Қолды кемінде 20 секунд жуу керек

07.04.2020
Қаралды: 1071

Коронавирустан сақтанудың ең тиімді жолы – қолды сабындап  жуу екенін жақсы білеміз. Неге?

 

Оның сыры – сабында. Су сабын, иіс сабын, кір сабын – сабынның кез-келген түрі коронавирус секілді вирустың кез-келген түрін жоя алатын қасиетке ие. Қалайша? Мысалы, коронавирус. Оның айналасын протеин және майдан тұратын жұқа қабықша қоршап тұрады. Сондықтан, вирустар қолға немесе қатты заттарға оңай жабысып қалады. Ал сіз қолыңызды жай ғана сумен шайсаңыз, су жаңағы майлы қабықшаның бетінен жүгіріп өте шығады. Өйткені, вирус бейне сұйық майдың тамшысы секілді әрекет етеді.

 

Егер сұйық майды суға араластырсақ не болады? Екеуі араласпайды. Май қалқып бетіне шығады. Ал сабын қоссақ ше? Кенет әлгі май еріп, сумен бірігіп кетеді. Неге? Өйткені, сабын екі тарапты молекуладан тұрады. Оның бір басы – су молекулаларына, екінші басы – май молекулаларына тартылады. Осы қос тарапты әрекеттесу арқылы сабын майды ұсақ бөлшектерге ыдыратып жібереді.

 

Коронавирус молекулаларына қайта оралсақ. Оның сырты да майлы қабатпен қоршалған дедік. Оған сабын тигенде май ыдырайды. Сабын вирусты, тура мағынасында, бөлшектеп, залалсыздандырып тастайды. Сосын қорғанышынан айрылған, зиянсыз қалдықтарды су ағыны шайып өтеді. Дегенмен, осы эффектінің толық жүзеге асуы үшін  уақыт керек. Нақтырақ айтсақ, 20 секунд. Неге 20 секунд?

 

Мысалы, лосьонды вирустың майлы қабаты деп есептеп көрейік. Егер лосьонды қолға жаққан соң, жай сумен шая салсаң, кетпейді. Тіпті сабынмен 5 немесе 10 секунд жусаң да, кете қоймайды. Яғни вирус та қолда қала береді деген сөз. Ал енді толық 20 секундта сабын вирусты толық жойып үлгереді.  Санитайзерлер де жақсы. Өйткені оларда спирт бар. Спирт те сабын секілді вирустың майлы қабатын ыдыратады. Ол үшін санитайзердегі спирттің концентрациясы жоғары болуы керек. Мамандар оның кемі 60 пайыз болғаны дұрыс дейді. Бірақ олар тіпті 60 пайыздық антисептик қолданған күннің өзінде сабынмен жуғанның дұрыс екенін айтады. Өйткені, егер санитайзер қолданғанда қолың терлеп тұрса немесе кір болса, оның әсері күрт төмендейді.

 

Сабынға келейік. Кез-келгені жарай береді. Антибактериал деген жарнамасы бар сабын іздеп әуре болмаңыз. Оның басқалардан гөрі эффектісі жоғары екеніне дәлел жоқ. Бар болғаны қолыңызды 20 секунд сабындап жуыңыз. Сонымен, сіз вирусты түбегейді жоюшы құралды пайдаланып жатырсыз. Ол – сабын.

 

(Әлеуметтік желідегі жазбадан).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ