Халқымның тағдыры талқыға түспеуін тілеймін

20.06.2017
Қаралды: 515

Туған әпкем дүнгенге тұрмысқа шыққан. Бұл өзі бір тым қасіретті тағдыр.

Әкемнің бірінші әйелі ашаршылық жылдарының құрбанына айналыпты. Адамдардың аштықтан әлсірейтіні сондай, ауыл сыртындағы беткейде орналасқан бейітке апарып көмуге шамалары келмей, үйдің қасынан шұңқыр қазып, мәйіттің бетін топырақпен жаба салады екен. Уақыт өте келе топырағы төмен түскен шұңқырлардың орнын біздің ауылдағы кейбір үйлердің маңайынан әлі де кездестіруге болады.

Есін білер-білмес кішкентай қызымен жалғыз қалған әкемнің үйінде талғауға талшық болмапты. Екеуінің де қыстан аман шығары екіталай. «Өлмегенге өлі балық жолығар». Алла ажалсызға араша болар бір себепті ыңғайлайды емес пе? Бір күні көрші ауылда тұратын дүнген жігіті келіп: «Қызыңды бер, асырап алайын. Балиғатқа толғанда өзіме жар етемін. Есесіне жарты қап тары берем. Сен де, қызың да аштан өлмей­сіңдер», – дейді.

Жердің түгін тартып еме білетін дүнгендер ашаршылыққа аса ұрын­ған емес. Малдан басқаны кәсіп етіп көрмеген қазақтың бар малын коммунистер тартып алды. Бірді-екілі қалғаны 1932-ші жылғы қатты қыстың жұтында қырылып қалды. Жермен жұмыс істеп көрмеген қазақ қырылмай қайтсін?

Көнбеске шара жоқ, әкем жылай-жылай, тұрымтайдай қызын дүнгенге жетектетіп жібереді. Әйтеуір мұсылман баласына кетті ғой деп көңілін жұбатады. Өзі әлгі жарты қап тарыны талғап қыстан аман шығады.

Әпкем кейіннен ана дүнгеннің ұрпағын өрбітеді. Кішкентайынан көрген-баққаны сол халықтың салт-дәстүрі, тілі, ділі болғандықтан өсе келе таза дүнген кейпіне енген. Түсінгені болмаса, дүнген акцентімен былдырлап, қазақша зорға сөйлейтін. Тіпті түрі де дүнгеннен аумай қалған. Қартай­ған шағында: «Е-е-е, Худайо-о!» – деп отырушы еді жарықтық. Бұл – «Құдай-ай!» дегені.

Осы күні сол әпкемнен төрт ұрпақ өсіп-жетілді. Біздің ауылға көрші жат­қан Масанчи селосында, Тоқмақ, Бішкек қалаларында өмір сүріп жатыр. Бірін танысам, бірін жыға танымаймын. Мен ауылдан кеткелі қашан? Бекер обалдары не, барсам бір көш дүнген шұрқырап қарсы алып, шұбатылып шығарып салады. Лағман мен жусайға тыңқиып тұрып тойып қайтамын.

 Хош деп қойыңыз. Осы күні өзімді халықтар достығының лабораториясында өмір сүріп жатқандай сезінетін болдым. Айналам толы бөтен ұлт. Туған бауырымның әйелі – қырғыз. Жақын құрбымның бір келіні кәріс, екіншісі неміс. Енді бір құрбымның төрт қызының екеуі – ағылшынға, біреуі – неміске, енді бірі шотланд жігітіне тұрмыс­қа шыққан. Тағы бір құрбымның бір қызы – кәріспен, екіншісі якутпен отау құрған. Енді бір танысымның қызы түрік ағайындарға келін болды. Тағы бір танысымның келінінің шешесі қазақ, әкесі қытай. Орыс құдалары бар таныс­тарымның санына жетпей қалдым. Бәрімен араласамын. Той-томалақ, ас-суда тайлы-таяғымен шұрқырап жетеді. Қарым-қатынастағы көпвекторлы саясатты ұстауға тура келеді. Нағыз интернационал орта! Ащы ма, тәтті ме, айта алмаймын, бүгінгі күннің шындығы – осы.

Қазақтың тағдыры қайда тартысқа түспеген, жері кімге пана болмаған? Кімнен көресің? «Олай бола қоймады», «бұлай бола қоймады» деп айту оңай, әрине. «Олай», «былай» бола қоюы үшін әр қазақ не тындырып жатыр деймін ғой? Алда-жалда басымызға күн туып, анау менің бейшара әкемнің күйін кешкендей болсақ (Құдай оның бетін ары қылсын!), байтал түгілі бас қайғы деп, өз ұрпағымызды өзіміз бөтен жұртқа қолынан жетек­тетіп жіберуге мәжбүр болар ма едік, кім білсін...

Уа, Жаратқан Ием! Онсыз да қилы тағдырлы қазағымның бұдан былайғы тағдырын талқыға сала көрме! Менің халқыма өз тағдырына өзі ие бола алатындай күш-қуат, қайрат-жігер, биік өре бере гөр!

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ