Отбасымен ВИЧ жұқтырғандар да бар

04.12.2018
Қаралды: 403

Желтоқсанның бірі – бүкіләлемдік СПИД-ке қарсы күрес күні. Әлем жұртшылығын осы індетпен күресуге шақыратын күннің аталып келе жатқанына тура 30 жыл. Осыған орай біз Шымкент қаласындағы «ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі орталық» МКҚК бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Машировпен (суретте) сұхбаттасқан едік.

 

 

– Қожахмет Намазбайұлы, бір жыл бұрын сіз Оңтүстік Қазақстан (сол кездегі) облысында ВИЧ/СПИД инфекциясымен тіркелген 3145 адам бар деген едіңіз. Сондай-ақ өткен жылы 182 адамда осы инфекция бары белгілі болғанын айтқаныңыз есімізде.

 

– Иә, одан бері көрсеткіштер өзгерді. Оң өзгерістер бар. 2018-жылдың 10 айында АИТВ-ға 393.212 адам тексеріліп, оның 168-інде инфекция анықталған. Демек тексеру көрсет­кіштері сол сол деңгейде болғанымен, анықталуы 14 жағдайға төмендеген. Соның нәтижесінде АИТВ-ның таралу көрсеткіші бойынша облысымыз 9 орыннан 10 орынға төмендеді.

 

– Көрсеткішті инфекцияны жұқтыру жолдарына қарай талдап көрейікші.

 

– Инфекцияның тек 3 жолмен жұғатыны белгілі: қорғалмаған жыныстық қатынас, қан арқылы және АИТВ жұқтырған анадан балаға (жүктілік, босану және емізу кезінде) беріледі. Осының ішінде қорғалмаған жыныстық қатынас салдарынан жұқтырғандар үлесі 70-80%-ды құрайды.

 

Негізі жыныстық жұқтыру жолының қаупі жоғары. Себебі сақтанбаған жағдайда оған кез келген адам тап болуы әбден мүмкін. Ал ине арқылы есірткі қабылдаудан болған жағдай – 10-20%. Зерттеулер ересек адамдардың 100-ден біреуі ғана ине арқылы есірткі тұтынуы мүмкін екенін көрсетеді.

 

Облысымызда АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуіне жол бермеу мақсатында 2007-жылдан жүкті әйелдерді міндетті түрде тексеру енгізілген. Нәтижесінде осы күнге дейін АИТВ-позитивті әйелдерден туылған 535 нәрестенің тек 15-інде ғана инфекция бары анықталды. Қалған 520 нәрестеге инфекция берілмеген.

 

Өкінішке орай, қоғамымызда ерлермен (гомосексуалды) жыныстық қатынасқа түсетін ерлер (ЕЖЕ) жиі кездесуде, осы жолмен жұқтыр­ғандар үлесі 5% құрап отыр.

 

– Мынау сұмдық екен.

 

– Шілде айында 28 жастағы А. есімді ер азамат орталыққа келіп АИТВ-ға құпия (анонимді) тексерілгісі келетінін мәлімдеді. Психо­әлеуметтік сұхбат барысында ол бірнеше жылдан бері ерлермен (гомосексуалды) жыныстық қатынасқа түсетінін, соңғы рет Алматы қаласында қыдырып барғанда Р. (27 жас) деген жігітпен жыныстық қатынаста болғанын мәлімдеді. Кейін оның АИТВ-мен сырқаттанғанын естіп, тексерілуге келген екен. Зертханалық тексеру нәтижесінде А-да АИТВ диагнозы расталды. Эпидемиологиялық тексеру барысында оның Шымкент қаласында 4 еркекпен қатынаста болғаны, оларды зертханалық тексеру нәтижесінде 1-іне вирус жұқтырылғаны анықталды.

 

– Тәп-тәуір, қалыпты отбасыда да осы инфекцияны жұқтырып алушылар бола ма?

 

– Ауруды жұқтыру қаупі адамның материалдық, әлеуметтік, тұрмыстық, лауазымдық және басқа да жағдайына байланысты емес. Сондықтан инфекция жұқтырғандар арасында қоғамымыздың барлық топ өкілдері кездеседі.

 

Мысалы, 2018-жылы анықталған жағдайлардың 90%-ы қалыпты отбасы мүшелері. Бір бойжеткенде жүктілік кезінде АИТВ анықталды, ал жұба­йында бұл инфекция жоқ. Психологпен әңгіме барысында бойжеткен бірнеше жыл бұрын (16 жасында) басқа бір ер адаммен (ол адамның кейінгі тағдыры белгісіз) 1-2 апта көлемінде кездескенін мойындады.

 

Өте аянышты мысалдардың бірі: бір бойдақ кәсіпкер әйелде АИТВ анықталды. Психоәлеуметтік кеңес барысында ол бір жанұялы еркекпен кездесіп жүргенін мәлімдеді. Ол еркектің жанұясына жүргізілген тексеру барысында оның өзінде, жұбайында және емізулі нәрестесінде АИТВ анықталды. Вирус әйелге босанғаннан кейін жұққан. Ал балаға емізу барысында ана сүтімен берілген. Міне, кездейсоқ әйелдермен бейберкет жыныстық қатынастар нәтижесінде ер адам жұбайына, нәрестесіне, көңілдес әйеліне вирус жұқтырды. Осы мысалдар қалыпты отбасыларда орын алып отыр. Сондықтан инфекция тек қолайсыз отбасыда болу мүмкін деу – қате.

 

– АИТВ-инфекциясын жұқтырушыларды анықтау жолында атқарылып жатқан  жұмыстар жайлы айтайық.

 

– Орталықтың зертханасында жыл сайын АИТВ-ға 400 мыңға жуық тексеру жүргізіледі. Яғни Шымкент қаласы мен Түркістан облысы халқының 15% жуығы тексеріледі. АИТВ-ға тексерілуге міндетті санаттар қарас­тырылған: жүкті әйелдер, донорлар, реципиенттер, қамау­дағылар, әскери қызметкерлер, медицина қызметкерлері, тұрақты мекен-жайға келген шет ел азаматтары, инъекциялық есірткі тұтынушылар, секс қызметкерлері, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер, жыныстық жолмен жұғатын аурулары бар тұлғалар, туберкулез, вирусты гепатит және т.б.  Тексеру ауқымын кеңейту мақсатында 2018-жылы 15-қараша – 15-желтоқсан аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған «Өз мәртебеңді біл» ұранымен айлық науқаны өткізілуде. Науқан барысында ЖИТС-орталығының мамандары тұрғындарға ашық есік күндерін өткізіп, АИТВ-инфекциясының жұғу жолдары, диагностикасы, емі және алдын-алу шаралары туралы кеңес береді. Ерікті түрде анонимдік немесе құпия медициналық зерттеліп-қаралу жүр­гізіледі. Бұл шаралар  халық көп шоғырлан­ған жерлерде (саябақ, сауда орталықтары және т.б), жоғарғы және арнайы оқу орындарында, мектептерде, жастар орталықтарында да жүргізіледі. Жедел-тестілеу әдісімен бір тамшы саусақ қанынан 15 минут ішінде АИТВ-ға тексерілуге болады. Келешекте адам сілекейінен де АИТВ-анықтайтын жедел-тесттерді енгізу жоспарлануда. АИТВ-ға тексерілу – тегін.

 

– Емделу барысы жайлы да түсіндіріп берсеңіз.

 

– Емдеу ретровирусқа қарсы таблеткалармен (нәрестелерге сұйық сироп түрінде) жүргізіледі. Таблеткалар тәулігіне 1 немесе 2 рет қабылданады, пациентке 1 айға жеткілікті мөлшерде босатылады. Қазақстанда ретровирусқа қарсы терапия 2005-жылы енгізілген, облысымызда осы емді 10 жылдан астам қабылдап жүрген пациенттер бар. Емнің тиімділігінің мысалы: облысымызда 2006-2007-жылдары медициналық ұйымдарда балаларға АИТВ-инфекциясы жұқтырылғаны белгілі. Ретровирусқа қарсы ем нәтижесінде сол балалардың алды ержетті, қыздар бойжетті, 2 ұл бала үйленді, 2 бойжеткен тұрмысқа шықты. Осы төрт жанұяда 6 нәресте дүниеге келді. Нәрестелер вирустан дін-аман.

 

АИТВ-инфекциясы әлеуметтік маңызы бар аурулар тобына жатқызылған, яғни мұндай пациенттерге медициналық көмек тегін жүргізіледі. 

 

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет.

Сұхбатасқан – Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ