Заң-айна

Жұрт бір зауыт салса, ал сен екі зауыт сал

Қаралды: 235

Негізінде адамның өсуіне өзгеден гөрі өзінің ішкі «жаулары» көп кедергі келтіреді. Оны жеңу де оңай емес. 

Ал өзгені емес, өзін жеңген адамды мықтылардың қатарына қосуға әбден болады. Өзіңнің  ішіңде тұншығып жатқан көре алмау­шылық, өркөкіректік, менмендік секілді негативті қасиеттерді жеңгенде ғана Жаратушы сені жарылқайтын болады.

Біреуде шаруаң болмасын

Қай салада болсаң да, мейлі, ол өнер болсын, бизнес болсын, жаныңдағылармен жағаласып жүрме. Бі­реудің қайығына таяғымды тығамын деп әуреленіп бара жатқаныңда өз кемең­нің тоқтап қалуы мүмкін. Одан да бар күшіңді өз ескегіңе салып, өз қайығыңды қалықтат!

Қанша жерден сен мықты суретші бол, не том-том кітап жаз, не болмаса мықты бизнесмен бол, өмір деген айдында бәріміз бір-бір қайықпен арпалысқан бейшара пақыр пенделерміз. Әгәрки сен өзіңді басқадан мықтымын деп санасаң, онда сені Тәңірім Пайғамбар етіп жаратар ма еді, кім білсін? Айнаға дұрыстап қара да, ойлан. Айнадан пенде деген «пешканы»  көріп тұрсаң, тура сен сияқты тағы 6 миллиард адам жер планетасын алшаң басып жүргенін біл. Шамаң келгенше, санаң жеткенше өз өміріңді сүр. Басқалар не жеп жүр, не деп ән салып жүр, онда шаруаң болмасын. Сонда ғана өз кемеңнің жүрісі жеңілдейтін болады. Сонда ғана кәсібің де, абыройың да, атағың да, ақшаң да, басқаң да артатын болады.

Кез-келген істі бастағанда конкурентті ойлап бас қатырар болсаң, ол – сенің бірінші осалдығың. Өз ісіңді ғана ойла. Еңбектен. Ұйықтама. Жұрт бір кітап жазса, сен екі кітап жаз. Жұрт бір зауыт салса, сен екі зауыт сал. Жер-Ана берекелі, бәрімізге жетеді. Жер бетінде тамақ та көп, ақша да көп, айтар ән де, сөйлер сөз де жетеді.

Еш тарылмаңдар, қазақтар! Көре алмаушылықты қойып, көре алуды үйре­ніңдер! Жақсы көруді, жақсылықты көруді үйре­ніңдер. Сонда өмірлерің гүлденеді, әр күн мән мен мағынаға толы болады.

Сәл артқа шегініңдер, әйелдер!

Бір әйел жұмыс істемейтін байымнан жұмыртқа туатын тауығым артық деп жылап отыр екен. Бірақ ол қатты қателесіпті.

Әйел күйеуіне қандай көзбен қараса, бүкіл әлем ол жігітке солай қарайды. Егер күйеуім жалқау, сүмелек, байғұс, «неудачник» деп ойласаңыз, онда шаруа бітті. Күйеуіңнің күні бітеді.

Еркектер де әйелдер секілді, өзге бір табысты еркекті көрсе оны іштей жақтырмайды. Сол секілді өзге біреумен салыстырғанды да суқаны сүймейді. «Анау көршіні қарашы…» – деп айттың ба, бітті, өзі әрең жүрген жанға комплексті үйіп қойдым дей бер.

Бұған дейін айтқанымдай, екі адамды Алла қосады. Көп жағдайда ерлі-за­йыптыларды қарап отырсаң, Құдай қалай шатаспай қосқан дерсің. Ендеше, сол Құдай бере салғанды өзіміз­ден төмен санап, менсінбей, «Я была достойна лучшего» дегенді айтушы болма! Егер сен мінсіз ханшайым болсаң, Алла-тағала Америкадан болса да ақбоз атты ханзаданы тауып әкелер еді. Демек, сен осындай күйеуге лайық болғансың.

Өзгеден мін іздеп шұқи бергенше, өзіңді түзе, сонда ол да қарап қалмайды. Бір психолог: «Ерлі-зайыптылар біртұтас балық сияқты болады, біреуі бас жағы, екіншісі аяқ жағы», – деп айтып еді. Сөзінің жаны бар, кейде әйел бас болып кетеді, оны да дұрыс емес деп айта алмаймын. Себебі еңбекқор, тиянақты еркектер айтқанды істеп жүре береді, Ал негізі еркектің бас болғаны жақсы, ол үшін әйел саналы түрде «артқа кетуі» керек. Сүмірейіп, түк білмегенсіп, бар жауап­кер­шілікті еркекке артып қойсаң, өзі-ақ қозғала бастайды. Ер­кек эшалон тәрізді. енді қозғала бастаған пойызды кішкентай темірмен тоқтата салады. Ал бұрқырап, шуылдап келе жатқан пойыз темір тұрмақ, танкіні жұлып кетеді. Сондықтан енді қозғала бастаған 25 жастағы жаңа үйленген жігіттің алдына шығып, ақырып-бақырып сүйреп бара жатсаң, онда оны өлгенше сүйрейсің. Тоқта, артқа шегін дер едім. Әйелдерге.

Қазіргі бала бұрынғыдан басқарақ...

Қазір көп ата-аналар балаларын тежей алмай әлек. «Анау болмайды, мынау болмайды» деп шыр-пыр етіп өзін де баласын да  стреске ұшыратуда.

Ал бар дүниені жарат­қан Тәңіріміз заманына қарай адамын жасауды да ұмытпайтын сияқты. Кәрістердің жеген ащы тамағын қазақтар күн жесе, үш күннен кейін  асқазан жарасына ұшырауы сөз­сіз. Біз жеген етті басқалардың жей алмайтыны сияқты қазіргі балаларымыз да өз заманына шақ асқазанмен, мимен туылады ма деймін.

Жалпы, әркім баласын шамасы жеткенше, санасы кепкенше тәрбиелейді. Менікі дұрыс, тек мендей бол демеймін, менің де дұрыс емес жерім жетеді. Сондықтан мұны жай ғана ақпарат деп қабылдап, керек жері болса ғана алыңыздар. Тәрбиемнің бұрыс-дұрысын балаларым аман-есен өсіп, жетпіске жетсем жаза жатармын. Ал әзірге оқығаныммен бөлісейін.

Біз баяғыда бір ойыншықпен жылдар бойы ойнайтын бала болғанбыз, түтесі шыққан, ағаңнан қал­ған жұмсақ ойыншықпен ұйықтап, сонымен бір бұ­рышта күбірлеп сөйлесіп отыратын сүйкімді бала болатынбыз. Ал қазіргі бала бір көрген ойыншығын екінші рет көргісі де келмейді.

Бізді анамыз да, мұғалі­міміз де: «Бұрыш­қа тұр!» – десе қайтадан өздері шығар­ма­йынша сол бұрышта сүмірейіп ұйықтап қалатынбыз. Балама қазір бар, бұрыш­қа тұр десем: «Не істеймін онда? Ішім пысады. Бұрыштан басқа нәрсемен жазалаңызшы», – деп қиылып тұрады.

Бір психолог: «Бала – бұл дүниеге сенің идеалыңды құртуға, басқаға істе­геніңді алдыңа әкелуге, дұрыс дегеніңді бұрыс қылуға, міне­зіңді өзгертуге, ақшаңды азайтуға, миыңды жеуге, барыңды жоқ қылуға, шаршатуға, қартайтуға, азаптауға келген  адам», – деп айтып еді. Сондықтан қазіргі балалардың тәртібінен түңі­ліп, стреске түсудің қажеті жоқ.  Балама вирус жұқпасын, ағзасына микроб түсір­меймін деп қанша қорғасаң да, «санэпид» нормаларын сақтасаң да, асқазанына тәуір тамақ салып шаршасаң да, миын ашып ми құя алмасаң, бәрі бос әңгіме. Баланы оқыту керек. Баланы шын жақсы көру керек. Бала ешқашан сен аңсаған­дай  мінсіз  бала болмайды.

Құралай ОШАҚБАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру