Спорттың қатерлі жағы да бар

03.12.2018
Қаралды: 176

Спортпен шұғылданамын деген кісіге бүгінде мүмкіндік мол. Бірақ мамандар спорттың адам ағзасына қауіпті жақтары да бар екенін ескртуде. Яғни ағзаға артық салмақ түсіретін спорт түрлерінің зияны, өмірге қаупі бар.

 

Әсіресе жан қинайтын жаттығулар мен жарыстар бірінен кейін бірі жалғасып жатса қауіпті. Өйткені мұндайда ағзада токсиндер көп жиналады, уақтылы сыртқа шығарылмайды, сондықтан оны улайды. Мұның соңы түрлі дертке, жарақаттар алуға, тіпті өлімге соқтыруы да мүмкін. Әсіресе жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі жұмыстың бұзылуы қауіпті. Статистика бойынша кәсіпқой спортшылардың өмір жасы мен денсаулық күйі орташадан төмен болып келеді екен.

 

Бұл спортпен айналысуға болмайды деген сөз емес. Спортпен айналысуға болады, тек ағзаға тым жиі артық салмақ салмау керек.

 

Жалпы, адам ағзасына токсиндер түрлі жолдармен түседі. Дегенмен қалыпты жағдайда ол түрлі органдардың жұмысы арқылы залалсыздандырылып, сыртқа шығарылады. Ал спортшы ауыр жаттығуларды жиі жасаған кезде ағзадағы зат алмасуы жылдам жүріп, бөлінген улы заттар уақтылы сыртқа шығарылмай қалады. Содан олар ағзаны ақырындап улай береді. Алғашында бұл созылмалы шаршау, үнемі ширығып жүру, салмақтың азаюы, сосын сүйек сынуы, байланыстырушы ұлпалардың үзілуі, жарылуы, буындардың шығуы, невроз, депрессия арқылы білінеді. Ең қатерлісі – жүрек-қан тамырларының жұмысы бұзылып, адам кенеттен өліп кетуі де мүмкін. Спорт тарихында мұндай оқиғалар көп бол­ған, бүгінгі күндері де болып жатыр. Әсіресе спортпен айналысатын 39-55 және 40-60 жастағы ерлер мен әйелдерде бұл өте қауіпті дейді мамандар.

 

Жалпы спортшылар арасындағы кенеттен болған өлімнің нақты себебін дәл анықтау қиын. Ол кенеттен туындаған аритмия, құрысып-тартылып қалудан, миокард бүлінуінен, жүрек бұлшық етінің қабынуынан, жүрек құлақшаларының істен шығуы, жүректің ишемиялық бүлінуі, жүрек жетіспеушілігі сияқты қалыпсыздықтардан туындауы мүмкін. Әсіресе жүгіру, футбол, хоккей сияқты ағзаға көп салмақ түсіретін спорт түрімен айналысқандар мұндай қатерге ұрынбас үшін, біріншіден кардиологиялық тексеруден өтіп тұрғаны абзал. Ауырып жүрген кезде спортпен айналысуға болмайды. Жарысқа, жаттығуға сырқаттан айыққасын 2-3 аптадан соң ғана қатысқан дұрыс. Әсіресе жұқпалы вирустық дерттен айыққан күннің өзінде миокардит (жүрек бұлшық етінің қабынуы), аортит, коронаркт (жүрек тамырларының қабынуы) қаупі сейілмейді, ол миокардтың жиырылу қабілетін, оның қанмен қамтылуын төмендетеді, жүрек жетіспеушілігіне соқтыруы, аритмияға ұрындыруы мүмкін. Тағы бір қауіптілігі, мұндай қалыпсыздықтар білдірмей дамуы мүмкін.

 

Осындай қауіптерден сақтану үшін кешенді тестілеуден өту артықтық етпейді. Қанның жалпы және биохимиялық сынамасын тапсыру керек. Диагностикалық салмақ тестін тапсырған, эхокардиографиядан өткен жөн. Ол жүрекке түсетін салмақтың мүмкіндік шегін анықтап береді.

 

Сондай-ақ ультрадыбыстық ангиосканерлеуден өткен дұрыс. Ол тамыр ішіндегі кедергілерге дейін анықтайды. Аневризмді (тамырдың қабырғасы жұқара отырып кеңеюі немесе онда қақ (тромб) тұруы) де осындай тексеру арқылы анықтайды. Ал бұлардың спортпен айналысу кезінде кенеттен туындайтын аса ауыр жағдайға себепкер болуы әбден мүмкін.

 

Кез келген физикалық белсенділік жүрек жиырылуын жиілетеді, артериялық қан қысымын арттырады. Ағзаға тым артық салмақ сала берсе, кенеттен көтерілген қан қысымы гипертониялық кризге ұрындыру қаупі жоғары. Мұндайда бас айналады, адам талып қалуы мүмкін. Оның инсульт, инфарктке ұрындыру қаупі де жоғары.

 

Сол сияқты, ауыр салмақ көтеретін спортшылар да жиі тексеріліп тұрғаны жөн. Әсіресе кей-кейде белі ауыратындар магнитті-рехонанстық томографиядан өткені дұрыс. Ол қабыну процестері, ісік, жарық пайда болса, оны анықтауға мүмкіндік береді.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ