Қораз төбелестірушілер қолға түсті

06.06.2016
Қаралды: 1730

Мамыр айының орта тұсында Сайрам аудандық  ішкі істер бөліміне Қарабұлақ ауылында тұратын бір азаматтың заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны туралы хабар түскен болатын. 

Осыған қатысты полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген еді. Іздеу барысында аталған ауылдың 45 жастағы тұрғынының үйінің ауласынан қораз төбелестіру үшін арнайы жасалған алаң анықталды. Құқық қорғаушылар барған кезде онда ондаған ойыншылар қораз төбелесін тамашалап отыр екен.

Полицейлердің анықтауынша, Қарабұлақ ауылының 1971-жылы туылған тұрғыны өз үйінің ауласында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған, ал оған қатысушы жұрт қораз төбелесі үшін бәске ақша тігіп отырған. Айғақты заттар ретінде үй иесінен оның меншігіндегі қораздар мен ақша алынды.

Аталған оқиғаға орай Қылмыстық Кодекстің «Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру» бабы бойынша іс қозғалды. Кейін әрі қарай тексеру үшін бұл іс Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қарауына өткізілетін болады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің

баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ