Ректордың үйінен 1 миллион 160 мың доллар ұрлаған

06.02.2017
Қаралды: 431

Қарағанды қаласының Қазыбек аудандық №1 сотында «Ұрлық» бабы бойынша үш адамға қатысты қозғалған сот үкімі шықты. 

Айыпты деп танылған үш азаматтың бірі 10 жылға, екіншісі 8 жылға сотталды, үшіншісі 6 жыл 8 айын темір тордың арғы жағында өткізетін болды.

Сотталушылар – Астана қаласының тұрғыны мен екі қарағандылық азамат. Олар өздеріне аса таныстығы жоқ жергілікті тұрғыннан Қарағандының «Күнгей» деп аталатын шағынауданында бір ауқатты отбасы тұратынын біліп, үйде ешкім жоқта «пластик» терезесін бұзып, оған ұрлыққа түсіпті. Яғни Орталық Қазақстан академиясының ректоры Бақтыбай Жүнісовтің үйіне ұрлыққа түскен.

Үйде екі сейф бар екен, біреуінің есігі ашық, ішінде мылтық жатыпты. Ал екіншісі құлыптаулы болған, ұрылар оны бұзып ашып, ішінен 1 миллион 160 мың доллар мен жалпы құны 23 миллион теңгені құрайтын гауһардан (бриллиант) және алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарды алып кеткен.

Ұрылар Б.Жүнісовтің үйінен «Құрмет» және «Парасат» орден­дерін де ала кеткен екен. Бірақ Қарағанды қалалық ішкі істер басқармасының қызмет­керлері оларды көп ұзамай-ақ қолға түсіріпті. Ректорға ұрланған соманың жартысынан көбі қайтарылыпты.

...Бүгінде жұртты жоғарғы оқу орнының ректоры осынша дүниені қалай жинады екен деген сұрақ қатты қызықтырып тұр. Осыған қатысты журналистер тарапынан қойылған сауалға орай ректор ақшаны өзінің адал еңбегімен табатынын, бірнеше бизнес түрлерімен айналысатынын, өзі басқарып отырған академияның да жекеменшік нысан екенін білдіріпті. Ол кісі өткен екі жылда мемлекетке 30 миллион теңгеден астам салық төлегенін, сондай-ақ қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып тұратынын да айтыпты.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ