Заң-айна

Қалжігіт, Арын, Шымкентбай, қайдасыңдар?

Қаралды: 131

Мен 1982-жылы сол кездегі Жетісай ауданына қарасты «Минводы» шипажайында демалған едім. Осыдан 35 жыл бұрын сонда бірге болған біраз азаматтарды іздеуді ойға алып отырмын.

...Ол кезде Түлкібас ауданының ауруханасында емделіп жатқан болатынмын. Беліме қатты суық тиіп, біраз күн жатқан соң мені Жетісай ауданындағы «Минводы» шипажайына емделуге жіберді.

Сонымен «Минводыда» емделіп жаттым. Мен алғаш ем алуға барғанымда қасымда отырған емделуші: «Мені носилкамен әкелген еді. Құдайға шүкір, енді балдақпен жүретін болдым. Екінші мәрте путевкамен емделудемін. «Минводының» суы шипалы, дәрі, аяғыма жан біте бастады. Бұл жердің адамдары да жақсы, сапалы қызмет көрсетеді», – деген еді. Күнделікті ем алған соң кейін балдағын тастап, жақсы болып қайтты.

Маған да ол жердің емі майдай жақты. Дәрігердің айтқанын орындап, тиісті ем алғандықтан белімнің қатты ауырғаны қойды, дертімнен толықтай айығып кеттім.

Менімен бірге 4-ші палатада Қалжігіт, Арын, Шымкентбай деген азаматтар болған еді. Солар есіме түсіп отыр.

«Минводы» санаториясында бір палатада жат­қан кішіпейіл, мейірімді, үлкенді сыйлай білетін, құрмет тұтатын бауырлар, шипалы суы ем болып, қуанышы қойнына сыймай қуанған бауырлар, қайдасыңдар? Үйдегі ескі альбомнан мына суретті тауып алған соң өздеріңді сүйікті «Замана» арқылы іздеуді жөн көрдім.

Мен, Төлебай – Алла-тағала нәсіп етіп, бала-шаға өсіп, немере-шөбере, шөпшекті көріп жүрген қарияның біреуімін.

Құрметті Қалжігіт, Арын, Шымкентбай, жастарың ұзақ, дендерің сау, бала-шағаны өсіремін деп еткен еңбектерің жемісті болсын. Жемісі шырын болсын!

Аман-есендіктеріңізді «Замана» газеті арқылы білдірсеңіздер екен.

Менің мекен-жайым: Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Аманкелді (бұрынғы «Корниловка») ауылы.

Төлебай ҚОНЫСБЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру