10 сиыры мен екі атынан айырылғанын айтады

19.12.2016
Қаралды: 999

«Замана» газе­тінің өткен нөмі­рінде «18 рет ұрлық жасап, ақыры қолға түсті» деген тақырыппен мақала жазғанбыз. 

Онда Сарыағаш ауданының Келес өңіріндегі тұрғындарды зар илетіп, малын ұрлап жүрген қылмыстық топтың құрықталғаны туралы айтылған еді. Кешегі аптада осы мақалаға байланысты Қаратал ауылынан Ералы Әшіров есімді азамат хабарласып, аталған қылмыстық топтан өзінің де зардап шеккені туралы баяндады.

«Сол ұрылар тобынан ең көп зәбір көрген адамның бірі менмін, – деді Е.Әшіров. – Он сиыр мен екі жылқымды алып кеткен. Бүгінде сол сиырлардың алтауы бұзаулайтын еді. Полицияға рахмет, ұрыны ұстады. Бірақ содан бізге келер пайда қандай?

Ұрының біреуі өзіміздің ауылдың жігіті екен. Оның әкесі ауыл шетінде отырады, малы көп. Осыдан кейін бізге сол мал қандай жолмен көбейді деген ой келе бастады. Біреудің баласы ондап жылқы мен сиырды ұрлап, ақшасын әкеліп бере берсе, әкесінің малы көбеймегенде не істейді? Ақыры қолға түсетінін білетін ұрылар өз атына ештеңе рәсімдемейді. Біздің ауылдан шыққан ұрының атында да ештеңе жоқ.  Барлығы бір жерде тұрғанымен, бірге ішіп-жегенімен, мал-мүлік әкесінің атында. Ертең  біз бір тиын да өндіре алмай қалуымыз мүмкін.

Ауылда бұл қылмыстық топтан зәбір көрген адам көп. Ұры жігіттің шешесі солардың екеуімен сөйлесіп, әр сиырға  жүз мың теңгеден екі сиырыңның ақшасын берейін, қалған екі жүз мыңды соттан кейін аласың, әзірге кешірім беріңдер депті. Тұрғындар келіспей, кетіп қалған. Бүгінгі жағдай осы.

Естуімізше, ұрылардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруде. Жақын күндері іс сотқа да өтетін шығар. Бірақ бізді толғандырып жүргені – олар сотталып кетсе, шығынымызды кім өтейді деген сұрақ.

Соңғы кездері көріп жүрміз, сотталған ұрылар бір, бір жарым жылда қайтып келуде. Сонда қырық сиыр мен жиырма жылқы ұрлағандар бір жылдан кейін үйінде жүретін болса, барлығымыз жұмысты қойып, ұрлық жасуға шыққанымыз дұрыс шығар. Жасыратыны жоқ, ауыл адамдары арасында: «Жұмыс істеп, мал бағып керегі не? Одан да тәуекел деп біреудің дайын малын ұрлай салмаймыз ба? Ұсталмасақ ол өзімізге қалады, егер ұсталсақ пайданы үшке бөлеміз. Бір бөлігін малдың иесіне беріп кешірім аламыз, бір бөлігін тиісті орындарға береміз, бір бөлігі өзімізде қалады» деген сөз пайда болған. Соны басшылыққа алып жүргендер де бар секілді. Бұл – шындық. Себебі бүгінде ұрлық бизнеске айналып кеткендей».

...Бұдан кейін бізге ауыл адамдарының барлығы ұрлықты кәсіп етіп кетпей ме деген ой келе бастады. Расында ұрланған малдың шығыны иесіне толық қайтпайтын болса, одан басқа амал да қалмайтын шығар. Жұртшылық: «Олай болмас үшін ұрлық жасаған адам ешқандай келісімге қарамастан ұзақ мерзімге сотталуы керек, өзінің ғана емес, жақын туыстарының да мал-мүлкі тәркіленіп, жәбірленушілерге қайтарылуы тиіс», – деген пікірді айтуда. Бәлкім расында да жаза қатаң болса ұрлық азаятын шығар. Қалай болғанда да біреудің табан ет, маңдай терімен жиған малының қайтарымы болуы керек қой.

М. РАЙЫМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ