Үйіңізге полиция келді, не істейсіз?

30.11.-1
Қаралды: 696

Сұрақ:Сәлеметсіздер ме? Таяуда мен жалдап тұратын пәтерге «аға сержант» шеніндегі бір полицей келіп, 

«Бұл үйде қауіпті қылмыскер жасырынып жатуы мүмкін, тексеруіміз керек!» деп тұрып алды. Әрине, мен оны кіргізбедім, соттың арнайы шешімін талап етіп едім, көрсете алмады. Жалпы, үйге полицей келгенде қандай әрекет жасаған жөн? Олар қандай жағдайда пәтерімізге кіріп, тексеру жұмыстарын жүргізе алады?

Ербол НАУРЫЗӘЛІ.

Шымкент қаласы.

Жауап: – Адам ешқандай да заң бұзбағанымен де кейде оның үйіне полиция қызметкері баратын кездер болады. Мысалы, тіркеуде тұрған-тұрмағанын анықтау үшін, қандай да бір іске куәлікке тарту мақсатымен немесе көрші-қолаңның арызы бойынша, тағы да басқа жағдайларда. Ал мұндайда адам не істеуі керек? Оқырманымыздың сауалына заңгер Б.Манасов жауап береді:

 Біріншіден, алдыңызда тұрған адам шын мәнінде полиция қызметкері ме, соған көз жеткізіп алыңыз. Аты-жөнін, қайда істейтінін сұраңыз, оны дәлелдейтін құжатын көрсетуін талап етіңіз. Мұны есікті толық ашпай тұрып-ақ жасасаңыз да болады. Бір жылт еткізіп қана көрсетсе, анықтап көрсетуін талап етуге құқыңыз бар. Аты-жөнін, шенін, қайда істейтінін анықтап жазып алып, көз жеткізу немесе қауіпсіздік үшін туыстарыңызға, тіпті оның қызмет орнына телефон шалып тексеріп алуға да құқыңыз бар.

Полицеймін деген адам құжатын көрсетуден бас тартса, есікті ашпауға да құқылысыз, мұндайда «102»-ге немесе полицияның кезекші бөліміне (мұны анықтама қызметі немесе интернерт арқылы білуге болады) телефон шалып, жағдайдан құлағдар еткеніңіз дұрыс. Учаскелік инспекторға телефон шалсаңыз да болады. Егер келген адамның құжаттарын көріп, кім екеніне нақты көз жеткізсеңіз, одан не үшін келгенін сұраңыз. Содан кейін ғана есікті ашсаңыз болады. Егер ол келген мақсатын, себебін анық айтпаса, әшейін, сұхбаттасуға келдім десе, есікті ашпауға сіздің құқыңыз бар. Оған әрекеті заңсыз екенін, қызметтік құзіретін асыра пайдаланып тұрғанын айтыңыз. «Повестка» қалдыруын, онда полицияға бару уақытын, оның қай жерде екенін нақты көрсетуді сұраңыз. Үйіңізге сіздің рұқсатыңызсыз кіруге оның заңмен рұқсат етілген төтенше жағдайда ғана құқы бар.

 Полицеймін деген адамды үйге бірден кіргізіп қойған жағдайда да оның құжаттарын көріп, не үшін келгеніне көз жеткізіп алыңыз. Есіңізде болсын, сіз кез келген жағдайда, егер оның үйіңізге кіруге нақты, заңды себебі болмаса, оның үйден шығуын талап ете аласыз. Болып жатқан оқиғаны телефонға, диктофонға басып алсаңыз, тіпті жақсы.

 Егер полиция пәтеріңізде қылмыс болған, күдікті тығылып отыр деп күмәнданамын деп тұрып алса, (бұлай болмаса да) онда диктофон, телефонды іске қосыңыз, полицияға екеуара әңгімеңіздің жазылып тұрғанын ескертіңіз. Одан қылмыстың тіркелгені туралы құжат жүзінде көрсетуді, оның қашан, қайда тіркелгенін ауызша айтуды сұраңыз, жазып алыңыз. Оны полицияның кезекші бөліміне телефон шалып, нақтылап алыңыз, ондағылар нақты ештеңе айтпаса да сіздің қоңырауыңызды тіркеуге міндетті. Полицейге оның талабына қарсы келмейтініңізді, бірақ кейін бұл жөнінде прокуратураға, сотқа шағымданатыныңызды, мәселені тексеретініңізді ескертіңіз.

 Егер полиция қызметкерімен бірге жеке күзет қызметкері немесе компания қызметкері келсе, полицейдің үйге кіруге заңды құқы болғанымен де оларды үйге кіргізбеуіңізге болады. Өйткені ол адамдарда полицейлердікіндей құзірет жоқ. Яғни оларды үйге кіргізу-кіргізбеу мәселесін сіз өзіңіз ғана шеше аласыз.

 Пәтерде тексеру, тінту жұмыстарын жүргізу үшін қылмыстық іс қозғалып, соттың арнайы шешімі (кей жағдайда тергеушінің қаулысы) болуы керек. Тінту алдында пәтерде тұратын адамға тиісті құжаттар көрсетілуі, кейін хаттама көшірмесі берілуі тиіс.

...Міне, үйіңізге полиция қызметкері келе қалса, өзіңіздің осындай заңды құқығыңыз барын біле жүргейсіз.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!