Заң-айна

Облыс әкімінің орынбасары болған әйел сотталды

Қаралды: 405

Астананың №2 Алматы аудандық соты «Кәсіпқор» холдингінің бұрынғы басшысы Елдана Сәдуақасова мен оның азаматтық некедегі күйеуі Эльдар Қабиевке қатысты үкім шығарды. 

Ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырған деген айып тағылған Е.Сәдуақасова мен Э.Қабиев 5 және 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Олардың дүние-мүліктері тәркіленетін болды.

Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметі хабарлады. Сондай-ақ сот материалдарынан мынадай қысқаша мәлімет жарияланды:

«2013-жылғы тамыз айында мемлекет бюджетінен Атырау қаласындағы колледжді оқу-өндірістік бағытта жабдықтау үшін 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. 2015-жылы холдинг «SPT» компаниясының шотына 2 миллион 829 мың 901 доллар қаржы аударған. Компанияның құрал-жабдықтар жеткізуге кеткен шығынына 364 миллион теңге артық қаржы жұмсалған. Компания шотына төленген ақшаның айырмасы 160 миллион теңгені құраған».

Сот сондай-ақ «Кәсіпқор» холдингінің сотталушылардан 160 миллион теңге материалдық шығынды өндіру жөніндегі талап арызын қанағаттандырыпты.

Е.Сәдуақасова тергеу-тексеру кезінде «үй қамағында» отырған екен, сот үкімі шыққан кезде тікелей сот залынан қамауға алыныпты.

...Елдана Сәдуақасованың есімі Оңтүстік жұртшылығына да жақсы таныс. Нұрғали Әшімов Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметінде жүргенде оның кеңесшісі, кейін орынбасары болған ол кейін Н.Әшімов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне келгенде облыс басшысының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Осында «Максимум» деп аталатын инвестициялық орталық құрған, оның жарғылық қорына мемлекеттен қомақты қаржы аудартқан еді. Ауызша қызықтыра айтылып, іс жүзінде орындалмай қалған жобаларымен жұрттың есінде қалған болатын.

Н.Әшімов Қоршаған ортаны қорғау министрі болғанда Е.Сәдуақасова да Астанаға қызмет ауыстырды, ол Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болып тағайындалды. Кейін Үкімет Қаулысымен «Кәсіпқор» холдингі құрылғанда оның басқарма төрайымы болған еді.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру