«Билерге тағзым» велошеруіне 105 велосипедші қатысты

07.06.2016
Қаралды: 2808

Таяуда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы мен облыс әкімі және облыстық мәслихат хатшысының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай дәстүрлі «Билерге тағзым» атты велошеру өтті. 

Шымкент қаласындағы Бәйдібек бидің ескерткішінің алдынан бастау алып, Ордабасы тауындағы «Бірлік» монументіне дейін жалғасқан іс-шараға облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов бастаған 30 судья, облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков бастаған 25 басқарма басшылары мен облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың 20 депутаты және спорттық ұйымдардың 30 өкілі – барлығы 105 велосипедші қатысты.

Салтанатты іс-шараның ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков, облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов және облыстық мәслихаттың депутаты М.Оразалиев сөз сөйледі. Содан кейін спорт саласының ардагері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы А.Асқар велошеруге қатысушыларға сәтті сапар тіледі.

Түске таяу велосипедшілер жоспарланған 43 шақырым жолды басып өтіп, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығындағы» мәреге жетті. Оларды Ордабасы ауданының басшылығы мен ауыл тұрғындары салтанатты түрде қарсы алды.

Іс-шара соңында Ұ.Сәдібеков, облыстық соттың төрғасы Н.Шәріпов, Ордабасы ауданының әкімі А.Мамытбеков және облыстық мәслихаттың депутаты Ә.Исабаев қатысушыларды велошерудің сәтті аяқталуымен құттықтады, өз тілектерін білдірді.

Облыс имамының орынбасары Т.Әсембай бабалар рухына арнап құран бағыштады.

Осыдан кейін қатысушылардың назарына облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.           

Қ. ДҮЙСЕНБИ,

Оңтүстік Қазақстан облыстық соты ақпараттық

қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ