Заң-айна

Көп әйел алу керек пе, керек емес пе?

Қаралды: 803

Соңғы уақыттарда біреулер қолдап, біреулер қарсы болып, енді біреулер «бәрібірдің» кейпін киіп, бірақ көпшіліктің тілінде, көкейінде жүрген, 

әлеуметтік маңызға ие болуға бағыт ала бастаған қоғамдық-саналық проблема – бірнеше әйел алу және оның моральдық, құқықтық мәселесі.

Өскелең ұрпақтың тәрбиесінде, азаматтық қалыптасуында ойып алар орны бар, қоғамның әр мүшесіне тікелей қатысы бар, көпшілік пікірінде қарама-қайшылыққа толы бұл мәселе қоғамдық-психологиялық логикаға сәйкес шешуін таппаса, түбінде саналық-идеологиялық дағдарысқа әкеп тірейтіні хақ. Құқықтық талап өз дәрежесінде орындалмаса, мемлекеттің негізі мен тірегі болып мойындалатын жанұя және неке мәселесінде құқықтық міндеттілікті орындау немесе орындамау еркеккіндіктілердің өз еркі болса, онда не болды? Қазақта еш заманда болмаған ажырасу «рекорды», бала-шағасын тастап кету мен алимент төлемеу деңгейлері сүйегін тастамайтын да қорламайтын халықта қай уақытта болып еді? Осы, тағы басқа да айтылмыш мәселедегі «бардак» бізде қай дәуірде әлеуметтік дәрежені алқымдап еді?

Үлкенді-кішілі пікір алмасулар барысында осы мәселе турасында менің жеке пікірімді сұрап, нақты жауабымды сұрайтын кездер де жиі кездеседі. Сондықтан осыдан бастағаным жөн болар.

Мен материлдық мүмкіндігі мен  моральдық бет-бейнесі таза және жеке өміріне өте қажет азаматтың екінші жанұя құрғанын шын пейілмен қолдаймын. Егер шын мәнінде айтылған шарт пен қажеттіліктен туындаса (қа­тын­құмарлықтан емес). Қажеттіліктен гөрі қатынқұмарлық басым болған жағдайда бәрібір босағасы берік, уығы сенімді, шаңырағы еңселі болмайды. Ондай жанұяда береке де, болашақ та бола қоймайды. Екі ортада туындайтын түрлі жанұялық проблемалардың қайнар көзіне айналады.

Сондықтан да мемлекетіміздегі жанұя мен неке туралы заңды не қайта қабылдап, немесе, іс-қимылдағы нұсқасына түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет сияқты. Қазіргідей бір көзбен қарасаң аталмыш заң бар сияқты, екінші көзіңмен қарасаң ол жоқ сияқты.

Неке, жанұя заңын жаңадан түлету барысында, біріншіден, екінші (үшінші) жанұяның құқықтық талабын, жұбайлардың жауапкершілігін, бала-шағасы, мемлекет алдындағы міндет­терін теңестіру арқылы  олардың легитимдігін, моральдық статусын қамтамасыз ету қажет. Өткен замандардағыдай бәйбішені биік қойып «қоңқылдататын», тоқалды шөмішімен «тоң­қылдататын» феодалдық қоғамдық қа­тынаста емеспіз. Неке де – бейресми діни емес, ресми мемлекеттік акт.

Екіншіден, «азаматтық неке», «діни неке» деп заңсыздықты ақтататын түсініктерге құқықтық анықтама және баға беру керек. Қазіргі заңда ондай атымен жоқ. Бұл түсініктер оң ба, теріс пе? Моральдық-құқықтық құндылықтарға сәйкес пе, жоқ әлде, қарама-қарсы ма? Ф.Энгельс кезінде «азаматтық неке» түгілі есеппен тұрған заңды некенің өзін сайқалдық деп есептеген. Ол кісінің пікірінше, сай­қалдар тәнін күнде сатады. Ал есеппен некеге тұратындар да сатады, айырмасы күнде емес, тек бір-ақ рет, өмір бойына сатады.

 Саяси-құқықтық тұрғыдан да мен түсіне бермейтін бір жайт бар. Біздің Ата заңымыздың кезінде жоғарыдағы осы проблема айтылмайтын да уақытта американ, француз конституцияларының идеялары негізінде қабылданған. Оларда  әлімсақтан бері алғашқы қауымдық  қатынастың полигамиялық жанұядан моногамиялық жанұяға өтке­нінен бастап бір ғана әйел алу тәртібі салтанат құрған. Көне Рим құқықтық үрдісі де, кейіннен орын алған христиан дінінің талабы да осыған негізделген. Сонда біздің қолданыстағы конституциямыз бізге полигамиялық жанұя дегенге ұқсай бермейтін, дегенмен бір еркекте бірнеше әйел бар жанұялық жүйеге құқықтық мүмкіндік берер ме екен? Бұл мәселе де зерттеуді қажет ететін сияқты.

Қазіргі кездегі көптеген пікірлер бойынша екі не онан да көп әйел алу мүмкіндігі демографиялық проблеманы, ұлттың санын көбейтуді шешуге ықпал етеді екен. Қос қолдап-ақ қолдайтын жол. Десек те, ойланатын да жайт бар. Посткеңестік ширек ғасыр мерзімінде ала тақиялы көршілеріміздің саны экономикалық мүмкіндігі мен нәтижесі бізден оқ бойы төмен болса да біз армандамайтын да көрсеткішке өсті. Өз ішіміздегі «өз ағаларымыздың» саны да өсу үстінде. Демек, «бір қатынмен» де демографиялық көрсеткішті ойдағыдай дәрежеге көтеруге болады екен ғой! Сонда біздің қай жеріміз кем? Осы «кемдігіміз» толып жатқан әлеуметтанушыларды, психологтарымызды, философтарымызды ойландыра ма екен? Ойландырса, онда неге осы уақытқа дейін көпшілік ғылыми зерттелген, негізделген, дәлелденген осы сұрақтардың жауабын білмейді?

Қалың жұрттың аузында жүрген тағы бір проблема, ол – бойдақ жігіттерімізбен салыстырғанда басы бос қыздарымыздың саны 2 – 2,5 есе көптігі. Бірнеше әйел алуды моральдық және құқықтық тұрғыдан ақтап, осындай мүмкіндік беріле қалған жағдайда ойдағы мақсатымыз жүзеге аса ма, аспай ма, оны білмедім, бірақ ойына не себепті күйеу жігіттеріміздің саны қалыңдықтарымыздан өте-мөте аз, ұлдарымызға топалаң тиіп пе еді өзі деген сұрақтар келіп жүрген мен ғана емес шығармын.

Статистикалық көрсеткіштерге сенсек, туылған кезде ұлдар саны қыздардан кем болмайтын көрінеді. Тіпті біраз көптеу де екен. Проблеманың басы бірден-ақ басталатын көрінеді. Ұлдардың шетінеуі көбірек екен. Онан соң аурудан кетеді. Кейін саламатты тәрбиенің төмендігінен темекі, ішкілік, нашақорлық, онан соң төбелес, түрмеге түсу, бірлі-жарымы әскерден қайтпау, шетелге кету, басқа ұлтқа үйлену, жанұя құруға мүмкіндік бермейтін ауруға ұшырау, тағысын-тағылар  өз дегенін істетіп, жоғарыдағыдай сандық дис­прапорцияға алып келеді екен. Бірақ бұл себептер – табиғи емес, әлеуметтік негіздегі проблемалар қатарындағылар. Сондықтан шешілуі әбден мүмкін әрі міндетті медицина, құқық, тәрбие, идеология, тұрмыс салаларындағы мәселелер.

«Көш жүре түзеледі» дегендей, алдымызда тыныштық, мамырақан заман болса, жоғарыда айтылған өтпелі дәуірдің ауыр жүгі шешуін табар. Сол кезде айтылмыш полемикадағы бір­неше әйел алу немесе алмау туралы кереғар пікір алаңы өзі­нен-өзі күн тәр­­тібінен алас­­­тар. Әзірге шамасы келіп, өткір қа­жеттілік қи­наған азаматтарды мо­ральдық және құқықтық жағынан қолдағанды дұрыс деп есеп­теймін.

Сапарбек  САХОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #2 Қазақ әйелі 01.07.2017 05:08
Әйелдердің құқын барынша таптап,ерлерді аса жөнсіз парасаттап өмір сүргілері келеді кей азаматтар. Санасы сонша төмен деңгейдегі азаматтардың көзқарасы неге көпшілікке ортақ болу керек. Бірінші әйелмен неге заңды ажыраспасқа. Әділ қамтамасыз етпеске.Әлде ұрланған мүліктің бәрі сол әйел мен балаларына жазылып, содан айрылып қалу қаупі бар ма. Бұл саясатты ұсынып жүргендерге бір ауыз сөз: қыздарыңыз бен немерелеріңізді тоқалдыққа беріп, мінеки деп шын ниет-пейілдерің ізді дәлелдеңіздер. Әйтпесе, шет елде рахаттанып өмір сүріп жүрген олар сіздердің мұндағы ақылсымақ әңгімелеріңізде н бейхабар екеніне күмәнім жоқ.
Дәйек алу
 
 
0 #1 Unknown 27.06.2017 11:51
Алу керек. 25 жылдың ішінде бар болғаны бірақ миллионға көбейдік ал қазақтың саны он миллионға əрең жетеді.
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру