6 миллион теңгені ала салмақшы болыпты

17.04.2017
Қаралды: 503

Жақында Ордабасы аудандық ішкі істер бөліміне «Тойота» автокөлігіне қарақшылық шабуыл жасалып, 6 миллион теңгені алып кеткені туралы хабар түскен еді. 

Өздерін жәбірленуші деп таныстырған екі азамат ол ақшалардың Алматы қаласындағы букмекерлік кеңселердің біріне тиесілі екенін айтқан. Сонымен бірге түнде «Шымкент – Самара» тас жолында алдарын орап тоқтатқан «Тойота Прадо» автокөлігіндегі бетперде кигендер өздерін қарумен қорқытып, өлтірмекші болғандарын айтып шағымданған.

Бұл арыз аталмыш аудандық ішкі істер бөліміне тіркеліп, күдіктілерді іздеуге ішкі істер департаментінің жеке құрамы түгелдей жұмылдырыл­ған. Полицейлер оқиғаны зерделеу барысында жәбірленушілер жалған хабар берді деген тоқтамға келеді. Көп ұзамай үшінші күдіктімен бірге олардың өздерін қолға түсіріп, полиция бөліміне жеткізген. Сол жерде олар тиісті жерге апаруы керек болған қаржыны иемдену үшін тонап кетті деп өтірік айтқандарын мойындайды. Қолды болды деп хабарланған 6 миллион теңге қолға түскен үш адамның біреуінің үйінен табылып, айғақ зат ретінде тәркіленген.

Бұл дерек бойынша қылмыстық істің бірнеше бабымен іс қозғалып, Түркістан қаласының екі азаматы күдікті ретінде уақытша тергеу изоляторына қамалды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

М. РАЙЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ