Ұл керек пе, әлде қыз ба?

19.02.2020
Қаралды: 798

Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны Мәдина Ахметованың (суретте) негізгі мамандығы – экономист. Ол қазір декреттегі ана. Әйткенмен үйде отырып ерекше бір іспен айналысып жүр. Мәдина қыз-келіншектерге ерте жүктілікте бала жынысын анықтауына, жоспарлап босануына қатысты кеңес беріп жүр. Қызмет құны ақылы болғанымен, қолжетімді. Небәрі 1000-5000 теңге аралығын құрайды. Біз Мадинаның өзімен тілдескен едік.  

 

«Баланы жоспарлау, жынысын анықтау деген нәрселерге тұрмысқа шыққаннан кейін қызықтым. Себебі мен жақта қыз бала, ал жолдасым жақта ұл бала көп. Содан осы саланы зерттей бастадым. Түрлі тәсілдерді тексердім. Қазақтың ырымдары да қалыс қалмады. Кейіннен 14 жылдық тәжірибесі бар генетик маманның курсын оқып, сертификат алдым. Өкінішке орай, 1,5 жыл бойы өздігімнен зерттеген дүниелерімнің барлығы дұрыс емес болып шықты. Дегенмен баланың жынысын жоспарлауға болады. Бірақ қазір көп аналар етеккір циклының неше күннен құралатынын білмей жатады. Ол кезде шамалап есептеуге тура келеді.

 

Бала жынысын жоспарлау үшін ерлі-зайыптылардың туған күнін, қан резус-факторын, алдыңғы балаларын көтерген, босанған уақытын анықтау керек. Сонымен бірге олар неше аптада туды, қалай туылды, анасы қанша қан жоғалтты, сақтану мақсатында дәрілер қабылдады ма, ағзада гормональды өзгерістер бар ма – осы секілді біршама мәліметтер керек. Анасы, әкесі жақта егіздердің бар-жоғы да маңызды. Мұнда циклдың ұзақтығы да маңызды рөл атқарады. Мен арнайы сұрақтар тізімін жіберемін, соларға нақты әрі дұрыс жауап берілсе, небәрі 35-40 минутта есептеуге болады.

 

Содан соң аналардың өзі де мерзімінен ерте немесе өте туылған болуы мүмкін. Ондай мәліметтерді олардың өз аналары ұмытып қалады да, есептеуде қателіктер шыға бастайды. Сол үшін біз бала жынысын жоспарлар алдында оларға бірнеше ай өз циклін бақылауды сұраймыз. Егер барлық мәлімет нақты болса онда 99-100 пайыз дұрыс жауап алуға болады. Ал УЗИ 90 пайыз ғана дұрыс көрсетеді. Өзімнің тұңғышымда УЗИ біріншісінде ұл деді, одан соң қыз деді, кейіннен қайтадан ұл деп шығарды, ең соңғы түскенімде баланың жынысын мүлдем көре алмады. Соңында қызды болдым. Сондықтан білікті мамандар болмаса, УЗИ-дің бәріне бірдей сенуге болмайды», – дейді ол.

 

Сондай-ақ Мәдина егіздерді де жоспарлауға болатынын айтады.

 

«Аяғы ауыр аналарда іштегі бала жынысын бірден анықтауға болады. Рас, көбісі көтере салып баланың жынысын білуге асығып жатады, бірақ мен 12 аптаға толмаған баланың жынысын анықтамаймын. Себебі кейбіреулер ұл немесе қыз болмады деп түсік жасатуы әбден мүмкін. Мұндай генетикалық есептеу алты түрлі тәсілден тұрады. Горманалды дәрілердің әсерінен ағзада ауытқулар, циклдің тұрақсыздығы, овуляцияның болмауы қате есептеуге әкеледі. Сондай-ақ, егіз баланы да жоспарлауға болады. Негізі анасы жақтан егіздер бар болса егіздің туылу ықтималдығы өте жоғары. Сондай-ақ әйел адам 29 жасқа толғаннан кейін оның егіз көтеру мүмкіндігі 10 пайызға артады. Егер  бір рет егіз туған ана болса келесілердің егіздер болуы тағы да 50 пайызға артады. Соның барлығын ескере отырып, егіз туу мүмкіндігі неше пайыз екенін айтамыз. Тұқымында мүлдем егіз болмаса да, овуляция тиісті күнге сай келіп, бәрі қалыпты болса, онда егіз бала көтеруге 70 пайыз кепілдік бар», – дейді Мәдина.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ