Заң-айна

Әйелін жәбірлегендер жауапқа тартылады

Қаралды: 241

Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңына сәйкес, отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізілетіні белгілі. 

Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қарас­ты Еңбекші полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінде де осы аптада «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясы өткізіледі. Оның басты мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, оны жою, осындай іске бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмыс атқаруға бағытталған жүйені қалыптастыру болып табылады.

Осы орайда мынадай мысалдар келтіре кетелік. 2017-жылдың 3 айында Еңбекші полиция бөлімінде әйелдерге қатысты 13 құқық бұзушылық тіркелді, 77 қорғау нұсқамасы толтырылды. Солардың бірі мынадай:

Шымкент қаласының 1969-жылы туылған тұрғыны Т.Бәйтен үйіне мас болып барып, әйелі Гүлнәрді әртүрлі жаман сөздермен балағаттап, мазасын алған. Осыған байланысты Еңбекші полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі тиісті қорғау нұсқамасын шығарды.

Сондай-ақ 2017-жылдың 1-ші тоқсанында тәртіп бұзған азаматтарға 3 ерекше талап қойылды. Мысалы, 1978-жылы туылған қала тұрғыны И.Идоятов әйелі Айкарамды кемсітіп, былапыт сөйлеп, үй тыныштығын бұзған. Сол себепті ол «ерекше талап» ретінде 3 ай мерзімге профилактикалық есепке алынды.

Міне, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа барған адамдарға осындай және басқа да шаралар қолданылатын болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне шағымдана алады.

Еңбекші ауданы полиция бөлімінің бұған қатысты байланыс телефоны – 8(7252)98-06-35.

Ақмарал ТӨРЕХАН,

Шымкент ҚІІБ Еңбекші ПБ ЖПҚ әйелдерді

зорлық-зомбылықтан қорғау аға инспекторы, полиция майоры.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру