Ақша жүрген жерде айқай-шу да қоса жүреді

01.05.2017
Қаралды: 644

«Замана» газетінің редакциясына ел ішінен түрлі мәселелер бойынша шағымданып келетіндер көп. 

«Тығырықтан шығатын жол таппай келдім, сіздерден жәрдем болар деп үміттенемін», – деп әділдік іздеп шырылдап келгендердің сөзіне бейжай қарай алмай, басымыз дауға ұрынған кездер де болған. Дегенмен үміт күтіп келгендердің сөзін жерге тастаған емеспіз. Таяуда редакциямызға таулы ауданнан бір әйел кісі шағымданып келді. Ол кісінің сөзін мұқият тыңдадық, арызын оқыдық, оған қоса тіккен құжаттарын қарап шықтық. Шынымызды айтсақ, бейне бір шытырман оқиғалы фильм көргендей күй кештік. Сосын бұл жөнінде газетімізде жариялауды ұйғардық. Терең зерттеп, кей жайлардың  анық-қанығына түпкілікті көз жеткізу құқық қорғау орындарының шаруасы болғандықтан мұнда арыз иесінің де, онда аты аталатын кейіпкерлердің де есімдерін нақты көрсетпей отырмыз.

Құдашасына қарыз ақша әперген екен

«Мен үлкен үйімді кепілге қойып, өсімін төлеп тұратын болып спорт мектебінде істейтін азаматтан 300 мың теңге қарыз алған едім, – деп жазады арыз иесі. – Сауатсыздығымның кесірінен үйімнен айырылып, бес балам мен күйеуімді далада қалдыра жаздадым. Онымен тұрмай, үйіңді сатып жіберемін деген сөздерінен қорқып, қарыздың үстемесін төлеу үшін әркімнен ақша алып, 2 миллион теңгеге қарызданып шыға келдім. Бұл жөнінде республикамыздың тиісті орындарының бәріне шағымданып, жауап алдым. Ондағылар ауданымыздағыларға тексеріңдер деп талап қойды. Дегенмен мұндағылар сыбайлас жем­қорлыққа салынып, менің арызымның арқасында кінәлі адамнан көп ақша алып, істі жабуға тырысты. Ал ол болса қайда шағымдансаңдар да ештеңе шықпайды деп кекірейеді.

Осыдан кейін мен жоғарыға екінші мәрте шағымдандым, бұл жолы олар аудандағыларға қатаңырақ талап қойды, бірақ одан да нәтиже шықпады. Сосын прокурорға бардым, ол бірден сотқа бер деді. Дегенмен қазір ешнәрсеге сенім артуға болмайтынына анық көзім жетті. Сондықтан бол­ған жайды баспасөз бетінде жариялатып, қоғамдық пікір тудырсам ғана шындық жеңіп шығар деген ойға келдім. Сіздерден бұл жағдай туралы егжей-тегжейлі зерт­теп, газет бетінде жариялауларыңызды өтінемін».

Бұл кісі аталған азаматтан 300 мың теңгені құдашасына қарызға әпергені туралы айтады.

Үйімнен айырыламын ба деп қорқады

«Қарызды алғаным туралы нотариус арқылы ресми растаттық, – дейді арыз иесі. – Онда алынған қарыз ақша 300 мың емес, 1 миллион теңге деп көрсетілді. Олай деп жазуға қарсы болған едім: «300 мың теңгеге келісім-шарт түзіп бермейді, осылай көрсете берейік, кейін қарыздан құтылғасын үй кітапшасын өзіңе қайтарып беремін, қорықпа», – деп сендірді. Ал құдашам қарызға алған ақшасын уәде еткен кезінде қайтара алмады, сондықтан мен оның үстеме пайызын төлеп тұрдым. Кейін төлеуге шамам келмей қалып еді, қарыз беруші: «Тез арада төлемесең немесе қарызға алын­ған ақшаны түгел қайтармасаң үйіңді сатып жіберемін!» – деп қорқытты. Сосын, амал жоқ, тамыр-таныс­тардан қарызға ақша алып, үстеме ақыны төлеп тұрдым. Сөйтіп жүріп өзгелерге тағы да 2 миллион теңге қарыз болып шыға келдім. Ал кезінде 300 мың теңге қарыз берген адам үйімнің құжаттарын қайтармай жүр, оны сатып жіберіп, далада қаламыз ба деп қорқамын».

Арызданушы осылай дейді. Ол өз арызымен бірге бірнеше адамнан 50 – 100 мың теңге аралығында қарыз алғаны туралы қолхаттарды қоса тігіпті. Қарыз иелері оларды растап қол қойған. Онымен қоса жергілікті және облыстық құқық қорғау мекемелеріне, Президентке, Бас Прокурор­ға, Ішкі істер министріне жолдаған арыздары мен оларға қатысты келген жауаптарды да қоса тіккен. Яғни жоғарыдан төменге мәселенің ақ-қарасын анықтап, тиісті шешім шығару тапсырыл­ған.

Тергеуші қаулы шығарыпты

Арызданушының хатына қоса тіркелген аудандық полиция бөлімі тергеушісінің өткен жылы шығарған қаулысын да оқыдық. Онда арызданушының оқиғаның қалай өрістегені туралы айтқандары (жоғарыда көрсетілгендей мәтінде) беріліпті. Ал қарсы жақ өз жа­уабында былай депті:

«Енеммен бірге істейтін әйелдің үйін тез арада арзан бағаға сататынын естігесін онымен барып көйлестім. Алғашында 2 миллион 500 мың теңгеге сатамын деп еді, кейін 2 миллион теңгеге келістік. Келісім-шарт түзуге барғанда жағдайы жоғын айтып, шартты 1 миллион теңгеге түздік. Ол үйді балаларыма керек болады деп алғанмын. Үй иелері қазір уақытша тұруда. Басында арзанға сатқанына өкініп, менен тағы да ақша талап етіп, жала жабуда».

Осы іс бойынша тергеуші  арызды қарау­сыз қалдыру жөнінде қаулы шығарған екен. Кейін арызданушының анасы ішкі істер бөліміне шағым түсіріпті. Ол қызым осындай жайлардан кейін екі мәрте инсульт алды деп көрсеткен, мәселені әділ қарауын талап етіпті, әйтпесе жоғарыға арызданамын деп көрсеткен.

...Міне, облысымыздың бір ауданында осындай даулы жай орын алып, бірнеше жыл бойы созылып келеді екен. Басы-қасында болмағасын мұндай іске бірдеңе деу қиын. Төрелік айту – құзырлы орындардың шаруасы.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ