Шыршада да шипа бар

08.01.2019
Қаралды: 324

Жыл бастауының символына айналған шыршаның шипалы тұстары көп екен. Сондықтан біз осы жайлы аз-кем дерек бере кеткенді жөн көрдік.

 

Халық медицинасында емге шыршаның қылқандары, қабығы, түйіні қолданылады. Оның қылқанынан витаминге бай сусын әзірлеуге болады. Ағзаны нығайтып, сергітетін, маусымдық вирустарға қарсы қуатын күшейтетін сусын әзірлеу үшін 20-30 грамм қылқан жеткілікті. Оны жақсылап жуып, 200 грамм суда 20 минут қайнату керек. Осыны тұндырып, сүзіп, екіге бөледі де, таңертең және кешке ішеді. Дәмі қышқылдау болғандықтан оған бал немесе қант қосуға болады. С витаминінің тәуліктік мөлшерін толтыратын бұл тұнба суықтан болған ауруларда да жақсы көмектеседі. Ал емді 8 күн жалғастыру керек.

 

Денеге бөртпе шыққанда, тері қызарғанда, шемен (водянка) болғанда шыршаның түйіні мен қылқанынан дәрмек жасауға болады. Ол үшін жас бұтағы мен түйінін ұнтақтап, 30 грамды 1 литр сүтке қосып, 8-10 минут баяу отта қайнатады. Сүзіп алып, осыны үш мезгіл ішеді. Сүтке қайнатылған шырша түйіні тері ауруларының барлық түріне шипа.

 

Шыршада темір, хром, аллюминий мен мыстың адам ағзасына қажетті тәуліктік мөлшері бар. Ондағы аскорбин қышқылы, эфир майлары тыныс жолы ауруларының алдын алуға жәрдемші. Оның тұнбасы қақырық түсіреді, зәр қуады, өт қоюлануының алдын алады. Өкпе қабынғанда, жоғары тыныс жолы аурулары асқынғанда, ревматизм кезінде, аяқ-қол ісінгенде оның қылқаны мен жас бұтақтарынан емдік ванна, бұлау (ингаляция) жасауға болады. Нәтижесі көп күттірмейді.

 

Міне, Жаңа жыл мерекесі кезінде әр үйге сән беріп, көпшілікке қуаныш сыйлайтын шыршаның осындай шипалы тұстары бар. Мұны да біле жүргейсіз. Әр үйде шырша шамы жағыла берсін!

 

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ