Қазақтың көне емін жаңғыртқан

15.10.2019
Қаралды: 436

Заман қаншалықты қарыштап дамыса да, медицина мықты өркендеді десек те, кейбір дертті емдеуде соңғы шыққан мақтаулы дәрі емес, сонау көне дәуірден келе жатқан халық емі ғана шипа болатыны бар. Төменде баяндалатын оқиға осы жайлы: қызылордалық Айдана Жораева осындай емнің арқасында бірнеше жылға созылған ауруынан сауығыпты. Қазақтың көне емін жаңғыртқан емші мен ерекше ем туралы Айдананың анасы Тұмар Тәжібаева былай дейді:

 

Аурудың азабын тартқан екен

 

«Қызым Айдана бала күнінде ангинамен көп ауырды. Ол үшінші класта басталды. Сылап-сипап, дәрігер берген дәріні ішкізіп, тамағын бастырып, ыстығын түсіріп жүре бердік. Ангинаның бұлай күшейіп кететінін білген жоқпыз. Тамағының қызарып, іскені басылса болды, қуанып жүре бердік.

 

Бесінші сыныпқа жеткенде қызымның сол жақ иығы тартылғандай болып, мазасы кетті. Аудан дәрігерлері ревматоидты артрит деген диагноз қойды. Біраз уақыт емдеді. Болмаған соң облыс орталығына жіберді. Екі жақта да екі реттен ем алдық. Сосын ревматологтар «преднизалон» деген дәрі жазып берді. Айданам бірнеше жыл бойы соны ішіп жүрді. Ауру содан сәл басылғандай бол­ған. Бірақ ол уақытша ғана нәрсе екен. Өйткені ауру кейін тағы қайталады.

 

Осы аурумен арпалысып жүріп қызым мектеп бітірді. Колледжге түсті. Ол жерде де қатты қиналды. Өйткені аяқтары ісіп, ауыра бастады. Таңертең орнынан тұра алмай қалатын. Сабақтан қалып кететін кезі көп. Біз ем іздеп талай дәрігер мен емшінің алдынан өттік. Алматыда алтын инені меңгерген жан бар деді. Жаңақорғанда алақанында қуат бар адам туралы естідік. Шымкенттегі аштықпен емдейтін орталықты да көрдік. Бие ұстап, саумал ішкіздік. Әулие аралап, зиярат етсе кетеді деді. Осындай құлақ естіген, аяқ жететін жердегі емдейді деген адамның бәріне бардық. Дәрігерлер жазып берген дәрі, мазь, бальзам, таблетканы үзген жоқпыз. Көмегі болар деп қолдан да көптеген дәрі алып, ішіп жүрді. Ревматологтардың берген дәрісінен ешқандай пайда болған жоқ.

 

Қайта гормоналды дәрінің әсерінен қызым толып кетті. Оң қолы қатты тартылып, шынтағы жазылмай қалды. Ауыр уколдар салдыруға жеттік.

 

Айдананы жеке клиникаларға да қараттық. Алтын ине салу, шөп ванналары, массаж дегеннің түр-түрін қайталайтынбыз. Хиджама жасатты. Сүлік те салдырды. Бәрібір бір-екі ай ғана жақсы болады. Кейін қайтадан аяғы ісіп, тізесі ауырып, табанын баса алмай қалады. Қайда барсақ та осы. Біз ем іздеп шаршадық. Үміттенген жерден ем қонбай, сенім ақталмауынан шаршадық. Жанымыз ауыратын. Укол-системадан шаршадық. Біздің солай сандалып жүрге­німізге 20 жыл болыпты.

 

Екі жыл бұрын қызым тұрмыс­қа шықты. Енді бұрынғы ауруына жатырдағы суық қосылды. Қызымның есіл-дерті бала көтеру болды. Буынын ойлап жатқан жоқ. Бар арманы – балалы болу.

 

Гүлмира емші қалай емдеді?

 

Жалғанда ата-ана үшін баланың бақытынан асқан уайым жоқ қой. Қызымның ауруынан айығып, балалы болуы мен үшін де ең үлкен арман. Бір күні осы уайымымды білетін құдағиым (Алматыда тұрады) хабарласты.

 

«Шымкентте мықты бір емші бар. Халық емінің білгірі. Көне тәсілдермен ем жасайды. Сандалып жүрген талай адам шипасын содан тауып жатыр», – деді. Шөптерден өзі дәрі жасайтын, сөзі де, салған демі де шипа Гүлмира емшімен мен осылай таныстым. Оған бар­ғанда қызымның буындары қатты ісіп тұрған. Табанындағы ісік 2 еліге жететін. Аяқ киім сыймай, екі тізе, екі шынтағы, буыны, саусақтары икемге келмей, әзер қозғалып кірді алдына.

 

«Мен бұл ауруды бірден жұлып алып тастай алмаймын. Бірақ сіздерді қайтармаймын. Қызыңызды алып қаламын. Ем жасаймын. Қалғаны бір Алланың қолында», – деді ол.

 

Емді бірден, ә дегенде табан­ға массаж жасаудан бастады. Кейін бүкіл денесіне кемі 1 – 1,5 сағат массаж жасайтын болды. Ондай кезде алақаны қызып, денеге ыстық леп тарайды.  Әр түрлі шөптерді әзірлеп, солар­ға бұлау жасады. Шөптердің емдік ваннасы деген бір басқа, бұлау деген мүлде бөлек ем екенін осы жерде түсіндік. Бұлаудан кейін күтінудің де тәртібі бар екен. Гүлмира апай осы ережелердің бұлжытпай орындалуын өзі қадағалап отырды. Бұ­лау­дан кейін бал қосып, хош иісті емдік шай береді. Қара тікен тұз суықтауды өте жақсы қайтарады деп, алыстан сондай тұз алдыртып, оған дем салып, тұз бұлауын да жасады. Қызымның денесінің ісігі қайтып, жүріс-тұрысы жеңілдеп қалды.

 

Бірінші емдік курс аяқталғанда Гүлмира емші қызыма емдік шөптер мен арнайы майлар беріп тұрып:

 

«Тұмар, қызың енді біраз күн демалып келсін. Үйге дәрі беріп жіберемін. Тағы бір-екі тапсырма бар. Соны бұлжытпай орындасын. Екінші курста ем бұдан күрделі болады. Ағзасы соған дайын болуы керек», – деді.

 

Айдана ол майлармен денесін сылап, шөптерді тәртібі бойынша ішіп жүрді. Сүйекке, бұлшық етке, қан айналымына жақсы көмегі бар витамин, минералдар тағы бар.

 

Екінші курсқа келгенде Гүлмира емші мүлде бас­қаша ем бастады. Ұзақ сақталған жылқының майымен сылап, қызымыздың буындарын босатып, оның артынша «свежий» майымен майлап, суықты тартатын ем жасады. Күнара тұз, шөп бұлауы жасалады. Төртінші күні мені шақырып алып:

 

«Тұмар, күн жылы кезде қызыңды теріге салып алайық. Буын-буыны босап, бұлшық ет пен сүйек емге көнуге дайын. Енді бойындағы суықты шығару керек. Сыз бен суықтан болған буын ауруының бірден-бір дауасы көнеден келе жатқан осы ем», – деді.

 

Теріге салудың кереметі неде?

 

Не керек, дереу қой сойып, терісін жылыдай алып, қызымның денесін орап тастады. Теріге салған кезде қызым біразға дейін ештеңе сезген жоқпын деп жатқан. Гүлмира апа жанында үзбей дем салып, дұға оқып, Алладан шипа сұрап отырды. Жарты сағат өткеннен кейін Айдананың аяғы жылып, табанынан мұздай тер шықты. Көп ұзамай бүкіл денесінен тоқтаусыз тер аға бастады. Бірақ бұл мұздай, сондай суық тер еді. Айдана осылай екі сағат жатты. Одан кейін теріні өзім далаға алып шыққанмын. Өте ауыр, сондай сулы болып кетіпті. Қызымның бала күннен денесіне сіңген суығы сол теріге сіңіп, ауруы соған көш­кенін бүкіл болмысыммен сезіндім. «Ауру да, қызыма жабысқан ауырлық та осымен кетсінші», –  деп тіледім.

 

Мен мынадай ғажа­йып­қа куә болдым: теріге сал­ған екі сағатта үнемі қуарып, бозарып жүретін қы­зымның бетіне қан жүгіріп, көзі жайнап шыға келді. Ісіктері қайт­қан. Қимылы жеңіл. Бұл біз жиырма жыл көрмеген нәтиже! Теріге түскеннен кейін шөп ваннасын, бұлауын қабылдағанда қызымның терлегенін көрсеңіз! Моншақ-моншақ болған ірі-ірі тамшылар тоқтаусыз ағатын.

 

Қысқасы, біз үйімізге аса үлкен қуанышпен қайттық. Дегенмен алда әлі тағы бір емдік курс бар. Мен қызымның толық жазылып, аттай болып кететінін сеземін.

 

Айтпақшы, біз ем алып жүргенде Гүлмира емшіге дем салдыруға көп адам келетін. «Демі күшті. Дем салғанда ессіз, комада жатқан адам көзін ашып, беті бері қарайды. Айтқаны айнымай келетін көріпкел. Сөзі дуалы жан. Ол сөзімен-ақ жолыңды ашып жібереді», – деп қай-қайсысы да тамсана айтып отырады. Бұл сөздер мені елең еткізбей қоймады.  Дем салдырдым. Шынында мықты. Мұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бо­йымда мың-сан ұсақ құмырсқа жүгіріп өткендей болды да, бір кезде өмір бойы арқалап жүрген көзге көрінбейтін ауыр жүк сылқ-сылқ етіп жерге құлап жатты. Әп-сәтте денем жеңілдеп, өзім сергіп, көңілім көтеріліп қалды. Көңіліңе кәдімгідей нұр құйғанмен тең әсер. Бір дем салғанда-ақ көзің шырадай жанып, жеңілдеп қалады екенсің. Ал енді үш немесе жеті күн дем салдырғанда қандай қуат алатыныңызды сезіне беріңіз.

 

Мен осындай керемет көріпкел, халық емінің білгірі, адамгершілігі мен қасиеті өте мықты емші Гүлмира Оспановаға алғыс айтамын. Біз сияқты ем іздеген жандар болса біле жүрсін деген оймен басымыздан өткен жайды бүге-шегесіне дейін түсіндіріп жазған себебім сол».

 

Оны мықты көріпкел дейді

 

...Біз Тұмар Тәжібаеваның айтқанын өзіміз куә болған жаймен толықтыра кетсек дейміз.

 

Екі жыл бұрын маусым айында бізге Астанадан (ол кезде солай аталатын) Р. есімді әйел хабарласты.

 

«Екі күннен бері інімді іздеп таба алмай жатырмыз. Жасы жиырма бесте. Биыл бірінші рет ауыз бекітіп еді. Ақтау қаласында тұрады. Ауызашардан кейін достарымен суға түсіп қайтайық деп кеткен. Содан жоқ. Екі күннен бері Каспийді тігінен де, көлденеңінен де кесіп, сүңгуірлер су астын, моторлы қайықпен теңіз бетін, тікұшақпен көз жетер аймақты түгел қарап жатырмыз. Жоқ...» – деді ол.

 

Түн ортасындағы тосын қоңырау ұйқымызды шайдай ашты. Беймезгіл уақыт екеніне қарамастан біз Гүлмира Оспановаға хабарластық. Маңызды қоңырауды қашықтан-ақ сезіп отыратын ол тұтқаны бірден көтерді. Мән-жайды түсіндірдік. Жауап таңқалдырды.

 

«Ол жігіт өлілердің арасында жоқ. Тірілердің арасынан да көрмедім. Бір жарым күннен кейін, түс ауа теңіздің оң жақ жағалауынан табылады. Сүйіншісі бар. Яғни жігіт аман-есен», – деді Гүлмира Аманқызы.

 

Бұл жауапты естіген Р. аздап ашуланыпты. Өйткені оған Ресейдің мықты да мақтаулы экстрасенстерінің өзі суға кетті, о дүниелік болды деген көрінеді. Ашық теңізге суға кетіп, іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеген бауырын туыстары да өлдіге санаған сияқты. Бірақ сол жігіт тап Гүлмира Аманқызы айт­қан күні, тура солай: түс ауа тірі табылады. Теңіз толқынымен екі рет Әзірбайжан жағалауына  барып-қайтқан жігітті суға батырмай сақтап қалған – белуарынан «киіп» ал­ған камаз баллоны екен. Ал көріпкелдің «Өлі де емес, тірі де емес» деуі – төбеден күн шақырайып, төменнен теңіздің тастай суы әл-қуатты қашырып, әлсіретіп, жігіт талықсып кеткен. Оны Ақтауға бара жатқан Әзірбайжан кемесі көріп, құтқарып қалған. Ашық теңізден аман табылған жігіт туралы кезінде барлық ақпарат құралдары жарыса жазып жатты. Ал астаналық келіншек Гүлмира емшіге хабарласып, алғыс айтқанда көріпкел оны тағы таңқалдырады. Ол туыстарымен аман қауышқан жігіттің бірінші мүшел жасында да суға кетіп, тірі қалғанын айт­қан. Өзі түгілі суретін де көрмеген адамның өткен жылдарда басынан өткен жайды айна-қатесіз айтып бергенінен кейін Р.  біздің елде де Алла ерекше жарат­қан, телепатиялық қасиеті ғажап жандар бар екенін мо­йындапты. Оның «Алла разы болсын!» деп басталатын алғыс білдірген SMS-хабарламасы бізде әлі сақтаулы.

 

Гүлмира Оспановаға бүгінде жоғалып кеткен үйір-үйір жылқысын сұрап, ұрлан­ған көлік, қолды болған бұйымынан дерек білу үшін хабарласатын адамдар жетерлік. Бірақ емшінің тұтқаны көтеруге көбіне уақыты бола бермейді. Себебі оған дертінің себебі мен емі табылмай, көмек сұрап баратын адам көп. Сондықтан қажет еткен жандарға Гүлмира емшінің өз номеріне (8-775-660-13-75) қоса көмекшісінің (8-705-685-55-70) де нөмірін жазып отырмыз.

 

Әрине, қайда барамын, кімге ем­делемін десеңіз де өз еркіңіз. Біз тек қажет еткен адамдарға септігі тиер деген оймен, өзіміз куә болған жайды қоса жазуды жөн көрдік.

 

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ