Тістің құрттағанын кетіретін тамшы

22.11.2016
Қаралды: 7308

Енді құрттаған, бүлінген тісті «бұрғылап» немесе жұлмай-ақ, бір тамшы дәрімен-ақ бүтіндеуге болады. 

Тісті бүлдірмей-ақ қалпына келтіретін дәріні «ІnnoDent» ЖШС шығарады екен. Көптеген қазақстандықты қуантқан бұл жаңалықты өткен аптада аталмыш серіктестіктің директоры Бауыржан Айтуов жария етті.

«Біздің жаңалық тіс жегісінің алғашқы кезеңдерінде тісті бұрғыламай-ақ емдеуге мүмкіндік береді. Технология тіс эмалінің табиғи қайта қалпына келуін имитациялайды. Егер стоматология­лық клиникада тіс жегісінің алғашқы белгісі анықталса, тісіңізге біздің өнімнің бір тамшысы тамызылады. Сонда бір айдың ішінде тістің сыртқы қабаты қалпына келеді. Яғни өлген тіндер қайта өседі. Соның арқасында тісті тесіп, пломба салудың қажеті болмайды. Емдік процедура 15 минутқа ғана созылады. Ал дәрі бір рет қана қолданылады», – дейді Б.Айтуов.

Бұл дәрі қазірдің өзінде еліміздегі бірнеше қалаларда қолданылып жатқан көрінеді. Бағасы да қолжетімді, қарапайым пломбалау әдісінен қымбат емес деседі.

Дәрі «ІnnoDent» ЖШС-ның арнайы формуласымен Швейцарияда жасалады екен. Одан кейін Астанада тысталып, Қазақстандағы басқа қалаларға таратылады.  Одан бөлек, отандастырымыз өндіріп отырған дәріні Ресей мен Украинада да 30-ға жуық клиника мамандары қолдануға енгізіпті.

Серіктестік мамандары осы айдың ішінде Шымкент пен Өскемен қалаларында болып, ондағы стоматологтарға дәріні дұрыс қолдану тәртібі мен ережесін оқытып, үйретпек. Яғни көп ұзамай Оңтүстік халқы да құрттаған тісті жұлдырып, «бұрғылау» азабынан құтылады деген сөз.

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ