Жемістерден жасалатын дәрмек

07.04.2020
Қаралды: 1756

Қазір қыс мезгілі болса да, кептірілген, балғын күйінде мұздатылып сақталған жидектерді табу қиын емес.  Осы табиғи дәрмектерден емдік шипасы мол сусындар әзірлеуді үйреніңіз.

 

Қарақат. 150 грамм піскен жеміс пен 0,5 литр арақ керек. Қарақатты жуып, үстіне арақ құйыңыз. Оны 10 күнге салқын жерге қою керек. Одан кейін сүзіп, шыны ыдысқа құйып аласыз. Енді осының 1 шай қасығын 1 стакан суға араластырып, күнделікті таңертең ашқарынға ішіп жүру керек. Таңғы асты 20 минуттан кейін ішуге болады. Ол суықтағанда терлететін, ағзаны тазартатын, іш жүргізетін сусын саналады.

 

Таңқурай. 250 грамм малина мен 0,75 литр спирт керек. Таңқурай (малина) үстіне спиртті құйып, 12 күн жылы жерге қоясыз. Сосын сүзіп алып, тоңазтқышта сақтау керек. Әйелдерге тән аурулар, тыныс жолдарының қабынуы, қызудың көтерілуі, қалтырай тоңу белгілерінде күніне 3 рет, астан кейін 1 шай қасықтан ішеді. Емдік курс – 7-10 күн.

 

Құлпынай. 200 грамм құлпынай мен 600 мл. арақ керек. Араққа құлпынайды (клубника) салып, бетін жауып, 10 күнге бөлме температурасында сақтайсыз. Сүзіп алып, тоңазытқышта ұстайды. Құлпынай тұнбасын себепсіз ашулану, әлсіреу, шаршаңқылық белгісінде 1 ас қасықтан күніне 2 рет ішеді. Кемі 10 күн ішу керек. Ол ағзаға сергектік сыйлайды, мидың шаршауын басады.

 

Қауын. 400 грамм қауын мен 800 мл. спирт керек. Қауынды төртбұрышты бө­лік­терге бөліп, 3 литрлік банкаға салады. Үстіне спирт құяды. Сыртынан жылы орап, 18 күнге бөлме температурасында тұндырасыз. Сосын сүзіп алып, 1 шай қасықтан аптасына 2-3 рет ішіп жүрсе, бүйректің кез келген дертіне шипа.

 

Итмұрын. 150 грамм жемісі, 20 грамм жалбыз бен 0,5 литр арақ керек. Итмұрын (шиповник) пен жалбызды (мята) салқын суға ша­йып, арақты құясыз. Жылы жерде 2 апта тұру керек. Одан кейін салқындау бөлмеде сақтай отырып, суықтаудың кез келген белгісінде аптасына күн аралата 1 шай қасықтан ішеді. Оны кемі 1 ай қабылдау (сонда 15 рет) керек.

 

Қараңызшы, жасау қиын емес. Спиртке тұндырады деп те шошынбаңыз: қабылдайтыныңыз 1 шай қасықтан ғана. Ал көмегі өте көп. Ем болсын!

 

Д. БАҚЫТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ