Айыппұл мөлшері азаюы мүмкін

13.02.2017
Қаралды: 554

Еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Бүгінде бұған қатысты Заң жобасы әзірленуде. 

Бұл туралы кешегі аптада болған қоғамдық тыңдаулар барысында республикалық заңнама институтының директоры Аслан Түкиев мәлімдеді.

Қазіргі қолданыстағы заңда, мысалы, көлік мүгедектерге арналған орынға тоқтағаны үшін кінәліге 110 мың теңге (50 айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салу көзделген. Жаңа Заң жобасына оны екі есеге қысқарту жөнінде ұсыныс  енгізілген екен, ол қабылданыпты. Кейін қосымша қарастырып, одан да азайту мәселесі ойда бар.

Сондай-ақ Заң жобасында бір жолға ескерту шарасын енгізу ұсынылуда екен. Ол қабылданса, тәртіп бұзған жүргізушіге енді оны қайталамау туралы ескертіледі, айыппұл екінші мәрте заң бұзғанда салынады.

Әділет министрлігі заңнама департаментінің директоры Дархан Игембаевтың айтуынша, аталған Кодексте 1700-ден аса құқық бұзушылықтарға қатысты жайлар қаралмақ екен. Ол кісі 300-ге тарта баптар бойынша өзгертулер орын алатынын жеткізді. Осының тең жартысында айыппұлды азайту мәселесі ескеріліпті.

Қысқасы, көлік жүргізушілеріне жағатын осындай жақсы сөз шығып тұр. Бірақ Заңға өзгертулер мен толықтырулар бүгін-ертең емес, алдағы, 2018-жылы ендірілуі мүмкін екен.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ