Тұңғышбай Жаманқұловты шартты жазаға кесуді сұрады

27.05.2017
Қаралды: 272

Алматының Медеу аудандық №2 сотында Тұңғышбай Жаман­құловқа және осы қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылған 8 адам­ға қатысты сот процестері жүріп жатыр. 

Оларға «Феникс» фильмін түсіру үшін «Қазақфильм» киностудиясынан бөлінген 69 миллион теңге қаржыны талан-таражға салды деген айып тағылғаны белгілі.  Кешегі аптада осы мәселеге қатысты сот жарыссөздері басталды. Онда мемлекеттік айыптаушы, прокурор Д.Бұлғымбаев  жүргізілген  тиісті жұмыстар нәтижесінде айыпталушылардың кінәсі дәлелденді деп мәлімдеді.

«Жаманқұлов бір топ адамдармен – Юдинамен, Жәнібековпен, Сұлтановпен, Әбішевпен, Коробейниковпен және Әбдіқадыровпен алдын-ала сөз байласып, Ысқақованың қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалануының көмегімен аса қомақты мөлшерде бюджет қаржысын талан-таражға салған», – деді прокурор. Ол айыпталушылардың бюджетке келтірілген шығынның 11 миллион 664 мың 932 теңгесін қайтарғанын, кінәларын өз еркімен мойындағаны үшін  жазалары жеңілдетілетінін де айтып өтті.

«Айыпталушы Т.Жаманқұловты 7,5 жылға соттап, оның 5 жыл бойы басшылық қызметке тағайындалмауын, рақымшылық заңы бо­йынша жазасының екіден  бір бөлігі қысқартылып, 3 жыл 9 айға сотталуын, Қылмыстық Кодекстің 63-бабына сәйкес жазаның шартты түрде саналуын сұраймын», – деді прокурор.

Мемлекеттік айыптаушы сондай-ақ Гауһар Ысқақованы 1 жыл бас бостандығынан айырып, рақымшылық заңына сәйкес  жазадан босатуды, Наталья Юдинаны 7,5 жылға соттап, рақымшылық заңына сәйкес жазасын 3,5 жылға қысқартып, шартты түрде санауды сұрады. Сол сияқты прокурор тарапынан осы іс бойынша айыпталушы Т.Жәнібековтің – 7,6 жылға, Ғ.Сұлтановтың, С.Коробейниковтің және М.Әбішевтің  – әрқайсысының 5 жылға, Б.Әбішевтің – 2 жылға, Д.Әбдіқадыровтың 7 жылға сотталып, жазаларының шартты түрде саналуы сұралды.

...Әзірге бұл шулы істің барысы осылай болып тұр. Бүгінде әлеуметтік желілерде оған қатысты түрлі әңгімелер де айтылып жатыр. Соның біразы Т.Жаманқұловтың таяуда «Ақжүніс» сайтына берген сұхбаты төңірегінде өрбуде.

Т.Жаманқұлов аталған сұхбатында: «...Мен ауруханаға жатқаннан екі күннен кейін теледидардан: «Тұңғышбай Жаманқұлов 69 миллионды мойнына алды. 6 миллионын төледі, қалғандарын төлей бастады» деген жалған ақпарат бұрқ ете қалды. Содан кейінгі соттарда мен алдыңғы мойындауымнан бас тарттым», – деп айтқан. Яғни ол кісі өзіне тағылған айыпты мүлде мойындамай отыр.

Тағы бір ақпаратта: «Маған әлдебір дәрі берді, сосын мен ыржалақтап күле бердім, өзіме тағылған айыпты еріксіз мойындадым» деген Т.Жаманқұловтың сөздері де жүр.

...Жалпы, бұл іс бойынша жұрттың көкейіндегі сұрақтар, күдік-күмәндар сейіле қойған жоқ. Әрине, соңғы сөзді сот айтады. Енді көп ұзамай ол да белгілі болып қалар.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ