Асқабақты ас әрі дәрі деп те біліңіз

28.10.2019
Қаралды: 270

Бүгінде асқабақтың пісіп жатқан кезі. Ал мамандардың тұжырымынша, бұл азықтың ағзаға қоректік қана емес, шипалық та пайдасы мол.

 

Соның бірқатары жөнінде назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 

Асқабақтың құрамында ағзаға аса қажетті жасұнық көп. Мысалы, бір шағын ыдыстағы асқабақ «етін» жегеннің өзінде адам біраз уақытқа дейін өзін тоқ сезініп жүреді. Оған қоса ол ас қорыту жүйесінің жұмысын жақсартады, ішектерге жағымды әсер етеді, ағзаны түрлі қалдықтардан тазартады. Оны көп жеп қойдым деп те қорықпайсыз, өйткені, жаңағы айтқанымыздай, ол адамды тез тойындырады. Асқабақтың осы қасиеті әсіресе артық салмақтан арыламын деушілерге жақсы көмекші бола алады.

 

Асқабақ жүрекке де пайдалы, тұрақты тұтынса, ол қан құрамындағы «жаман» холестеринді азайтады, инсульт пен жүрек талмасының алдын алады. Құрамында магний мол болғандықтан ол қан қысымын  қалпына келтіруде де көмекші. Әсіресе дәнінің майы қан қысымын төмендетуде пайдалы, ол жүрек пен аортаны түрлі дерттерден қорғап, сауықтырады.

 

Құрамында бета-каротин мен басқа да каротиноидтер мол бұл өнімнің сондай-ақ ағзаны обырдан қорғайтын да қасиеті бар, әсіресе тері, омырау, өкпе қатерлі ісіктерінен сақтайды. Ол – күшті антиоксидант, яғни ағзада зиянды тотығуды болдырмайды.

 

Асқабақ көзге де пайдалы. Бір тостақ піскен асқабақта адамның күнделікті қажеттігін өтейтін А витамині бар. Ол көздегі дегенерациялық өзгерістерді тежейді, қаракөлеңкедегі көз көруін арттырады. Оның құрамындағы лютеин мен зиксотин көз ұлпаларына жиналып, оны түрлі зиянды әсерлерден қорғайды.

 

Асқазан ағзадағы зиянды холес­теринмен қоса ауыр металдарды да сыртқа қуады. Ол жатыр мойны эрозиясы, қабыну, бедеулік сияқты гинекологиялық дерттерге де шипалы. Жүкті әйелдерге пайдалы. Асқабақтың құрамында магний, кальций, темір мол болуы оны қаназдыққа қарсы да дауалы етеді.

 

Бұл өнімнің көңіл-күйді көтеретін де қасиеті бар. Дәніндегі триптофан амин қышқылы ағзада серотониннің жеткілікті түзілуіне әсер етеді. Бұл әсіресе ағзада серотонин азаятын қара күз кезінде маңызды.

 

Асқабақтың бұдан өзге де пайдалы қасиеттері баршылық. Сондықтан оған жай азық деп қана емес, ағзаға шипалы дәрі деп те қарауға болады. Ендеше, асқабақ жей жүріңіз!

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ