Екi жарты - бiр бүтiн

ЕКІ ЖАРТЫ - БІР БҮТІН

«Замана» газетінде «Екі жарты – бір бүтін» айдары ашылғалы бері хабарласып, өзіне лайықты жар іздеп жүргенін айтқан адам көп. Олардың бірнешеуін біз газетіміздің алдыңғы нөмірлерінде жариялағанбыз. Ал бүгін тағы да осындай ниетпен хабарласқан адамдар туралы жариялап отырмыз. Егер Сіз өзіңізге жар болар жан іздесеңіз немесе туған-туыстарыңыздың, дос-жарандарыңыздың бақытты болғанын қаласаңыз, редакциямыздың 8-778-224-32-14 телефонына хабарласыңыз немесе төмендегі форманы толтырып, бізге жіберіңіз!

Жалғыздықтан шаршадым

«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген шынында да тауып айтылған мақал екен. Сүйіп қосылған жарыммен тату-тәтті өмір сүрген едік. Алайда арамызда бала болмаған соң ажырасып кеттік. Жалғыз қалған адамға ең ауыр соққы осы екенін енді түсініп жүрген жайым бар.

Менің жасым 35-те. Еліміз егемендік алғаннан кейін Ираннан көшіп келгенбіз. Өзім мүгедек болғандықтан үнемі үйдемін. Жұмыссызбын. Бұл қоғам бізді «мүгедек» деп мүсіркейді, бірақ сөзімізге құлақ түргілері келмейді. «Жарымжан» деп жандары ашығансиды, бірақ қол ұшын созып, көмек беруге келгенде, тасжүрек бола қалады.  Сондықтан қым-қуыт тіршілікке бой алдырып, нарықтың заңына бағынып күн көріп жүрген жайымыз бар.

Жасырып-жауып қайтеміз, мүгедек жан тұрмақ, қол-аяғы балғадай, он екі мүшесі сау адамға да бұл күнде өмір сүру қиын. Әйткенмен деніміз сау болғаны үшін Аллаға шүкіршілік айтып күн кешеміз. Кейде мүгедек болып қалғаным үшін ішім удай ашып, қан жылайды. Жұрт қатарлы сапқа тұрып, еңбек еткім-ақ келеді, бірақ мына заманда мүгедекті жұмысқа алатындарды шаммен іздеп таппайсыз.

Негізі менің айтайын дегенім бұл емес еді. Жалғыздықтан шаршадым, үйленгім келеді. Алла-тағала әлемдегі барша жан-затты жұп етіп жаратқан. Әрбір тіршілік иесі тек өзінің жұбымен ғана жарасымды. Жаратылыс атаулының ішінде ең асылы – адамзат. «Жалғыздық тек Жаратқанға жарасқан» дегендей, адам баласы да ержеткенде өз теңін іздейді. Өз отауын тігіп, өзінің шаңырағын көтеруді көксейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде:  «Некелесіңдер, көбейіңдер, мен қияметте өзге үмбеттерге сендерді мақтан етемін», – дегендей әрбір пенде жерде Аллаға ізгі құл, пайғамбарға үлгілі үмбет болатын ұрпақ қалдыруды арман етеді. Менің де арманым – бала сүю. Сондықтан мен өзімнің теңімді іздеп, осы «Замана» газеті арқылы мұңымды айтып отырмын.

Келіңіз, танысып, шаңырақ көтеріп, мұңымызды бірге жеңейік! Мен Сарыағаш қаласы, Жаңатұрмыс көшесіндегі №4 үйде әке-шешеммен бірге тұрамын. Жаман әдеттерден аулақпын. Құдайға құлшылық етіп, бес уақыт намазымды үзген емеспін.

Хабарласамын деушілер үшін байланыс телефоным: 8(72537)-2-52-46, 8-778-384-22-35.

Абдуллатиф САМАТҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Айгүлді аялайтын жан бар ма?

 «Тұрмыс құрғым келеді. Атым – Айгүл. Жасым 29-да. Оң босағада отырып қалған қызбын. Тұрақты жұмысым бар. Ата-анаммен бірге тұрамын.

Мінезім жайлы, тұйықпын. Жат әдеттерден аулақпын. Қылтың-сылтың, қыдыруларды жақтыра бермеймін. Әлі өз бақытымды кездестірмей жүруімнің себебі осы шығар деп ойлаймын.

Өзіммен қатар қыздардың бәрі тұрмысқа шығып, бір-екі балалы болып кетті. Соларға қарап қызығамын. Менің де біреуге сүйікті жар болғым келеді. Өзімнен бір-екі жас үлкен, Шымкент қаласында тұратын, үй-жайы, жоғары білімі бар жігіттер болса, танысар едім», – дейді Айгүл есімді замандасымыз.

Айгүлмен 8-771-496-36-99 телефоны арқылы байланысуға болады.

Үй-жайы бар жігіт болса...

Қазығұрт ауданына қарасты Шарапхана елді мекенінде тұратын Гүлмира Жақанқызы Дәулетоваға сенімді серік керек. Оны бізге Балжан Сайлыбаева есімді құрбысы хабарлап отыр. Гүлмираның жасы 33-те екен. Бұрын тұрмыста болмаған көрінеді.

«Гүлмира туралы айтар болсам, мамандығы – мұғалім. Бірақ ол салада жұмыс істемеген. Саудамен айналысады, дүкенде сатушы болып жүр. Қараторы, ұзын бойлы қыз. Адамдармен тез тіл табыса біледі, әңгімешіл. Бірақ ойындағыны ірікпей айтып отыра беретіні бар. Әкесі осыдан біраз уақыт бұрын қайтыс болған, анасы бар. Ауылда тұрады», – дейді Балжан.

Гүлмираға жуастау, сабырлы, ірі денелі, ең бастысы, тұрақты жұмысы, үй-жайы бар жігіттер хабарласса екен дейді ол. Гүлмираның байланыс телефоны – 8-776-303-51-21.

Бақытжан да бақытты болса екен

Бақытжан Достеміров есімді жігітке де жақсы жар керек. Ол Мақтаарал ауданында тұрады. Жасы 23-те. Бұрын үйленген екен, бірақ ажырасып кетіпті.

«Осыдан төрт жыл бұрын үйленгенмін, – дейді Бақытжан. – Бірақ әйелімнің соңғы уақыттарда менімен бірге тұрғысы келмеді. Содан ажырастық. Үш айдан асты, қазір жалғызбын. Арамызда бір бала бар, қазір анасының жанында.

Жұмысым туралы айтар болсам, өнер саласындамын. Ауданымыздағы шипажайлардың бірінде музыкант болып жұмыс істеймін. Ата-анаммен бірге тұрамын. Тұрмыс жағдайым жаман емес. Орта білімдімін. Ішімдік ішпеймін, бірақ темекі шегемін. Оның несін жасырайын...»

Бақытжан адал, ақыл тоқтатқан, жасы өзімен шамалас қыздармен танысуға ниетті. Оның телефоны – 8-778-421-40-32.

Жалғыздықтан жабырқап жүр

Семей қаласында тұратын Азат Омарғалиев есімді ақсақал өзіне сүйеу болар, шүйіркелесіп бірге шай ішуге ниетті әйелдермен таныссам дейді. Ол 1950-жылы туыл­ған. Құдай қосқан қосағы, 38 жыл бір шаңырақ астында тұрған бәйбішесі осыдан 8 жыл бұрын өмірден өтіпті. Содан бері жалғыздықтан жабырқап жүрген көрінеді.

«Құдайға шүкір, бәйбішем екеумізден тараған 4 перзенттің бәрі өсті, жетілді. Оқыттым, шоқыттым. Үйлендіріп, өз алдарына бір-бір отау етіп шығардым, – дейді Азат ата. – Жамандағаным емес, келіндерімнің бәрі жақсы. Бірақ олармен бірге тұрғым келмеді. Өзім бір үйдің жалғызы болып өскенмін, онша-мұнша еркелігімді дұрыс түсінбей қала ма деп қорықтым».

Азат ақсақалдың айтуынша, үй-жайы бар екен. Тұрмыс жағдайым да жаман емес дейді. Өмір бойы көлік жүргізушісі болыпты, содан зейнетке шығыпты. Балалары да қарасып тұратын көрінеді.

«Тең – теңімен, тезек – қабымен» демекші, өзім секілді басы бос, жалғыздықтың қамытын киген, жасы өзіммен шамалас кемпір болса, бас қоссақ деген ниетім бар. Өзім Найман руынанмын. Оны да айтып қояйын», – дейді Азат Омарғалиев.

Ол кісімен 8-778-124-93-74 телефоны арқылы хабарласып, танысуға болады.

Серікжанға өмірлік серік керек

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Үржар ауданы, Науалы ауылында тұратын Серікжан есімді азаматқа адал жар керек. Оның жасы – 40-та. Сүрбойдақ, бұған дейін үйленбеген. Оның себебін өзі былай түсіндіреді:

«Осы уақытқа дейін менің көңіліме қонатын, бір көргеннен ғашық бола алатын қызды кездестірмедім. Оның үстіне танысқан қыздардың көбі ауылдық жерде тұрғысы келмейді. Ал мен ауылдан ұзап кете алмаймын. Себебі мал шаруашылығымен айналысамын. Үй-жайым бар дегендей...

Өзім туралы айтар болсам, жоғары білімім жоқ. Әке-шешеммен бірге тұрамын. Мінезім жайлы. Жаман әдеттерден аулақпын. Қолымнан бәрі келеді, кез келген жұмысты дөңгелетіп әкете аламын».

Серікжанға өзінен жасы біршама кіші, жастау қыз керек. Бұрын тұрмыста болған, бір перзенті бар әйелдермен де таныса беремін деп отыр. Оның байланыс телефоны – 8-775-855-39-15.

Амантайға адал жар керек

Бәйдібек ауданындағы Жарықбас ауылында тұратын Айзада Қалмырзаева есімді оқырманымыз ағасы Амантайға лайықты әйел іздеуде. Ол 1967-жылы туылған екен.

«Амантай – қарашаңырақта тұратын ағам. Қолында шешеміз отыр. Обалы не керек, жеңгеміз жақсы адам еді, ол осыдан екі жыл бұрын ауыр науқастан көз жұмды. Артында аңырап төрт қызы мен бір ұлы қалды. Әйелі жоқ үйде балаларға да күтім болмайтыны белгілі ғой. Сол себепті екі қызды мен өз тәрбиеме алдым. Үлкені жоғары оқу орнында оқиды. Қалғандары 70-ке келген шешеміздің қарауында.

Ағам – қарапайым адам. Мал шаруашылығымен, егінмен айналысады. Үйі, тұрмыс жағдайы өте жақсы. Енді тек соның берекесін кіргізіп отыратын әйел керек болып тұр. Сиыр сауатын, ауыл тірлігінен қашпайтын, ағамның балаларына аналық мейірімін төге алатын, шешеміздің, ағамыздың бабын жасайтын адам табылса біздің арманымыз болмас еді», – дейді Айзада.

Амантаймен танысу үшін оның әпкесі Айзадаға хабарласуға болады. Телефон нөмірі – 8-701-642-74-29.

Інісін үйлендіруді армандайды

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Асы-Саға ауылында тұратын Айгүл Байтөреева туған інісі Асанды үйлендірсем деп армандайды. Інісінің жасы 35-те екен. Ол бұрын үйленбеген.

«Інім өте жуас жан, – дейді Айгүл. – Содан болар, әлі күнге дейін сүрбойдақ болып жүр. Өте қарапайым. Жоғары білімі жоқ. Үйдегі шаруашылықпен айналысады, азын-аулақ малын күнкөріске жаратып отырған жайы бар. Асан – қарашаңырақтың иесі. Әке-шешеміз қайтыс болып кеткен. Сондықтан бізге келін болатын қыздың енеммен қалай тіл табысамын деп басы қатпайды. Бізге тек сол үйді күтіп-баптап, інімнің жағдайын жасап отыратын жақсы жар табылса болды».

Асанмен танысқысы келетін қыздар оның әпкесі Айгүлге хабарласуы керек. Телефоны – 8-771-490-01-55.

Оқыған қыз іздеуде

Бұрын үйленіп, ажырасқан Дәурен Шыназбеков есімді жігітке де жақсы жар керек. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында тұрады. Жасы 32-де.

«Әйелім екеуміздің ажырасуымызға енем себепші болды, – дейді Дәурен. – Биыл үш жыл болды, бөлек тұрамыз. Екі ұлым бар, аналарының қасында. Сөздің шыны керек қой, мен әйелімді алақаныма салып аяладым. Көлік әперіп қойдым. Не ішем, не кием демеді. Асып-тасып өмір сүрді. Өзім мұғалім болып істеймін, тарих пәнінен дәріс беремін. Көрінген жерде арақ ішіп, анайы сөздер айтып отыратын жігіттердің қатарынан емеспін. Былай қарасаң, екеуміздің ажырасатынымызға анау айтқандай себеп те табылмады. Арада аздаған ұрыс-керіс болды, ашуланғаннан оны балағаттап жіберіп едім, соған бола ажырасып кете бардық.

Мен артынан кешірім сұрап талай мәрте бардым. Бірақ ол қайырылып қарамады. Өзі әнші болатын. Шамасы менен жырақта, емін-еркін ән салып жүргенді ұнатты-ау деп ойлаймын».

Дәуреннің руы –  Қоңыраттың ішіндегі Алғи. Айтуынша, оның арақ пен темекіге әуестігі жоқ екен. Үй-жайым бар, жағдайым жақсы дейді. Ол өзіне бұрын тұрмыста болмаған, жоғары білімді, ақылды, сұлу қыз іздеуде. Байланыс телефоны – 8-702-454-54-44.

Ауылда тұра алатын қыз керек

Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданына қарас­ты Абай ауылында тұратын Ербол Ташқожаев өзіне қалыңдық іздеуде. Оның жасы 23-те. Үйленіп, ажырасқан. Оның себебін өзі былай түсіндірді:

«Алты ай болды ажырасқаныма. Мен негізі Алматыда жұмыс істеп жүріп үйленгенмін. Басында бәрі жақсы болды. Арада біраз уақыт өткесін ауылға барып тұрайық дедім. Обалы не керек, келісті, менімен бірге келді. Ауылда 7-8 ай жап-жақсы өмір сүрдік. Әлі де жарасымды жұп болып жүрер ме едік, егер оның анасы, әпкесі мен ағасы арамызға түспегенде... Қысқасы, ол кісілер келіп: «Біздің қызымыз ауылды жерде, таудың баурайында тұра алмайды», – деп әй-шайға қаратпастан әкетіп қалды».

Ерболдың жоғары білімі жоқ екен. Отбасында екі ұл, бір қыз өсіпті. Өзінен үлкен ағасы үйленген, бөлек тұрады. Ал әпкесі тұрмыста. Әкесі қайтыс болған, анасымен бірге тұрады. Яғни қарашаңырақта қалатын ұл – осы Ербол.

«Арақ ішпеймін. Бірақ темекі шегемін. Өзім негізі ұялы телефон жөндеумен айналысамын. Саудаға да икемім бар. Бірақ дәл қазіргі уақытта боспын. Мен өзіммен жасты немесе бір жас үлкен қыздармен таныссам, мінезіміз жарасса үйленсем деймін. Тұрмысқа шығып, ажырасқан қыздарға да көзқарасым түзу», – дейді Ербол.

Оның байланыс телефондары – 8-778-564-60-08, 8-771-885-59-56.