Заң-айна

Бейтаныс адамның көлігіне отырмаңыз

Қаралды: 318

Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде адамдарды алдап-арбау, алаяқтық амалдары сияқты қылмыс түрлері күрт көбейіп кетіпті. 

Арбауға түсіп, сан соғып қалмас үшін біз сіздерге мынадай сақтық шараларын есте ұстауға кеңес береміз:

Ұры-қарыдан сақ жүруді ұмытпау керек. Кей-кейде үйреншікті дағдыдан бөлек, мысалы, жұмысқа, қонаққа барарда үйреншікті жолдан басқа жолмен жүріп тұру керек. Қай жол қауіпсіз, жарық, адамы көп екенін біле жүрген дұрыс.

Егер түнгі уақытта жүрер болсаңыз, неғұрлым қауіпсіз жолды таңдаңыз. Қараңғы, бұрылыс-қалтарысы көп жерлермен, қоқыс маңымен жүрмеңіз. Жалғыз жүргенде жерасты жолымен, тұйық көшелермен өтпеу­ге тырысыңыз.

Қараңғы түсіп кетіп, жұмыстан кеш оралатын, жолай бір жерге бұрылатын болсаңыз, бұл жөнінде жақындарыңызға ескертіп қойыңыз.

Бейтаныс адамның көлігіне отырмаңыз. Әсіресе бұл жас қыздарға қатысты. Егер қараңғыда жол шетінде тұрсаңыз немесе жүріп келе жатқанда жаныңызға көлік тоқтап, сізді сөйлесуге шақырса, онда оған, көлік ішіне үңіліп қарамаңыз. Адамның сұсты, күдікті екенін байқасаңыз, онда көмек шақыра айқайлап, көліктің қарсы бетіне қарай қашыңыз.

Жасөспірімдер, бойжеткендер басқосуға барар болса, бұл жөнінде туыстарына ескерткені дұрыс. Себебі соңғы кездері жас­тар арасында із-түзсіз жоғалып кету фактілері жиілеген. Көңіл көтеретін жерлерде отырғанда ұры-қары, қарақшы, қылмыскердің жемтігіне ұшырамас үшін өте сақ жүру керек.

Үйден, дәмхана, тойханадан, түнгі клубтан шыққан кезде үйдегілерге бұл жөнінде хабарлаңыз. Қанша уақытта баратыныңызды ескертіңіз. Бейтаныс адам үйіңізге жеткізіп саламын десе, көлігіне ойланбай отыра кетпеңіз.

Алыс сапардан шыққан жағдайда біреулермен сапарлас болсаңыз, оларға өзіңізде қандай бағалы заттар, қанша ақша барын айтпаңыз.

Қонақүйге орналасқанда бөлме есігінің құлпына, телефонға мән беріңіз, олар мығым, жұмыс жағдайында болуы керек. Бөлме терезесі, балконы сенімді болсын. Сондай-ақ бөлме кілті қауіпсіз жерде сақтала ма, жоқ әлде қалай болсын солай қойыла сала ма, осыған да мән беріңіз.

Қысқасы, қай жерде жүрсеңіз де сақтық шараларын ойыңыздан шығармаңыз. Сонда сіз алаяқтардан, қылмыскерлерден аман боласыз.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру