Сотқа жауапкер ретінде шақырылған адам нені білуі тиіс?

07.03.2017
Қаралды: 426

Әрбір адамның басында болуы мүмкін жағдайлардың бірі – сотқа жауапкер ретінде шақырылу. Есікке қоңырау соғылып, сіз есікті ашқанда сізді сотқа шақырған қағазды ұсынып тұрған адамды қарсы алуыңыз ықтимал. 

Шақыру қағазында сіздің жауапкер екендігіңіз және белгіленген уақытта сотқа келуіңіз міндетті екендігі ғана хабарланған. Мұндай жағдайда абыржымаңыз. Сіздің өзіңізді қорғауға және өз құқығыңызды таптатпауға нақты мүмкіндігіңіз бар.

Егер сіз сотқа шақыру қағазын алсаңыз, демек, біреу сізді өзінің құқығы немесе­ заң мүддесін бұзды деп санағаны. Бұл адам немесе ұйым талап қою арызымен сотқа шағымданған. Сот талап қою арызын қабылдағаннан бастап, арыз берген тарап талапкер, ал сіз – жауапкер боласыз.

Ең алдымен сізге талапкердің пікірінше, қандай құқығын бұзғаныңыз туралы, қандай талап қоятыны және ол неге үміттенетіні тура­лы толық деректер алуыңыз қажет. Сондықтан жауапкер ретінде талап арызда көрсетілген барлық мәселелерге жауап дайындау үшін соттан талап арыздың көшірмесін алыңыз. Сіз процестің туындауы және оның одан әрі жалғасуы заңсыз екендігін негіздеп немесе өзіңіздің кінәңіздің жоқ екендігін дәлелдеп сот­қа қарсылығыңызды жазбаша дайындап өткізуіңіз керек. Егер қарсылығыңызда келтірген дәйектерді сотта төрағалық етуші судья негізге алып, қабылдаса, сот істі тоқ­татуы немесе талап қою арызын қараусыз қалды­руы мүмкін.

Судья сізді сот талқылауына дейін шақыра алады. Бұл ықтимал қарсылықтарды түсін­діру үшін жасалады. Егер іс күрделі болса, судья сізге іс бойынша жазбаша түсінігіңізді беруге мүмкіндік береді, ал сіздің жауапкер ретінде қарсы талап-арыз беруге құқығыңыз бар.

Қарсы талап арыз – бұл жауапкердің өзінің құқығын немесе заңмен қорғалатын мүддесін қорғау туралы өз бетінше берген арызы.

Сіздің жауапкер ретінде іс материалдарымен танысуға, олардың үзіндісін алуға және көшір­месін түсіруге, судьяларға, сарапшылар­ға қарсылық білдіруге, дәлелдемелер ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға құқығыңыз бар. Сондай-ақ іске қатысатын басқа азаматтарға, куәгерлерге, сарапшыларға және мамандарға сұрақтар қоюға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, жауапкердің сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бо­йынша өз болжамдарын келтіруге, қолдаухат­қа және іске қатысатын басқа тұлғалар болжамына қарсылық білдіруге, сот жарыссөз­деріне қатысуға, сот отырысының хаттамасымен танысуға, сот шешімі мен анықтамасына шағымдануға құқығы бар.

Жауапкердің белгілі міндеттері бар. Сіз өзіңіздің процессуалды құқығыңызды әділ пайдалануға, сот отырысында белгіленген тәртіпті сақтауға, сот өкімдеріне бағынуға және сотқа құрметпен қарауға міндеттісіз.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!