Заң-айна

Балаңызды «Көк киттен» қорғаңыз!

Қаралды: 343

Прокуратура ата-аналар мен оқытушылар арасында балалардың әлеуметтік желілердегі әрекетін қадағалап отыру қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп тұрады. 

Себебі балалар ғаламтор арқылы танысқан адамдардың кесірінен  жыныстық қылмыстардың, зорлықтың құрбанына айналған жағдайлар орын алған.

Бұл орайда балалардың  порнография мен суицидтік көңіл-күйді насихаттайтын сайттар мен әлеуметтік желі парақшаларына кіруіне қатаң назар аудару керек. Қолданыстағы заңға сәйкес, мұндай сайттарға кіруге тыйым салынады.

Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының  бастамасы бойынша мониторинг жүргізу барысында облысымыздың 185 кәмелетке толмаған тұрғыны тіркелген әлеуметтік желідегі 31 парақша анықталып, олар туралы мәліметтер  уәкілетті органға жолданды.

Алайда қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде, әсіресе балалар арасында  суицидті насихаттайтын деструктивті парақшаларды жасау мен орналастырудың қарқыны артып отыр. «Синий кит», «Море китов», «Тихий дом», «Хочу в игру»,  «Разбуди меня в 4.20» және тағы басқа атаулар бүгінде балалардың көбіне таныс. Ал бүгінде Ресейде кәмелетке толмағандардың осы аталған парақ­шаларға кіргеннен кейін өзін-өзі өлтіру оқиғалары орын алуда.

Осыған орай қазіргі таңда облыс прокуратурасы кәмелетке толмағандарды осындай әрекеттерге итермелейтін фактілерді анықтау және алдын-алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мысалы, 2017-жылдың 8-ақпан күні Шымкенттің Абай аудандық ішкі істер бөліміне қаланың К. есімді азаматы арызданып келіп, өзінің 2005 жылы туылған Б. есімді баласының телефонына жасырын нөмір арқылы белгісіз біреу хабарласып, «Синий кит» ойынына қатысуды ұсынғанын хабарлаған. Тексеру кезінде ол баланың осыған дейін «В контакте» әлеуметтік желісінде сәй­­кес парақшаға тіркелгені анықталды.

Телефон арқылы хат жазысу барысында ойынға қатысудан бас тартқан соң белігісіз адам қорқытатын хабарламалар жібере бастаған. Бала бұл туралы ата-анасына айтқан, ал олар өз кезегінде дереу полицияға арызданған. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс прокуратурасының бастамасымен былтырғы жылдан бастап қиын жағдайға ұшыраған балалар мен ата-аналарға арналған «1303» дағдарыс қызметі жұмыс істеп тұрғанын естеріңізге саламыз. Оның негізі мақсатының бірі қандай да бір отбасылық шиеленістерді  бастан өткерген, суицидке баруы мүмкін жасөс­пірімдерге психологиялық көмек көрсету болып табылады. Қызмет мамандары суицидке жақын деп баға берген  20-дан астам жасөспірімдердің арыздану фактілері орын алып отыр. Олардың  кейбірінің «Синий кит» секілді парақшаларда тіркелгені немесе оған кіріп тұратыны анықталды. Барлық жасөспірімдерге толық құпиялылық негізде білікті мамандардың психиологиялық көмегі көрсетілді.

Мысалы, ол қызметке А. есімді 13 жастағы қыз хабарласып, ата-анасымен, қатарластарымен қарым-қатынаста қиыншылықтар­ға тап болған оқиғаларын айтып бөліскен. Қызметтің мамандары виртуалды достары оған шын мәнінде дос болып табылмайтынын, олардың көмектесуге құштар еместігін  түсіндірді. Жүргізілген жұмыстың ар­қасында баланың психологиялық жағдайы айтарлықтай жақсарды.

Осыған орай барлық ата-аналарды балаларына абай болуға, олардың ғаламтордағы қарым-қатынас жасайтын адамдарына назар аударуға шақырамыз. Баланың көңіл-күйіндегі немесе жүріс-тұрысындағы кез келген өзгерістерді байқап, дер кезінде мамандарға жүгіну қажет.

Егер балаңызға ғаламтор арқылы  белгісіз біреулер   қауіп-қатер тудыратын  болса, кідірместен полицияға шағымданыңыз!

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру