Ұйқы қанбауы жақсы емес

10.12.2018
Қаралды: 248

Адамның ұйқысы қанық болуының да денсаулыққа тікелей әсері бар. Егер адамның ұйқысы үнемі қанбай жүрсе, ол бірқатар ауруларға шалдығуы мүмкін. Өйткені ол гормондық ауытқуларға соқтырады.

 

 

Мысалы, ұйқының қалыпсыздығы жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын бұзады, қан қысымын арттырады. Қан қысымының артуы, бас айналуы, денеде діріл пайда болуы, тершеңдік, демігу, бастың солқылдап ауыруы жүрек-қан тамырларының ауруларына, инсультке, инфаркт­ке соқтыруы мүмкін. Мұндайға ұрынбас үшін толыққанды ұйқы қалыптастыру керек.

 

Ұйқының жетімсіздігі бас сүйегі ішіндегі қан қысымының жоғарылауына апарады, одан жүйке тамырларының бүлінуіне соқтырады. Одан көз көруінің нашарлауы туындайды.

 

Күніне 4 сағат ұйықтайтын адамдар семіздікке бейім болады. Сондай-ақ аз ұйықтайтындар өзін үнемі жайсыз, шаршаңқы, әлсіз сезінеді, денесі қызуы немесе себепсіз тоңуы, уақыт пен кеңістікті дұрыс сезінбеуі мүмкін.

 

Мұндайда ағзадағы зат алмасуы бұзылуы салдарынан гормондық өзгерістер де орын алады. Дене бөртіп, шаш түседі, адам ерте қартаяды. Ұйқы гормоны – мелатонин түзілуінің шарықтау шегі түнгі сағат 2-ге тура келеді. Сондықтан бұл уақытты үнемі ояу өткізетіндер тез қартаяды.

 

Ұйқының жетіспеуі сүйектің әлсізденуіне де себеп. Созылмалы ұйқысыздық салдарынан ересектерде сүйек тығыздығы кеміп, ол боркеміктікке айналуы мүмкін. Бұл тестостерон гормонының түзілуі шектелуінен туындайды.

 

Қысқасы, ұйқының қалыпты болуын қадағалаңыз. Оның денсаулыққа тікелей қатысы бар.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ