Заң-айна

Елбасының курстасы неге ренжіді?

Қаралды: 607

Шымкентте ке­зінде Президент Н.Назарбаевпен Днепро­дзержинск қаласында бірге оқы­ған бірнеше аза­маттың тұратыны белгілі. 

Солардың бірі – Тельман Спа­ев туралы кезін­де газе­тімізде мақала жарияланғанын да оқырман біледі. Міне, сол Тельман қария кешегі бейсенбі күні редакциямызға телефон шалды.

«Астанадағы әуежайға Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілгенін естіп, екіұдай сезімде отырмын, – деді Тельман қария. – Мұны мен кейбір жағымпаздардың ісінің нәтижесі деп білемін. Соған іштей ренжулімін. Бұрын комсомолда істеген бірер жағымпаздар бар, осындай бастамаларды солар шығарады. Осыным қалай болар екен деп жұрттан ұялмайды да.

Негізі Нұрсұлтанның абырой-атағы бір басына жетеді ғой. «Подхалимдер» оның абыройын бұлайша асырмай-ақ қойсын. Қайта атына көлеңке түсіріп жатыр. Негізі оның атын бұдан үлкен нысанға  берген жарасады емес пе?

Депутаттар Астана әуежайын еліміздің дарбазасы, оған Президенттің атын берген дұрыс деп жатыр. Енді бәріміздің дарбазамызға Нұрсұлтанның атын жазып қоюымыз қалды ма? Жағымпаздар мен парықсыздар  шектен шығып бітті әбден. Назарбаевтың атын кез келген нәрсеге қоя береді.

Өткенде біреудің джип көлігіне «Нұрсұлтан. Қожа» деп жазып қойғанын көріп, көлік иесіне әбден ұрыстым, мұның ұят болатынын айтып, жазуын өшіргіздім. Жөн-жосықсыз бұлай ете беруге болмайды ғой.

Жалпы, менің жоғарыдағы аталған жайға орай өз пікірімді білдіргім келді. Бұл айтқандарымды газеттеріңде жарияларсыңдар деп ойлаймын».

Тельман қария осылай дейді. Бұл ол кісінің жеке пікірі. Бүгінде «Президенттің курс­тастары» қорын басқарып отырған қарияның Н.Назарбаевты жоғары бағалайтыны белгілі.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру