Қыстағы денсаулық күнтізбесі

16.01.2019
Қаралды: 269

Жыл маусымдарының алмасатын тұсында  ағзада бірқатар өзгерістер болатыны, сондай-ақ бұл кезде оған түрлі сыртқы әсерлерден қауіп төнетіні белгілі. Сондықтан кейбір жайсыздықтардың алдын алуды ертерек ойластырып қойған абзал. Мысалы, жеке сауықтыру кестесін жасап қойсаңыз болады. Осы орайда қаңтар мен наурыз айларын қамтитын бірқатар әрекеттер жөнінде айтпақпыз.

 

Бүйректі тексерткен абзал

 

Жаңа жыл мерекесінен кейін, қалыпты жұмыс режиміне түсу үшін өзіңізді қолға алыңыз, жағдайыңызды қадағалап, түрлі жұқпалардан сақтана жүріңіз. Жоспарлы түрде бірқатар тексерулерден өтсеңіз болады. Стреске ұрынудан сақ болыңыз.

 

Бұл кезде стоматологқа кө­рінген де дұрыс. Жыл басында тіс тасынан арылып алған жақсы.

 

Түрлі ауруларға қарсы, әсі­ресе экзотикалық елдерге саяхаттайтын болсаңыз, ол жақта жұғуы мүмкін инфекцияларға қарсы екпе жасатып алыңыз. Осы айда несеп қабы мен бүй­ректің белсенділігі артады. Сон­дықтан нефрологқа, уролог­қа көрінген дұрыс.

 

Жұмыс пен демалыс режи­мін қалыптастырыңыз. Әр күнді жос­парлап қойыңыз. Сонда уақытты тиімді пайдаланатын боласыз.

 

Ақпан – көктемге  әзірлік айы

 

Ақпан айы – қыс маусымының көктемге ауысатын өтпелі тұсы. Айдың екінші жартысында көп адам жайсыздық сезіне бастайды. Сондықтан ағзаны витаминдермен қа­нықтырып отыру керек. Әсіресе бұл әйелдерге керек, олардың тексеруден өтіп тұрғаны дұрыс. Гинекологқа көрініп, кіші жамбас аумағын ультрадыбыстық зерттеуден, қалқанша без гормондарын, жалпы гормондық ахуалды тексертіп алған дұрыс. Эндокринологқа көрінген, несеп-жыныс жолы функцияларын тексерткен жөн. Онколог-маммологқа көрі­ніп, сүт бездерін ультрадыбыстық зерттеуден өткізген абзал. Егер де әйелде мастопатия болса, онда омырауды ультрадыбыстық тексеруден өткізген дұрыс. Целлюлитке қарсы кешенді істер атқарған жақсы. Өйткені целлюлитті  қыс бойы ағзаға жиналған қоқыс-қалдықтар туындатады.

 

Ароматерапиядан өткен де пайдалы. Оның асқазан жұмысына, психикаға әсері зор.

 

Әсел (бал) жеп тұрған дұрыс. С витаминін көбейту үшін цитрус жеміс­терін, кивиді, қызанақ, брокколи, келім­дәрі сияқты азықтарды тұтынған абзал. Ол буынға жақсы, ағзаны инфекция­дан қорғайды. Ашытылған орамжапырақ, әсел қосылған шөп майдың да пайдасы зор. Олар витамин, минералдарға бай болады.

 

Наурызда ағзаға салмақ көп

 

Ал наурызда  көбіне созылмалы аурулар қозады, асқазан-ішек жолында кінәраты барлардың мазасы кетеді. Жалпы, көп адамдарды әлсіздік, шаршаңқылық әбіржітеді. Наурыз ағзаның физикалық және психологиялық ахуалына жайсыз әсер етеді. Күн жылына келе кей вирустардың белсенділігі артады.

 

Бұл кезде терапевтке, иммунологқа көрініп тұрған дұрыс. Витаминдер кеше­нін қабылдаған жөн. Ненің тиімді боларын дәрігермен кеңесіп анықтап алу керек. Сондай-ақ флюорографиядан өткен, қалқанша безді тексерткен де дұрыс. Егер наурыз айында адамның ұйқысы қашып, түнде жүрегі ауырса, ауа жетпей қысылуы жиілесе, бұл нейроциркулярлық дистония болуы мүмкін. Ұйқы алдында таза ауада серуендеген, таң­ертең ауыспалы душ қабылдаған жөн. Жатарда валериана, жалбыз сығындысын, сасықшөп (пустырник) ішкен абзал. Құрамында  В6 витамині және магний мол препараттар қабылдауға кеңес беріледі. Егер мұндай жай бір айдан аса уақыт мазаласа, онда дәрігерге көрінген абзал.

 

Жалпы, бұл айда таңертең және кеш­­кі уақытта түрлі дене жаттығуларын жасап, түс кезінде таза ауада се­руен­дегеннің ағзаға көмегі көп.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ