Бастағы ісікті биотокпен кетіріпті

09.04.2020
Қаралды: 1874

Бұл оқиға мені ғана емес, менмін деген талай дәрігерлерді де таңқалдырған шығар деп ойлаймын. Сондықтан алматылық таныс келіншектің айт­қандарын көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім.

 

«Бұл жағдай өткен жылы болды. Он жас­тағы ортаншы балам бір-екі рет моншада құлап қалып еді. Кейін уақыт өте келе «судорога» бере бастады. Өзіміздің ауданда 15 минутқа ЭЭГ-ға түсірдік. Баста ісік бар болып шықты. «Доброкачественная опухоль» екен.

 

Мынадай диагнозды естігенде қандай күйде болғанымды сөзбен жеткізу қиын. Ата-анаға баласының ауырғанынан өткен қор­қыныш, уайым бар ма? Дүние бір сәтте төңкеріліп кеткендей күйге түстік. Содан жан­ұшырып Алматыға жеттік. МРТ-ға түсірдік. Ондағы дәрігерлер бас қала – Нұр-Сұлтанғ­а жіберді. Ол жерде баламның басын КТ-ға түсірді. Басқа да толып жатқан тексерулер. Қай дәрігер не дейді екен деп олардың бет-жүзін, көзқарасын бағу, жалтақтау қандай қиын еді! Ол кездер­дегі азап өзімізге ғана мәлім.

 

Бас қалаға үш рет бардық. Алматыда да талай дәрігердің есігін тоздырдық. Түсінгенім, дәрі-дәрмек, ем-шаралармен ісікті кетіру мүмкін болмаған сияқ­ты. Әйтеуір дәрігерлер «судороганың» дәрісін жазып берді. Үзбей үш ай ішсін деді. Солай жасадық. Сосын тағы Алматы мен Нұр-Сұлтан­ға шапқылау. Үшінші барғанда мамыр айы­ның соңына қарай баламның басына ота жасаймыз деді. Бірақ дәрігерлер мұның өте күрделі ота екенін, одан кейін ұлымның мүгедек болуы: көзі көрмей немесе аяқтан жүре алмай қалуы әбден мүмкін екенін ескертті.

 

Кепілдік болмағандықтан біз бұл отадан бас тарттық. Алматы эпилептологы баламды есепке алып, дәрі жазып берді. Бірақ ол денесін құрыстырған ұстамаға көмектескен жоқ.

 

Бірде жолдасым бір кісінің екі баласы осылай ауырып, Валя деген әжейдің көмегімен жазылғанын естиді. Біз дереу сол Валя әжейді іздестірдік. Ол Талғар жақта тұрады екен. Оған біз желтоқсан айында бардық. Валя әжей ісік мидың сол жақ бөлігінде екенін, үш күн ем жасайтынын айтты. Одан ары қарай емдей ма, жоқ пайдасы болмай ма, ол жағы төртінші күні белгілі болады деді. Сонымен қатар ем бастағанда ұстамасы бұрынғыдан қаттырақ болатынын, оған шыдау керегін ескертті.

 

Шынында солай болды: ем бастаған күні ұстама жиі қайталанып, ұлымның аяқ-қолы тартылып, тіпті тоқтамай қойды. Аллаға сиынып, жәутеңдеп біз отырдық. Ұстама тар­қаған кезде есін жиған балам жаны қиналып, жылап алатын. Қиналғаны түсінікті. Ертеңіне бар­ғанда Валя әжей «судорога» қалай болғанын сұрап отырды.

 

Не керек, ұстама жиілеп барып, біртіндеп азайды. Қазір, тіл-көзім тасқа, баламның жағдайы жақсы. Қаңтардың аяғында әже емді аяқтады. Енді, Құдай қаласа, Нұр-Сұлтанға барып, МРТ-ға түсеміз. Нақты нәтиже сол кезде белгілі болады. Бірақ мен қазірдің өзінде ұлымның басындағы ісіктің кішірейгенін (мүлде жоқ болуы да мүмкін) сеземін.

 

Валя әжей биотокпен емдейді екен. Әр адамға кемінде 1 сағат кетеді. Бір қабылдауы – 3000 теңге. Жасы үлкен адамдар да осындай қиыншылықпен барып, ем алып жүргенін көрдік. Біз сөйлескен адамдар осы емнен кейін ұстама азайғанын айтып жатты. Қолдарына МРТ қағаздарын ұстап, осыдан кейін жазылдық деп қуанған адамдарды да көрдік», – деп құрбым менімен сырын бөлісті.

 

...Мен мұны баласының дертімен алысқан ананың сырын жария ету үшін  жазып отырған жоқпын. Осы секілді жайға тап болған жандар болса, көмек болсын деген ниет. Қазақта да Валя апай сияқты қасиет иелері бар ғой. Олар жайлы білгенімізді көпшілікпен бөлісіп жүрген дұрыс-ау деп ойлаймын.

 

Ақжайна С.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ