Заң-айна

Қуандық Бишімбаев неліктен қамалды?

Қаралды: 411

2016-жылдың мамыр айынан бастап еліміздің Ұлттық экономика министрі болып келген Қуандық Бишімбаевтың өткен желтоқсан айында қызметінен босатылғаны белгілі. 

Оған 2013 – 2016-жылдар аралығында  «Бәйтерек» холдингін басқарған кезінде заңсыздықтарға жол берген деген күдік келтіріліп, үстінен тексеру жүргізіліп жатқаны жөнінде хабарланған болатын. Ал кешегі аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро Қ.Бишімбаевтың қамауға алынғанын ресми түрде мәлімдеді.

Жарияланған мәліметте «...Бишімбаев бір топ адамдармен алдын-ала сөз байласу арқылы бірнеше мәрте қомақты көлемде пара алған деген дәйекпен қамауға алынды. Ол заңсыз жолмен алынған қаржыны өзінің жеке мақсаттарына пайдаланған», – деген сөздер бар.

Қуандық Бишімбаев – кезінде мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған, лауазымды мемлекеттік қызметтерге ерте араласқан азамат. Оның есімі болашағынан мол үміт күттіретін жас басшы ретінде жиі аталатын. Сондықтан оны аса ірі көлемде пара алып отырған дегенге сенер-сенбесін білмей жүргендер көп. Біреулер олай болуы мүмкін емес десе, енді біреулер жас басшы жазықсыздан, аңдамай қатеге жол берген болуы ықтимал деген тұрғыда пікір білдіруде. Қалай дегенмен де бұл әңгімеге нүктені тек сот қана қоя алады. Ал оған дейін істі болған адамды бір жақты қаралаудан абай болайық.

...Жалпы, «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің төңірегінде тексеру істері өткен жылдың қараша айында басталған болатын. Яғни аталған холдингке қарасты «Бәйтерек DEVELOPMENT» акционерлік қоғамының бірнеше лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Б.Жақсыбаев пен оның орынбасары А.Жақыпов және басшылық қызметтегі тағы да 7 адам қамауға алынған. Оларға «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бо­йынша атқарылып жатқан жұмыстар барысында мүдделі жақтардан аса ірі көлемде пара алып отырған деген күдік келтірілген. «Ұйымдасқан қылмыстық схемаға еліміздің әр аумағынан 10-нан аса құрылыс компаниялары тартылған, алынған пара мөлшері 288 миллион долларға жеткен», – деп айтылған болатын.

Н. ӘБДІ.

Пікір қалдыру