Кеңес атаның кеңестерін көкейге түйіңіз

22.06.2017
Қаралды: 367

Шымкенттің орталық саябағына таңертең ертемен бара қалсаңыз, онда серуендеп жүрген қарияларды көресіз. 

Бірі сондағы тренажерлерде жаттығып, бірі аяқжол үстінде, енді бірі  көңілі қош көрген басқа да жайлы тұстарда түрлі дене жаттығуларын жасап жатады. Саламатты өмір салтын ұстанып жүрген олардың іс-әрекетіне қарап өмірге құштарлығын көресің, ой түйіп, үлгі аласың. Кешегі аптада бізге осындай өнегелі жандардың бірі – Кеңес Әлекешов қариямен әңгімелесудің сәті түсті.

Кеңес атаның жасы қазір 80-де, өмірлік жары Ұлдай апамен 2 ұл, 3 қыз өсіріп, олардан немере-шөбере сүйіп отырған жайы бар екен. Апа екеуі күн сайын таңертең саябақта серуендеп, дене жаттығуларын жасайды, тұрғылас-замандастарымен бір ауық бас қосады.

Кеңес қарияның әкесі Қалила Қызылорда облысында колхоз бастығы болған, Ұлы Отан соғысына аттанып, Сталинград түбінде қаза тапқан екен. Артында әйелі мен төрт баласы, анасы қалыпты. Балалары еңбекке ерте араласқан. Кеңес қария­ның өзі бала кезінен отбасын асырауға атсалысыпты. Сөйтіп жүріп Қызыл­ордадағы педагогика институтын бітіріпті.

Негізгі мамандығы педагог бол­ғанымен Кеңес қария негізінен комсомол, партия органдарында жа­уапты қызметтер атқарыпты. Облысымыздың Қазығұрт, Түлкібас, Отырар аудандарында, Шымкентте еңбек етіп, зейнет­керлікке шыққан. Сосын қоғамдық негізде жұмыс істеп, облысымызда «Отан» (қазіргі «Нұр Отан») партиясының қатарына адам тарту жұмыстарымен айналысқан, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары бол­ған.

Кеңес қарияның қысқаша өмір­баяны осындай. Әңгіме кезінде ол кісінің қала жұртшылығы пайдасын көріп отырған орталық саябақтың гүлденуіне де өзіндік үлес қосқан жан екенін білдік. Яғни ол кезінде Шымкент пен оның аудандары басшыларының және облыс әкімінің, ардагерлердің басы қосылған үлкен жиында қамқорлықсыз қалып, тозуға айналған саябақты көркейту керек­тігін айтып мәселе көтерген, мұнда жиналып, уақыт өткізетін қария­ларға жағдай жасалуы керектігін айтқан. Әрине, ойын бүкпей, ашық айтатын, халыққа адал қызмет етуді басты мақсаты санайтын адамның сөзі басшыларға ой салғаны анық. Бүгінде орталық саябақтың  гүлденуіне Кеңес қарияның да өзіндік үлесі бар десек, артық айтқандық болмас.

...Жалпы, Кеңес қария да, ол кісінің жары Ұлдай апа да біздің көзімізге әлдеқайда жас, ширақ көрінді. Сосын ол кісіге: «Жастарыңыз 80-де болса да сергек көрінесіздер. Денсаулықты қалай күтесіздер?» – деген сұрақ қойдық.

«Адам өз денсаулығына қамқорлықпен қарауы керек, – деді Кеңес ата. – Дұрыс тамақтанғаны, режим сақтағаны, таза жүріп-тұрғаны дұрыс. Өзгеге қиянат жасамау, қиянатқа төзбеу керек, адал өмір сүру қажет.

Жастар жаман әдеттерге жоламаса екен деймін. Темекі шегуден, арақ ішуден, тағы да басқа зиянды нәрселерден бойларын аулақ салса екен. Ұлт денсаулығы, болашағы үшін бұл керек. Оның орнына білім, өнер үйренсін, заманауи техниканы, технологияны меңгеруге қызықсын. Ата-анасын қадірлесін, адамдарды сыйласын, адамгершілік қадір-қасиетке қызықсын. Тәуелсіз еліміздің мақтан тұтар азаматтары болып өссін. Мықты болу үшін әрдайым саламатты өмір салтын ұстансын, дене шынықтырумен, спортпен айналыссын. Өз басым балаларымды осыған тәрбиеледім, немерелеріме де сондай жағдай жасауға тырыстым. Бұлай ету әрбір әкенің парызы ғой, соны ұмытпасын. Сонда адамның денсаулығы мығым болады, өмірі ұзарады деп ойлаймын».

Кеңес қарияның бұл сөздері әркімнің-ақ көкейінен орын табады деп ойлаймыз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ