Қиналған жанның «тұсауын» кесіп, жолын ашады

18.02.2020
Қаралды: 1615

Кейде адамның ойға алған нәрсесі орындалмай, әуреге салатын кездер болады. Алға басқан қадамың кері кетіп, істің оңғарылмайтыны кей адамға таныс та шығар. Осындай жайға тап болған жандардың «тұсауын кесетін» бақсымен тілдескен едік. Халық емшісі Ғалия Еңсебайқызы (суретте) бізге өзі мен өзгеше емі жайлы айтып берді.

 

– Ғалия апай, қайда тұрасыз? Мамандығыңыз қандай?

 

– Мен Алматы облысында тұрамын. Талдықорған облысындағы Үшаралдың тумасымын. Көпбалалы отбасыда туып-өстім. Есепші-ревизор болып жұмыс істеген жанмын. Елге өзгеріс келіп, Қазақстан өз алдына дербес мемлекет болып, қайта құрылып жатқанда менің де өмірімде өзгерістер орын алды. 37 жасымда – мүшел жасымда қыспақ басталды. Аян алатынмын. Түс арқылы көрсететін. Түсімде құран жаттатқызады. Бұл 1994 жылдары болатын. Ол кезде мұндай нәрсеге сене бермейміз ғой, сондықтан 2000 жыл­ға дейін мойындамай, мойныма ала қоймадым.

 

Әкем адам емдейтін: қан алды, тамыр ұстады. Анам – шөптен дәрі жасаған жан. Күшәла, тотияйын, мүсәтір, сынап, түрлі өсімдіктерден дәрі дайындайтын. Құмалақ салды. Қанмен берілетін сол қасиет ақыры адам емдеуге алып келді. Олай етпесіме болмады, екі рет өлімнен қалған соң адамның айтқаны емес, Алланың дегені болатынын түсініп, мойынсұндым.

 

– Емдеуді қалай бастадыңыз? Есіңізге түсіріп көріңізші.

 

– Жаным қысылып, жәрдем сұрап барған ата: «Әруақ қысып тұр. Мо­йындамаса майып болады», – депті. Ол кісі дем салғанда көзімді ашып: «Ата, сіздің жаныңызда екі адам тұр», – дегенімді білемін. Одан кейін тоқтамай, тақпақ сияқты бірдеңені айта бердім. «Йасин» сүресін мен осылай Алланың  аузыма салуымен жаттадым. Бұл – менің тылсым әлем есігін аттаған күнім.

 

Алғаш ем жүргізе бастағанда алдыма мектепте істейтін ерлі-зайыптылар келді. Жүрекке келген әмір бо­йынша алақанымды олардың арқасына қойып,  құран оқыдым. Же­ңілдеп, еңсесі көтерілгенін айтып кеткен. Ертеңіне: «Сенің қолың тиген жерлер кәдімгідей күлдірей күйіп қалыпты», – дейді. Ұзақтау ұстап қойғанымды түсіндім. Жас балаларды оқитын кезде қолымды тигізсем болды, қуатына шыдамай, тыпырлап кететін. Алақандағы Алла берген нұрдың қаншалықты қуатты екенін содан білдім. Бұл биоток емес, бақсыларға берілетін ерекше күш.

 

– Сонда сіз сол нұрмен емдейсіз бе?

 

– Кімді қалай емдейтінім, қай сүрені оқитыным жүрегіме беріледі. Мен жүрекке келген сол ақпарат арқылы ем жасаймын. Бірақ, әрине, мұның бәрін бірден меңгерген жоқпын. Біраз уақыттан кейін бата алып барып Құран кітап, Алланың 99 есімі жазылған ерекше тәспі мен 41 құмалақты ұстадым. Қамшы мен асатаяқ та аян арқылы берілді. Мен қазір  солар арқылы ем жасаймын.

 

– Адамның қай жері ауыратынын өзіңіз сезесіз бе, әлде ол да ақпарат түрінде беріле ме?

 

– Бұрын тамыр ұстап отырып сөйлейтінмін. Қазір жүрек өзі «сөйлеп» тұрған соң тамыр ұстамай-ақ, қарап отырып айта беремін. Диагнозды да солай білемін. Қолмен ұстамауға тырысамын. Бірінші қамшымен ұстап, диагнозын қойып аламын. Содан кейін қалай емдеу керегі беріледі.

 

Негізі көзге кино немесе картина сияқты көріну, миға, құлаққа ақпарат берілуі жындардың тірлігі болуы мүмкін. Ол адамды шатастырады, адас­тырады. Ал жүрекке салған нәрсенің барлығы – Алладан. Алла маған осылай жүрекке береді. Өзінен-өзі сөйлеткенде қамшымен ұстап отырып басынан бақайына дейін бәрін айтамын. Бүйрегі сыздай ма, бауыры іскен бе, өті толған ба, ұйқы безі қабын­ған ба – бәрі айтылады. Байлам болған ба, дуа істелінген бе, жолын байлап тұрған нәрсе не, әлде ол әруақтың  киесі ме, қаралық жасал­ған ба – бәрін айтамын. Сосын 3 күн, 7 немесе 14 күн емдеймін.

 

– Қазір ішкі органдардың ауыруы мен тылсымға қатысты жайларды атадыңыз. Бұл екеуі екі түрлі нәрсе емес пе? Ал олардың емі қандай?

 

– Мен адамды алдымен асатаяқпен – зікірмен тазалап аламын. Біреуде зиянды әсер, енді біреуде негатив болуы мүмкін. Әртүрлі жағдайлар бар ғой. Сол үшін алдымен үш рет айналдырып, тазалап ал дейді. Бұл – менің үшінші асатаяғым. Оның қасиеті өте күшті, Қазақстанда үш адамға ғана бұйырған киелі зат. Оны аян арқылы алдым. Осы асатаяқты қоя беремін, ол өз міндетін атқара береді: зиянды нәрсе болса, күйдіреді, жолы жабық болса, ашады, ауруы болса, ауыздықтайды. Бұл өте үлкен рухани ем.

 

Әрине, келушілер арасында рухани еммен қатар халық емін алуы тиіс адамдар болады. Олардың жолы медицинада болса, қалайда дәрігерге барыңыз деп айтамын. Емі менен болса, дертіне қарай емдік-нүктелік массаж жасаймын. Қан аламын. От терапиясымен емдеймін. Үзбе жасаймын. Мен Тибет медицинасын оқығанмын.

 

Қан алу кезінде жаңа қан түзілуі арқылы қаны жаңарып, тазарып, ағзада сауығу процесі басталады. Қан қысымы, жүрек аурулары, ішкі органдардың сауығуында септігі көп. Массаж бен үзбе денедегі бүкіл белсенді нүктелердің жұмысын жақсартады. От терапиясы сүйекке сіңген суықты қуа отырып, тер арқылы ағзадан зиянды қалдықтарды шығарады. Одан кейін сорпалата терлеп, дұрыс күтіну керек. Кейбір ауруларды малға көші­ремін.

 

– Ауруды малға көшіру деген не, осыны түсіндіріңізші?

 

– Қанша айтқымыз келмесе де әлемде тылсым әсер бары жасырын емес. Көреалмаушылық, іштарлық себебімен біреудің жолын жауып, байлап тастаған болса, сиқыр не дуа істелсе, адам содан да себепсіз және емі жоқ кеселмен ауырады. Ондайда ауруды малға көшіремін. Ауыр дуа жасалған адамда ол малды сойғанда қаны ұйып, бауыздағанда қан шықпай қоятын кездер де болады. Сену қиын екенін білемін. Бірақ мұндай жағдайға тап болған адамдар бар.

 

– Осыған қатысты бір мысал айтып беріңізші.

 

– Өкпесінде дақ, омырауында 3,8 сантиметр ісік бар деп, екі операция жасау керек деген келіншек келген. Оған 7 күннен екі рет ем жүргіздім. Бірнеше күннен кейін ісік 1,2 сантиметр болып кішірейгенде өзі таңқалды. Ал 14 күннен кейін екі диагнозынан да операциясыз құлантаза құтылды. Мен оның ауруын малға көшір­геннен бөлек, құранмен тұсауын кестім ғой.

 

– Құранмен тұсау кесу дейсіз бе? Ол қалай?

 

– Не істесе де жолы болмай, тиесілі ақшасы қолына тимей, ісі алға баспай, қиналған адамдар болады ғой. Негізі тұсауланып қалу жаман жерді (кірдің суы, күл төгілген, қанды апат болған сияқты жерлер) бас­қаннан, сырттан болған зияннан, өзінің ниетінен болады. Оларды құ­ранмен тұсауын кесемін. Құран оқып, Алладан сұрап, пендесін Аллаға аманат ете отырып дұға етемін. Тұсаулары кесілгенде адамның берекесі кіріп, табысы артып, қарызынан құтылып, ойға алған тірлігі алға басады.

 

Бірде маған Үшаралдан жұмысынан шығып қалған бір келіншек келді. Қайда барсам да жұмысқа тұра алмадым, бір бөгет жібермейді деді. Жүрекке салып қарағанда тұсауланып тұрғанын көрдім. Жеті күн оқы­дым. Бірақ оны бесінші күні-ақ бұрын­ғы жұмысына шақырды.

 

Алматыдан өзіне-өзі қол салмақ болып, өмірден түңілген қыз келді.  Байқасам, бағы да ашылмай жүр екен.  Қап-қара киініп алыпты. Жасы болса, ұлғайып барады. Ол да тұсауы кесілген соң суицид туралы ойлауды қойды. Қызметі көтерілді. Араға жыл салмай тұрмысқа шықты. Қазір бір мекеменің директоры.

 

Мен осындай жайларға куә болып, қолымнан келгенше Алланың жетелеуімен жердегі пенделеріне жәрдем беріп жүрген жанмын. Мұндайда емшінің өзінің бойы, ойы, ниеті, жүрегі таза болуы керек. Олай болмаса, оның адамға еткен қызметі зая. Ем қонбайды.

 

– Әңгімеңіз үшін рахмет.

 

Сұхбаттасқан – Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ