«Дерттің емі – сумак екен» деушілер бар...

06.04.2020
Қаралды: 644

Өкінішке орай, дәл бүгінгі таңда әлемді жайлаған қауіпті індетке қарсы егілетін вакцина әлі жасалған жоқ. Десе де, әлеуметтік желіде бұған қатысты әр түрлі әңгімелер айтылуда. Таяуда: «Коронавирустың емі сумак екен. Қытайда қазір соның атауын өзгертіп, экспортқа дайындап жатқан көрінеді. Халқына беріп жатыр екен. Ішкі Қытайдың бір қаласында тұратын ініміз оның кәдімгі сумак екенін айтып жатыр. Оны Қытайлар шетелге жіберіп, қып-қызыл ақша жасамақ көрінеді. Сумак бізде өте көп. Сумак деген шәй, оның бізде бір килограммы 2-3 мың теңге тұратын болса керек. Бір килограммнан қаншама сумак шығады», – дегенді естідік. Атауы аса таныс емес бұл нәрсенің не екенін білмек ниетте біршама ақпараттар қарастырып көрген едік.

 

Сумак – бұл тамаққа қосатын дәмдеуіштің бір түрі екен. Әсіресе, шығыс тағамдарында жиі қолданылатын көрінеді. Отаны Сирия елі деседі. Атауының негізгі мағынасы «қызыл» дегенді білдіреді. Себебі, онша иісі жоқ, дәмі қышқылдау келетін бұл ұнтақтың түсі қызыл-қоңыр болып келеді екен. Кейде мұны лимон шырынының, сірке суының орнына да пайдаланатын көрінеді. Одан қышқылтым дәмі бар лимонад та жасайды екен.

 

Ғаламтор беттерінде сириялықтардың, ливандықтардың, түріктердің, Иран мен Израиль халқының сумакты салатқа, сорпаға, балық және ет тағамдарына жиі қолданатыны, ал арабтар оны ет тым майлы болғанда бетіне сеуіп те, түрлі салаттарға араластырып та жейтіні жайлы айтылады. Сумакты сумах ағашының жемісін ұнтақтау арқылы алады екен. Әдетте, бұл ағаштар Солтүстік Америка, Шығыс Азия, Африка және Еуропа елдерінде өседі. Оны «уксусное дерево» деп те атайды. Бұл ағаштың 250-ден астам түрі бар екен. Сумак алу үшін оның бәрі де жарамды деседі.

 

Медицинада бұл ұнтақты суға араластырып ішу арқылы іш өткенде, тұмауратқанда, ревматизм, сал ауруларында қолданады екен. Сондай-ақ ағзаны шлактар мен зиянды токсиндерден тазартуда, ас қорыту жүйесін жақсартуда, қандағы холестеринді қалыпқа келтіруде оның көмегі зор көрінеді. Сонымен қатар, оның қан тоқтататын, несеп айдайтын, қабынуға қарсы қасиеті де бар екен.

 

Дегенмен, бұл нәрсенің қандай да бір вирусқа қарсы тұратын қасиеті бар дегенді қанша іздесек те көзіміз шалмады. Сондықтан оны коронавирусқа ем болады дегенге аса сене алмадық. Оның үстіне әлгі аудиодан кейін аяқ астынан ел арасынан сумак сатушылар шыға келмесе, мұндай дәмдеуіштің қаншалықты тез табыла қоятыны да белгісіз. Елдің үміті тек медицинада...

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ