Заң-айна

Жәрдемақы төленбеген, жалақы кем есептелген...

Қаралды: 114

Сарыағаш аудандық прокуратурасы аудандық білім бөлімі тарапынан 2017-жылдың қаңтар айында ата-анасының қамқоршылығы мен 

қорғаншысыз қалған балаларға мемлекеттен бөлінетін қаржы төленбегенін, заңсыздықтарға жол берілгенін анықтады.

Аудандық білім бөлімінің жауапты қызметкерлері ата-анасының қамқоршылығы мен қорғаншысыз қалған 195 баланың асыраушыларының дербес шоттарына 4  миллион 424 мың 550 теңгені аударуға тиісті шаралар қолданбаған. Аудан прокуратурасы енгізген ұсыныс негізінде  аталған сомадағы қаржы аударылды, балалардың Конституциялық құқықтары қорғалды.

...Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің 2015 – 2016 оқу жылында атқарған жұмыстарында да бірқатар заң бұзушылыққа жол берілгені анықталды.

ҚР Еңбек Кодексінің 23-бабы, 2-тармағының 5-тармақшасына сай, жұмыс беруші қызметкерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақтылы және толық мөлшерде төлеуге міндетті деп көрсетілген. Ал Конституцияның 24-бабы, 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында әркімнің еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына  құқығы бар деп көрсетілген.

Дегенмен аудандық білім бөлімі тарапынан 2015-жылдың тарифінде мектептегі зертханашылардың лауазымы «В-3» санаты болып белгіленгенімен оларға «В-4» санатымен аз мөлшерде қаржы төленіп келген. Аудан көлемінде орналасқан 108 мектептің 428 зертханашысына 2015-жылдың қаңтар – қыркүйек аралығында істеген жұмысы үшін алған жалақыларындағы айырмасы бойынша 11  миллион 19  мың 696 теңге кем есептелгені анықталды.

Аудан прокуратурасы орын алған заң бұзушылық бойынша білім бөлімі басшысының атына ұсыныс енгізді. Қазіргі таңда ол қаралу сатысында.

Сарыағаш аудандық прокуратурасы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру