Кенжетай Жұбанышев қолдарындағы ерекше тайды Қостанай өңірінен немесе басқа жақтан пейілі кең, ізгі ниетті адам табылса, соған сеніп тапсырмақ ниетте екенін айтты.

Енді көп өтпей-ақ мұндай ерекше жылқы баласын алуға ниет еткен адам ел ішінен табылып қалатын да шығар деп ойлаймыз. 

Оразалы ЖАҚСАНОВ.

Қостанай қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру