Заң-айна

Тұңғышбай Жаманқұловқа шартты жаза тағайындалды

Қаралды: 219

Алматының Медеу аудандық №2 сотында  Тұңғышбай Жаманқұловқа және онымен бірге айыпталушы адамдарға қатыс­ты сот процесі аяқталуға жақын қалғанын, 

мемлекеттік айыптаушының кінәлі деп табылғандарға түрлі көлемде шартты жазалар тағайындау жөнінде сұрағанын біз газетіміздің өткен нөмірінде хабарлағанбыз. Оларға «Қазақфильмнің» кино түсіруге бөлген 69 миллион теңге қаржысын иемденген және талан-таражға салған деген айып тағылғаны белгілі.

Кешегі бейсенбіде бұл іске қатысты сот үкімі шықты. Судья Тәкен Шәкіров Т.Жаманқұловты шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айыруға, рақымшылық заңы негізінде ол жазаны 3 жыл 6 ай мерзімге қысқартуға үкім шығарды. Сондай-ақ ол кісіні еліміздің Мәдениет және спорт министрлігіне 3 миллион 400 мың теңгеден астам ақша төлеуге міндеттеді.

...Мұның алдындағы сот процесі кезіндегі ақтық сөзінде Т.Жаманқұлов: «Бар ойым тек жақсы фильм түсіру ғана болды. Мен идеялық жағынан жұмылдырушы продюсер ретінде ақша жұмсаумен мүлде айналыспадым. Осы жерде отырғандардың ішінде Юдинадан басқа ешкім мені ақша алды деген жоқ. Мен – ақпын. Оны сіздің алдыңызда да, Құдайдың алдында да айта аламын», – деген болатын. Яғни ол кісі өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Әзірге үкім күшіне енбей тұрып оған қатысты апелляциялық шағым түсіруге құқы бар.

Ал аталған іс бойынша айыпталған «Феникс» фильмінің режиссері Талғат Жәнібеков шартты түрде 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Оның қорғаушысы өздерінің сот үкімімен келісетіндігін білдірді.

Бұл іс бойынша сотқа тартылған «Қазақфильм» студиясының экономика және қаржы жөніндегі атқарушы директоры Г.Ысқақоваға, «Феникс» фильмінің продюсері Н.Юди­наға, картина редакторы Ғ.Сұлтановқа, дайындық кезіндегі түсірілім тобының директоры М.Әбішевке, фильмнің 2-ші режиссері Б.Әбішевке және жеке кәсіпкерлер И.Коробейников пен Д.Әбдіқадыровқа да шарт­ты жазалар тағайындалды. Дегенмен бұлардың да сот үкіміне қатысты апелляциялық шағым түсіруге құқылары бар.

Ал Мәдениет және спорт министрлігінің бұл іс бойынша айыпталушылардың үстінен түсірген арызы ішінара қанағаттандырылды, олар министрлікке жалпы сомасы 18 миллион 400 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру