Заң-айна

Енді полицейлер көшеде анықтама сұрап ашуыңызға тиюі мүмкін

Қаралды: 483

Бісміллә деп 2017-жыл басталғалы күшіне мінген «Көші-қон туралы» Заң сізге де әсер ететінін білесіз бе? 

Демек, өз еліңізде жүрсеңіз де, басқа қалаға қыдырып бара қалсаңыз да бір айдың ішінде уақытша тіркеуге тұруыңыз қажет. Тіркелмеймін десеңіз өз еркіңіз, онда қазынаға айыппұл төлейсіз! Қыдырып жүрсіз бе, жұмыспен жүрсіз бе, ол полицейлерді қызықтырмайды.

Онымен қоса, пәтерді жалға берушілер тұрып жатқан адамдарын тіркемесе айыппұл төлеуге тиіс. Бұл Елбасының қазақ жастарына «мобильді болыңдар» деген үндеуін күрделендіреді. Яғни студенттердің ай сайын алатын шәкіртақысы мен пәтерақысын төлеп жүрген жағдайларын да күрделі етпек. Себебі пәтер иелері айыппұлдан қорқып, оларды үйлеріне тіркейді. Сосын соған сай салығын төлейді. Бірақ пәтер иелері қосымша кеткен шығындарын жалға алушылар есебінен өтеуді жөн көріп, пәтерақыны көбейтетіні анық.

Таяқшаларынан айырылған полицейлердің енді қала жастарын тоқтатып, тіркелгені туралы анықтамаларын тексеріп жатуы қазақ жастарының ызасын келтірулері мүмкін емес пе? Енді үлкені де, кішісі де, қалталарында тіркеуде бар немесе жоқ екендіктері жайлы анықтама алып жүрулері керек пе? Ол анықтама он күнге жарамды болса, әр он күн сайын анықтаманы жаңартып отыру деген жаңа міндет тағы бар.

Тіркеуге тұру бұл күндері оңай дүние емес. Ол үшін сіз ХҚКО  бөлімшесіне үйдің иесі мен үйдің құжатын алып баруыңыз шарт. Ал ол құжаттарды сізге ешкімнің де ұстатпасы анық. Үй иесі ХҚКО-на уақыты болса ғана  барады. Ал уақыты болмаса ше?

Демек, бұл жастардың үй иелеріне, туыс­тарына жалына қарап, жалтақтауын арттыратын жағдай. Бұл заңның осындай тарқамаған, анықталмаған ескерусіз қалған түйінді тұстары бар.

Парламентте отырған халық қалаулылары бұл шикі заңнаманы қалай өткізіп жіберген сонда? Мен бұл заңға әлде де өзгерістер енгізу керек деп ойлаймын. Бұл заң тек қана сырттан келген өзге ел азаматтарына қолданылуы керек. Сондықтан мен халық қалаулыларынан өз атымнан, халық атынан осы заңнамаға қатысты өзгерістер енгізулерін немесе заңнаманы түсіндіру аясында түрлі теледебаттар ұйымдастырып, халықпен бірге талқылау жұмыстарын қолға алуды сұраймын.

Еркебұлан ХАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру