Сот барысын үйде отырып-ақ білуге болады

23.05.2016
Қаралды: 2011

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында «Жаңа электронды технологияларды қолдану мәселелері» тақырыбында жиын болып өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарының және үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен болған бұл кездесуге облыстық соттың түрлі құрылымдарының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші судьялары мен мамандары қатысты.

Жиынды облыстық сот төрағасы Нұрсерік Шәріпов ашып, кіріспе сөз сөйледі.

«Таяуда Жоғарғы Сот төрағасының өкімімен соттардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл тұжырымдамасы қабылданды, – деді Нұрсерік Кәрімұлы. – Тұжырымдаманы іске асыру үшін журналистердің кәсіби бірлестіктерімен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп сот жүйесінің ақпараттық ашықтығын жақсартуға байланысты іс-шаралар өткізуді қамтамасыз етуіміз керек. Мамыр айынан осы жұмыстарға кірісіп отырмыз».

Осы орайда сот мәселелері тақырыбына маманданған журналистердің жұмысын жандандыра түсу үшін кәсіби және нақты ақпарат берген  журналистерді ынталандыру бойынша да іс-шаралар атқарылмақ екен. Н.Шәріпов бұл тұрғыда таяуда арнайы конкурс жарияланып, оның ережесі облыстық соттың сайтында және «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланғанын да айтып өтті.

Соттар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге орай бүгінде облыстық сотта атқарылған іс-шаралар көп. Мысалы, өткен жылдың өзінде ғана облыс соттарында 33 сот залы аудио және бейнетіркеу жүйесімен жабдықталыпты. Ал бүгінгі күндерге дейін олардың саны 66-ға жетіп отыр екен.

Облыстық сот төрағасы осы және басқа да жайлар жөнінде айтты, кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. 

Жиын кезінде оған қатысушыларға сот жүйесіне ендірілген жаңа электронды сервистер жөніндегі түсірілген бейнероликтер көрсетілді.

Бұдан кейін облыс бойынша соттар әкімшісі басшысының орынбасары Нәйла Оразғалиева «Сот жүйесіндегі жаңа технологиялар» тақырыбында баяндама жасады. Ол кісі бүгінде толықтай жұмыс істеп тұрған сервистер жөнінде талдап айтып берді.

Мысалы, сот жүйесінің ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған «Сот кабинеті» электронды іс жүргізу сервисі сотқа жүгінушілермен өзара іс-қимылды жеңілдетіп отыр екен. Яғни бұл сервис бойынша талап арыздарды, апелляциялық, кассациялық шағымдарды, өтініш-хаттарды сотқа электрондық нұсқада беруге болады. Сондай-ақ баж салығын төлеуге де мүмкіндік бар. (Бажды онлайн-режимде басқа қызмет көрсету орталықтары арқылы төлеуге де болады). Сотқа шақыру қағаздары да сот процесіне қатысушыға электрондық түрде жеткізіледі.

Бүгінге дейін «Сот кабинетінің» қызметін 52 мыңнан астам адам пайдаланыпты. Республика бойынша соттарға 700 мыңға жуық электрондық құжаттар түскен.

Ал «Әкімшілік істерді жіберу» сервисі бойынша 25 мыңнан аса әкімшілік істер қарауға түскен. Бұл сервис әкімшілік материалдарды соттарға электронды түрде жіберуге мүмкіндік береді.

Тағы бір қызмет түрі – «Сот құжаттарымен танысу» сервисінің арқасында азаматтардың сот істеріне қатысты мәліметтерге қол жеткізуі жеңілдеп отыр. Яғни бұл бойынша азаматтар электронды сот құжаттарын қарай алады, оларды сотқа бармай-ақ алуына болады. Ал бұл қызмет түрі осы күндерге дейін облысымызда 212 мыңнан астам мәрте қолданылыпты.

Нәйла Тұрғанқызы өз баяндамасында жергілікті соттар бүгінге дейін 36 мың 360 сот процестерін аудио және бейнетіркеу жүйесін қолдана отырып жүргізгенін де айтып өтті.

...Кездесу соңында жиын өткен ғимаратта орналасқан қылмыстық, экономикалық және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттардың мәжіліс залдарында орнатылған аудио және бейнетіркеу құралдарының қалай жұмыс істейтіні жөнінде көрсетілді.

Қысқасы, бүгінде соттардың ашық, жариялы жұмысын қамтамасыз ету үшін жаңа технологиялар молынан ендіріліп жатыр екен. Мақсат – халықтың сот төрелігіне деген сенімін арттыру, ол сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауатын ашуға да қызмет етпек.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ