«Облвоенкомат» бастығы парамен ұсталды

20.06.2016
Қаралды: 2018

Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Ғалымжан Жантөрин пара алу үстінде қолға түсті. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның баспасөз қызметі хабарлады. 

Ұлттық бюро департаментінің хабарлауынша, Ғ.Жантөрин Ақтөбе облысындағы аудандық қорғаныс ісі жөніндегі бөлім басшыларынан үнемі пара алып отырған. Оның солар арқылы медициналық тексеруден кедергісіз өткісі келгендерден, әскери-техникалық мектепке түсушілерден, әскерге бару мерзімін кейінге шегеруді өтінгендерден, өзіне «қамқорлық» көрсетуді сұраған әскерилерден пара алуды жүйелі түрде жолға қойғаны анықталыпты. Жантөрин бүгінде Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау абақтысында отыр, үстінен қылмыстық іс қозғалған.

...Жалпы, «военкомдардың» парамен ұсталуы бір бұл емес. Осыған дейін де бірнеше оқиға белгілі болған. Мысалы, биылғы қаңтарда Қостанай қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасына қарасты әскерге шақыру бөлімінің бастығы 300 мың теңге парамен ұсталған болатын. Капитан шеніндегі бұл азамат әскерге бармаған біреуге әскери билет дайындап бермек болған. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам аудандық қорғаныс істері бөлімінің әскерге шақыру қызметінің басшысы 35 мың теңге парамен қолға түскен еді. Ол бұл ақшаны әскерге шақырылған адамды одан «құтқару» және оған әскери билет дайындап беру үшін алыпты. Бұлар жөнінде біз кезінде газетімізде жазғанбыз.

Бұл – белгілі болғандары ғана. Мұндай «бизнесті» жақсылап жолға қойып алған талай «военкомдар» өздерін ұсталмайтындай сезініп жүрген шығар. Өйткені бүгінде әскерден қашатындар да, әскерге барғысы келетіндер де, әскери билетті сатып алуға әрекеттенушілер де жоқ емес. Сондайлардың шаруасы түптеп келгенде қорғаныс істері жөніндегі мекеме қызметкерлеріне барып тіреледі. Ал бүгінде мұндай мәселені ешкім де ақшасыз шешпейтіні белгілі. Кей «военкомдардың» парамен жиі ұсталуының басты себебі де, міне, осында жатқаны анық.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ