Қос Қайратқа сұрағымыз бар

08.07.2017
Қаралды: 733

Қаладағы «Алаш» базарына барған едік. Базар ішіне екінші мәрте қайтадан кіруімізге тура келді. «Охраналары» жалаңдап, кіру үшін 150 теңге талап етті.

Айтылған ақыны төлеген соң чек сұрап едік, қолымызға компьютерден өткізген тырнақтай ғана қағазды ұстата салды. (Бұл – барлық базардың маңындағы жағдай). Фискалды чек сұрап едік: «Оны бізге емес, базардың қожайынына айтыңдар», – деді. Содан күзетшіге: «Базар қожайыны кім, қайда отырады, неге чек бермейді – сұрап білейік», – дедім. Күзетші жол сілтеп, отыратын кабинеттерін көрсетіп жіберді.

Базар қожайыны кім демессіз? Оны Оңтүстік жұртшылығының жартысы біледі десем, қателеспеспін. 2012-жылдың 27-сәуірі мен 2013-жылдың 27-мамыры ара­лығында Шымкентте әкім болған Қайрекең екен.

Бүгінде белді бизнесмен, құрылыстың жілігін шағып, майын ішіп отырған, талай қаланың ажарын кіргізген нысандардың қожасы, үйлер мен ғимараттардың қожайыны Қайрекеңнің кезінде талай жиындарда халықтың пайдасына жұмыс жасауды насихаттап жүргенін білеміз. Ал енді ше?

Базарларға кіріп-шығатын көліктердің санын есептеп тауыса алмайсыз. Бірақ сол көлік жүргізушілерге тілімдей қағаз беріп, 150 теңгені «қағып» алып отырғанда неге қаланың бюджетіне түсіруді ойламады екен?

Салықтан жалтарып отырған биз­нес­мендер жетерлік. Барлық базарлар маңын­дағы автотұрақтар өздерінше заң шығарып, фискалды чек талап ете қалсаң, тиісті орынға жайғастырмай әуре-сарсаңға салып қоятыны тағы бар.

Сонда заң аясында жұмыс жасауға не кедергі? Салық органдарындағылар бұл жағдайды өздері де көріп-біліп жүр. Бірақ «Көрмес түйені де көрмес» дегендей отырса кімді кінәлап, кімнен араша сұрайсың? Тапталып жатқан құқығыңды кімнен талап етпексің? Қалтаға кетіп жатқан қаражатты заңдастырса, ол қазынаға құйылар еді.

Кезінде базарлар қауымдастығының өз президенті болған еді. Білуімше, қате­леспесем, қазіргі облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев болатын.

...Базарлардағы «бы­лықтарды» бес сау­­сағындай білетін қос Қайрат туралы алда тоқ­талатын боламыз.  Егер қосар ой-пікіріңіз болса, бізбен бірге бо­лыңыздар!

Анар СҮЛЕЕВА.

(«Фейсбуктегі» парақшасынан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!