Теміреткі жұқпалы жара ма?

05.12.2018
Қаралды: 290

Сұрақ: Қызым 33 жаста. Денесі қатты қышынады. Дерматолог-дәрігер оған қызыл теміреткі шыққанын анықтады. Қызыл теміреткі деген жұқпалы емес пе? Қалай емделуге болады?

 

Мәрияш МЫРЗАХАНОВА.

Қарағанды қаласы.

 

Жауап: Қызыл теміреткі «Живера» деп аталады. Көбіне қызыл теміреткімен суық тиген немесе жұқпалы аурулардан кейін иммунитеті төмендеген 40 жасқа толмаған адамдар ауырады. Теміреткі қоздыратын вирустар осы күнге дейін мәлім емес. Кейде ауа райының нашарлауынан денеде ұсақ бөртпелер пайда болады. Ол инфекциялық аллергиядан пайда болуы да мүмкін.

 

Мұны кейбіреулер  терінің шамадан тыс жаурауынан деп біледі. Адамның жүйке жүйесіне салмақ түсуден де ағзаның қор­ғаныш күші әлсірейді де, денеде бөртпелер пайда болуы мүмкін. Мамандар мұны жұқпалы ауруға жатқызбайды. Кейбір отбасы мүшелерінде жаппай кездесуі мүмкін. Яғни бұл отбасыда гигиеналық тазалық сақтала бермейді де, иммунитеттері төмендеген деп бағалауға болады.

 

Денеде қызыл теміреткі қалай көрі­неді? Суықтағаннан бірнеше күн өткенде немесе стресс алғанда денеде  көлемі 2-ден 10 сантиметрге дейін болатын қызыл бөртпе пайда болады. Бұл аналық деп аталады. Оның орта тұсы бірте-бірте сарғыш түске айналып, қабыршақтанады. Бөртпе астының терісі құрғақ болады да, ысып, дуылдап қыши бермейді.

 

Көп адамдар көбінесе бұл бөртпеге мән бермейді. Тек ыстық душ қабылдағанда  жайсыздықты сезінеді. Ал бөртпелер  кеудеге, мойынға, арқа­ға, иыққа жайылады. 7-10 күнде бүкіл де­нені басып, қабыршақтанады.

 

Қызыл теміреткі ерекше емдеуді қа­жет етпейді. Қы­шы­май, тынышталғанда иммуниттетті көтерсе, өзінен-өзі жоқ болып кетері сөзсіз. Тек мына аталған ережелерді сақтаса болғаны: теміреткі шыққанда теріні құрғатып, тітіркендіретін йод пен спирт немесе құрамында күкірті бар ерітіндіні жағуға, денені қыздыруға болмайды. Бөртпелер бүкіл денені жайлап кетпес үшін моншаға түсуді доғара  тұрған дұрыс. Душқа түскенде сабын мен ысқышты пайдаланбаңыз. 

 

Қызыл теміреткі шыққанда күн астында жүрген зиян. Ал теміреткінің басқа түрлері шыққанда ультракүлгін түс жағымды әсер береді екен. Мақтадан тігілген киім дұрыс. Жүн түктері  мен синтетикадан тігілген киімдер теріні тітіркендіреді. Әрі ауаны жібермей, пысынатып, терлетіп жібереді. Аллергия тудыратын тамақтарды ішпей қоя тұрып, үнемі көкөністен да­йындалған тамақ ішіңіз.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ